Тұңғыштар тарих үшін қашанда бағалы. Оларды іздейтініміз де, қадірлейтініміз де сондықтан. Алғашқы мықтыларды ешкім алмастыра алмайды. Театры да, театр өнеріне баулитын оқу орны да жоқ кезеңде табиғи тұма таланттардың күшімен тақыр жерден театр жасағандардың бір өкілі Хабиба Елебекова биыл 100-ге келіп отыр. Жалаң аяқ жар, қызыл асық қар кешіп жүріп, алғашқы театрды ұйымдастырушылардың ортасынан табылды.
Аңызға айналған алыптардың иісі, сол заманның тынысы сезіле ме деген ниетпен талай жақсының табаны тиген шаңырағына жүздің жүзін көріп отырған ғасырмен құрдас апамызға сәлем бере бардық. Қонаев көшесінде орналасқан үйге жақындай беріп қабырғасына ілінген тақтайшаға көз салдық. Жүсіпбек Елебековке арнап орнатылыпты. Қабырғадағы жазуды оқып тұрып, «Қайран, Жүсекем» деген Хабиба апамыздың естелік кітабындағы осы үйді алу тарихын еске алдық. Сапарғали Бегалиннің үйінен Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек аға мен Хабиба апа бірге қонақтан қайтып келе жатқанда, құрылысы жүріп жатқан тап осы үйдің тұсына келгенде, Мұхаң: «Абайдың тұқымдарының біріне осы үйден пәтер алып беремін», деп қалады. Пеш жағып, күл шығарып, даладан су тасып шаршап жүрген Хабиба апа: «Мұха-ау, біз пақырды да есіңізге алсаңызшы», дейді. Көзінен жас аққанша күлген М.Әуезов: «Пәлі, мына Хабибаны қара! Қандай жақсы сөз тауып айтты. «Біз пақырды» дейді. Ауызға түсе бермейтін сөз ғой, түртіп алу керек екен», – деп балаша мәз болыпты. Жақсылардың шарапатымен қол жеткізген бұл үй Жүсіпбек Елебеков пен Хабиба апаның 42 жыл қатар өмір сүрген құтты қонысы ғана емес, өнер адамдарының бас қосатын бағаналы ордасы да болған. Екеуі қазақ өнерінің қара шаңырағы саналған қос театрдың артистері болса да, бір-біріне ең алдымен өнер адамы деп қарап, жан дүниесін түсінген сезімтал жар бола білді.
«Спектакль» дегенді «ойын» дейтін «тар жол, тайғақ кешу» жылдарында әртүрлі келісімсіз кейіпкерлерді ойнап, алғашқы толқынның легінде кейінгілерге із сала ілгері ұмтылған Қарақбай қарттың Хабиба қызы тарамыс қолдарына іліккен шашын жандәрмен жаулықпен бүркей жатып қарсы алды. Көктемде ғана жүзжылдық мерейтойын салтанатпен атап өткенде, сахнада саңқылдап, Мағжанның өлеңдерін жатқа оқып жұртты таңғалдырған. Алашшыл ақынның аты ақтаңдақтан аршылып алынғаннан кейінгі жылдарда М.Әуезов атындағы драма театрындағы артистердің үйінде той-томалақ, қонақтар бола қалса, Хадиша Бөкеева мен Хабиба апамыз Мағжан өлеңдерін жарысып оқудан жалықпайтын көрінеді. Хабиба апа Мағжанның 40-тан астам өлеңін жатқа оқыған екен. Адам темір емес, жады ескіреді. Дегенмен, өнермен байланысты өмір сүргенінен болар, тағдырдың түрлі теперіші ақкөңіл, жайдары мінезіне кіреуке түсіре алмаған. Қуанышты тойдың ортасында отырғандай шалқыған пейілмен әңгімесін бастады.
