- Негізгі бет
- Тұлға
- Гавайда туып, талайға...
Гавайда туып, талайға жеткен ән
Гавай жерінде туылып, талай жерге аты жайылған Израэль туралы айтқым келіп отыр. Мен оның киноға жол тартқан әндерін, АҚШ-та миллион данамен тараған ән пластинкаларын және өнерде жүріп өткен жолын айтқым келмейді. Мен оның таза адамдық болмысын, шынайы дауысын, даналыққа тән балалық қылығын айтқым келеді.
Бар-жоғы 38 жасында семіздік тарту еткен аурудан көз жұмғанмен, ең үздік әндердің арқасында талай гавайлықтың жүрегіне жол тарта білді. Бала болып ес жинап, етек жапқалы ұлттық гитарада (укулеле) ән шырқап, туған бауыры мен бірнеше достарымен бас қоса отырып өзінің жеке тобын құрды. Ә дегеннен-ақ бес бірдей альбомды жарық дүниеге әкеліп, өнер дейтін ұлы жолға ат ізін салды.
Күнде Макуа жағалауына келіп ән шырқап, таудай зор болмысымен көкжиекке қарап отыратын. Ол өз елінің қашан бостандыққа жетерін, қалай теңдікте боларын ойлап, мыңдаған гавайлықтың жүзіне тесіле қараушы еді. Ол сол бір үміт отын іздейтін. Және жүректе бұғып жатқан шырақты маздату мақсатында төрт ішекті гитараны алып, төрткүл дүниені әнге қосып сала беруші еді...
Жағалауға келген жан баласымен түн ұзаққа дейін әңгіме айтып, сыр шертісетін. Жатырқауы, жатсынуы жоқ шын пейілмен, алғаусыз ақ ниетпен адалдықтың жыршысы еді...
Израэль Камакавиво’оленің «Somewhere Over The Rainbow» пен «What A Wonderful World» атты классикалық әндерге жазған попурриі (түрлі музыка шығармаларының үзіндісінен құралған музыкалық шығарма) әр жанның жүрегінде мәңгі қала бермек.
Естелік: белгісіз бір гавайлық шалдан
сурет:mihai-sma.blogspot.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Л. Лига