Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Генерал Ертаев» фильмін түсірді.
Деректі фильмнің сценарийін Болат Жетекбай мен Сатыбалды Текеев жазған, ал қоюшы-режисері белгілі документалист Сатыбалды Текеев. Экрандық туындының сәтті шығуына себепші тұлғаның бірі – оператор Николай Райсов.
"Генерал Ертаев" фильмі Астанада өткен "Қазақ киносының апталығы" шеңберінде көрсетілген болатын.
Фильмде Бақытжан Ертаевтың бала кезінен бергі өмірі баяндалады. Оның жетімдікте, қиындықтағы өмірі, әскери училищедегі жылдары, кейіннен ауған соғысына қатысқаны – барлығы да осы деректі фильмде көрініс алған. Ауған соғысының кадрлары, Сатыбалды Текеевтің айтуы бойынша, мемлекеттік мұрағаттан алынған.
Фильм түсірілімдері өткен жылдың 15 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесімен қатар келген екен. Ал 22-23 ақпан күндері Алматы қаласында таныстырылымы өтетіні белгілі болды.
Сатыбалды Текеев, белгілі документалист:
- Біз атақты генералды көзінің тірісінде ұрпаққа үлгі етіп көрсеттік. Мемлекеттің қолдауымен түсірілген деректі фильмде бұл кісінің дара адам екенін, батылдығын білдік. Түсірілімдер де өз аузынан айтылған әңгіме бойынша қойылды. Үлкен генералмен жұмыс жасау қиын болды, дегенмен халыққа жақсы дүние ұсына алдық деп ойлаймын. Бұған дейін «Бекзат», «Азиада» деректі фильмдерін түсірсем, ендігіде «Жас тұлпар» ұйымының 50 жылдығына байланысты тағы бір деректі фильм дайындау жоспарда тұр.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: «Қазақфильм» киностудиясы