– Ол уақытта сұрапыл ашаршылық болды. Қарақбай әкемнің ұлдары шақалақ кездерінен шетіней беріпті. Төрт қызының кенжесімін. Көз алдымда Күләнда деген апам өлді. Одан Мәскеуге Бүкілодақтық кеңестер съезіне қатысып, ән салған Дәлила деген апам кетті. Мәскеуге бірінші болып домбыраның үнін естірткен менің осы Дәлила әпкем екен. Халила деген әпкем де ашаршылықтың құрбаны болды. Бәрі де көз алдымда кетті. Жалғыз өзім қалдым. Қазақтың сондай күні көп болған. Білмейсіңдер, ол уақытта да ешкімді ешкім білмеген. Кім не айтса, соның ізінен ілесіп кете барды. Жазушы болсаңдар, шындықты жазыңдар. Алдыңғы бетпен кете бермеңдер. Шындық кейінгі ұрпақтың тағдырын жасайды, – деп бір қойды апай.
Осы жерде әңгімеге Хабиба апаның сіңлісіндей болып кеткен күтушісі Рахима араласты. «Осы үйде, апамның жанында жүргеніме он жылдан асты. Апам айтады, жаңадан тұрмыс құрған кезімде, әпкелерімнің өмірден түк қызық көре алмай кеткендерін, өзімнің жалғыздығым есіме түсіп жылап отыратын едім. Жүсекең: «Неге жылайсың?» деп сұрайды. «Әкем де, шешем де, бауырларым да, туыс-туғаным да жоқ тас жетіммін, жалғызбын», деп одан әрі еңіреймін. Жүсекең жылап отырған жерімнен көтеріп алып, мойнына салып: «Сені жалғыз деп кім айтты. Сенің әкең де, шешең де, бауырың да мен емеспін бе? Бұдан былай мұндай сөзді естімейтін болайын», деп өле-өлгенінше өзінен бір мүшел кіші менің қабағыма кірбің түсірмей өтті».
Хабиба апаның бар өмірі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрмен тығыз байланысты. Бірақ апамыздың сахнадағы рөлін көргендердің көзі кетті, кейінгі жас буын өнерінен хабарсыз. Өйткені, Хабиба апа жарты ғасыр бұрын, сонау 1970-жылдары-ақ театрмен қош айтысқан екен. Театр мұражайындағы актриса туралы мәліметтермен толық танысып шықтық. Театр сахнасындағы алғашқы рөлі «Арқалық батырдағы» Қаракөзден бастап, «Қарақыпшақ Қобыландыда» – Күнікей, «Қаракөзде» – Текті мен Мөржан, «Абайда» – Қаныкей, Ажар, «Ақсүйектерде» – сопы әйел, «Абай-Әйгерімде» – Ұлжан, «Марабайда» – Мәрияш, «Аманкелдіде» – Ақжан, «Таныс адамдарда» – Рабиға, «Майданда» – Мамық, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Мақпал, «Достық пен махаббатта» – Баян, «Кебенек киген аруларда» – тұтқын әйел, «Таланттар мен табынушыларда» – Домна Андреевна, «Күйеуде» – Зұмрат, «Досымның үйленуінде» Айғаным болып, бәйшешек бойжеткен, бекзат бике, аяулы аналардың біріне бірі ұқсамайтын сан түрлі бейнелерін жасаған екен. «Абай» драмасындағы Қаныкейді 20 жасында ойнаған Хабиба апа сексенінде де сол бейнені сахнада жарқыратқан. Алпыс жыл бойы әр шыққан сайын рөлін күрделендіріп, байытып отырған, бұл шебердің ғана қолынан келеді. Жүзге жетеғабыл жасында «Біржан сал» фильміне түсіп, қолына қамшысын алып, атқа мініп, жұртты тағы таңғалдырды.
– Ол уақытта театр жоқ, құрайын десе, адам жоқ. Адам жинамақ болып, бір топ артист ел аралап жолға шығады. Серке ағай алғаш мені көргенде, бар болғаны 14 жаста ғана екенмін. «Менің айтқанымды істейсің, қабылдаймыз ба, жоқ па, содан кейін көреміз» деді Серке аға. Сондағы Серке ағаның тапсырмасы мынау еді. Күн қатты суық. Мойныңда иінағашың бар. Су алуға келдің. Келсең, судың басы тайғанақ. Су алмаққа еңкейе бергенде, шелегің түсіп кетеді де, ала алмай қиналып тұрасың. Әупіріммен суыңды алып, шелектеріңді иінағашқа салмақ боласың, осыны жақсылап көрсетсең, біз сені театрға аламыз, деді. Үй шаруасына пісіп өскен бізге сол да сөз бе? Айтқан этюдін көрсетіп, ырғатыла басып шығып кетіп ем, Қаллеки мен Серке аға қол соғып жіберді.
