Сымбатты, тартымды, дарынды және бай. Голливуд актерлерін сипаттағанда ең бірінші осы сөздер есімізге келеді. Кез келген қыздың жүрегін жаулап алу, олар үшін еш қиындығы жоқтай көрінеді. Әлемнің көп аруы олар жайлы армандайды, бірақ ең әдемі, ең танымал деген сұлулар да олардың жүрегіне жол таба алмай әлек. Әлемнің ең сымбатты актерлерінің сүр бойдақ мәртебесімен қоштасуға асықпайтынына не себеп?
Бүкіл ғұмырын киноға арнаған Голливуд жұлдызы Аль Пачино ешқашан некеге тұрған емес. «Ұзақ жылға созылған мансабымның арқасында жеке өмірімнен қашып жүрдім», - депті актер бір сұхбатында. Жүздеген қысқа, ыстық-суығы тез басылатын қарым-қатынастың арқасында ол шынымен жеке өмірінен қашып жүрді. Кем дегенде үш рет Аль Пачиноның үйленуге мүмкіндігі бар еді, бірақ ол үш баланың әкесі атануға мүмкіндікті алып, үйленуге шешім қабылдай алмады. «Мен ешқашан үйленбейтін шығармын. Жалпы оның не қажеті бар? Біреу үшін әдеттерімнен бас тартқым келмейді. Мен сүрбойдақ болып қала беремін!», - деген екен актер.
Биыл 45 жасын атап өтетін актер Джерард Батлер үйленуге әлі дайын емес екенін мәлімдеген екен. Ол өзін әлі бала сезінетінін және жауапкершілік жүктемейтін жеңіл қарым-қатынасты қалайтынын айтыпты. «Мен өзімді әлі бала сезінемін. Түрім кәрі көрінгенімен, жаным әлі жас. Үйлену міндетті емес қой. Қарым-қатынастың маңыздылығы жоғары, мен өмір ағымымен келе жатырмын және әр сәтте өз орнымдамын деп ойлаймын», - деп ағынан жарылыпты Батлер. Алайда болашақта үйленіп қалуы да мүмкін екенін жасырмайды. «Мен болашақта үйленіп, отбасылы болғым келеді, бірақ бәрінің өз уақыты бар. Бәріне дайын болу керек», - дейді актер.
Өмірін киноға арнап, жеке өмірін екінші планға ысырып қойған актерлердің бірі – Леонардо ди Каприо. Жастайынан біраз қыздың жүрегін жаулап, әлемге танымал Жизель Бюндхен, Бар Рафаэли сынды модельдермен сайран құрса да, Леонардо өміріндегі маңызды шешімді қабылдай алмай келеді. Күтуден шаршаған сұлулар актердің фильмдерімен жалғыз қалуына, әрі қарай шыңдарды бағындыруына кедергі келтірмеген.
Голливудтың сымбатты әрі тартымды актерлерінің бірі Джош Хартнетті үйленбеген деп кім ойлаған? Осы уақытқа дейін Скарлетт Йохансон сынды өзі сияқты танымал, тартымды бойжеткендердің жүрегін жаулай алса да, ешқайсының саусағына неке сақинасын тағуға асықпаған. Жалпы, білетіндер, оның отбасылы болудан гөрі, қысқа романдар мен шытырмандарға құмар екенін айтады.
2012 жылы Джонни Депп ұлы мен қызының анасы Ванесса Парадимен айырылысқаны жайлы мәлімдеді. 50-ді алқымдаған актер 15 жыл бойы балаларының анасымен азаматтық некеде тұрып келген екен. Және сұхбаттарының бірінде ешқашан үйленбейтінін айтыпты. Бәлкім, актердің бір шешімге келе алмауы Ванесса Парадидің шыдамын тауысқан болар.
Сымбатты актер Джейк Джилленхол отыздан асқанға дейін Кристен Данст, Риз Уизерспун, Натали Портман сынды Голливудтың беделді актрисаларымен және Дженни Льюис, Тейлор Свифттей дарынды әншілермен махаббат құрып үлгерген. Актердің талғамы жоғары болғанымен, сезімге келгенде «көтере алмайтын қылышты беліне байлап алатын» әдеті бар ма, әйтеуір жеке өмірде бағы жанбай келеді.
Голливуд боевиктерінің жұлдызы және көп қыздың арманы Джейсон Стэтхэм жеті жыл бойы модель, актриса Келли Брукпен кездесіп жүрген. Алайда, Келлиді бұл мәртебе қанағаттандырмаса керек, кейін ол өз бақытын басқа жақтан іздеуге кірісіп, Джейсонмен ара-қатынасын үзген. Одан кейін Джейсонның қасынан папарацци басқа да сұлуларды кездестіргенімен Джейсон «сүр бойдақ» мәртебесінен жақын болашақта айырылмайтын көрінеді.
Сегіз қырлы, бір сырлы актер Джаред Лето қырықтан асса да жүрегін жаулап, неке ант суын ішкізетін аруды жолықтырмай келеді. Камерон Диас, Скарлет Йохансон, Перис Хилтон сынды дарынды актрисалармен махаббат құрып көрсе де, отбасылы болу үшін актрисамен үйленуді оңтайлы шешім деп таппаса керек.
Көздері күлімдеп тұратын актер Джеймс Франко да сүр бойдақтар қатарында. Басқа жұлдыздарға қарағанда ол жастық ғұмырын қыз-қырғынмен сайран құру үшін емес, білім алуға жұмсапты. Актердің өмірбаянында 2006-2011 жылдар аралығында Анна О’Райли есімді актрисамен қарым-қатынаста болғаны ғана атап өтіледі. Басқа кездері Джеймстың киноға түсуден, сурет салудан, оқудан қолы босамайды.
Сурет: vev.ru
Автор: Анар Мұстафина