Сөйтіп, кейінгі қайтып келген сапарында Қалибек Қуанышбаев 16 жастағы Хабибаны отызға келіп қалған Жүсіпбек ағамызға ыңғайлайды. Жас қыз көнгісі келмейді. Бірақ қалай да үлкен қалаға баруды армандаған бойжеткен ішіне өз есебін жасырып, бұларға ілесіп алып, жетіп алған соң қарасын батырып қашып кетпек болады. Алайда, аумалы-төкпелі заманда жетім қыздың ертеңіне алаңдаған естияр құрбысы: «Бұдан артық адамды таппайсың, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, тоқшылықта өмір сүресің», деген соң, бұл сөзді де дұрыс көріп, Жүсіпбек Елебековпен бас құрауға келіседі.
Ширек ғасыр бұрынғы зиялылардың барлығының үйінде тұратын сүйегі асыл ескі жиһаздарға көз тоқтатып қарап отырғанымды байқап қалған апа: «Менің Дариға деген қызым, Ақан, Біржан, Естай деген ұлдарым болды. Ақан мен Біржан қайтты. Балаларым жақсы еді, алтын еді. Ақаным жақсы қызмет істеді. Бірде осы балам: «Мама, біздің үйдің келімді-кетімді кісісі көп қой. Жұтап отырмай, үйге жиһаз алайықшы», деп мынау орындықтарды, анау шкафты әкеліп беріп еді. Үйге кісі келгенде, Ақанымның сол айтқаны әруақытта есіме түседі. Бірде Ақан: «Тез кел», деп Естайға телефон шалыпты. «Мен о дүниеге аттанғалы жатырмын. Қош айтысып қалайын», дейді. Естай бірден: «Ойбай, мамамды алып келейін», депті. «Жоқ, мамамды мазалама. Менің үзілгенімді көрмесін», депті. Өліп бара жатып, мені ойлаған жүрегінен айналайын алтынымның».
Балаларын еске алып, көңілі босап отырып та, Хабиба апа дастарқан басында бірнеше ән салды. Ғұмырының ұзақ болып отырғаны да өмірге деген құштарлығынан, жайдары мінезінің жайсаңдығынан болар деп түйдік. Шөбересі болып келетін дәстүрлі әннің жас орындаушысы Әліби Бегайдар әжесін домбырамен сүйемелдеп отыр. Хабиба апа үлкен жүректен шыққан әннің төресі – «Гауһартастан» бастап, әуелеп көкке самғайтын махаббаттың ғажап әні «Аққұмды», Абайдың толғанысынан туған «Сегізаяқты» шырқап берді. Сөзінен жаңылмады. Жарықшақтанса да, дауысының әуезі әлі жоғалмаған. Әкесі жиын-тойдан қалдырмай, үш жасынан ән үйретіп, 300-ден артық ән білген Жүсіпбек Елебековтің жанында жарты ғасыр жар болып жүріп, құлағы мен жанына сіңген ән ақыр соңында өзіне айналып кеткендей. Сөйтіп отырып: «Қай жерге барса да, Жүсекеңнің өзінен бұрын, алдымен домбырасы кіретін», деп мәз болады. Арқа әншілері ғана ұстаған қашаған пернелі қалақ домбыраның құдіретін айтып тамсанып қойды. «Қазақтың жақсы әндері бар. Әннің бағын әнші ашады. Әнді түсініп айтсаң ғана басқаның жүрегіне жетеді. Сөзге мән бермей, әннің ырғағымен кетсе, ол – әннің өлгені. Қазақ болып тудың ба, қазақ болып өл. Балаларыңды әлпештей отырып, қазақтың жақсы дәстүріне үйретіңдер. Бастығы күйеуі болғанымен, баланы бағатын әйел. Отбасының ақырғы тағдырын әйелдің ниеті мен пейілі шешеді», дегенде, затың әйел болған соң ба, аңыз-ананың салмақтап айтқан сөзі жүректі шым еткізді.
Қарақбай әкесі бас сұғып, шаруа айтуға келген бөтен адамның өзіне қой сойып, қондырмай жібермейтін қонақжай кісі болыпты. Қонақ келмесе, өз қойын өзі сойып, өз үйіне өзі қонақ болып отырады екен. Оның үстіне, Жүсіпбектей жүрген жерін ән жәрмеңкесіне айналдыратын саңлақ әншінің жары болғаны қосылып, апамыздың кеңпейіл меймандостығы сүтпен еніп, сүйекке кеткен мінезі сияқты көрінді.
– Балқаймақ бар ма?– деді Хабиба апа Рахима қызына. – Сал балаларға. Баяғыда балқаймақ жасайтын едім. Сиыр сауып алғаннан кейін түн асқан сүттің бетіне кереқарыс болып кілегей түседі. Қалқып алып, жай отқа қойып, сақырлатып қайнатпай, баппен шымырлата отырып, суалған кезде аз ғана қант салып жібересің. Әбден қоюлана бастағанда жылт-жылт етіп бетіне майы шығады, сол кезде оттан ала қоясың. Тәтті, жегенде дәмі тіл үйіреді. Жеңдер. Қайран Жүсекеме балқаймақсыз шай бермеуші едім.
Ол рас. Қас-қабағын бағып, жар күтудегі айрықша қамқорлығын театрдағылар әлі күнге жыр ғып айтады. Жүз жылдығы тойланып жатқанда, өнердегі ізбасар бауыры, Қазақстанның халық артисі, өзі де 80-ге келген абыз артист Сәбит Оразбаевтан Хабиба апаның театрда өткен жас күні туралы сұрадық. Жақсылар туралы естелік айтудан жалықпайтын Сәбит аға тосылмастан, табан астында апасы туралы әңгімелей жөнелді. «Хабиба апа – біз үшін үлкен актриса. Жиналыс бола қалса, Сәбира Майқанова, Бикен Римова апаларым театрдағы тәртіп, ар-ұят туралы көбірек айтса, Хабиба апамның әңгімесі бөлек еді. Шежіре адам, бізге, жас артистерге ескіліктің әңгімесін көп айтатын. Тік сөйлейтін мінезділігі де бар. Менің анам қолымда, Алматыда тұрды, жүз жасқа таяп қайтыс болды. Қартайғанына қарамастан, Асанәлі Әшімовтің анасы екеуі біз ойнаған спектакльдерден қалмайтын. Хабиба апам да ол кісілерді көріп жүретін. Біздің демалыс күндері Абылайхан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы шырын-су сататын дүңгіршектен сусын ішетініміз бар еді. Байқамаған екем, отбасымызбен серуендеп шыққан сондай бір күні Хабиба апам, Бикен апам, Жамал Омарова, Шолпан Жандарбекова бізді сонадайдан қызықтап қарап тұр екен. Хабиба апамның: «Көрмейсіңдер ме, біздің жас артисіміз балаларына да, анасына да сусын беріп, көңілін тауып жүр», деп сөйлеп жатқанын естіп тұрмын. Келіп, анаммен амандасты. Кейін менің шешем төсек тартып жатып қалды. Өзім шешеммен қатты қалжыңдасатын едім. 97 жасқа қараған шешеме: «Мынау молдалар 97 деген не әрі емес, не бері емес деп жатыр, 100-ге келіп қайтты деп шығарса, дұрыс болатын шығар», деймін қалжыңдап. Жарықтықтың тілінің уыты бар еді. «Әй, мен өлгеннен кейін қанша қоссаң сонша қос, онда менің шаруам жоқ» дегені. Соны естіп, Хабиба апамның ішек-сілесі қатып күледі. «Ауылдан келген ағайынның бірі келіп баққанда, жүзден асатын екен ғой. Мынандай патшаның сарайындай үйде тұрып қалай өлтіріп алғансыңдар» деп «өкпесін» айтып жатыр. Апамды қара жердің қойнына тапсырып, жерлеу рәсімінің барлық ырымын атқарып болып, ағайын-туыс үйде отырған едік. Фарида Шәріпова телефон шалды. «Әй, Сәбит, апамның киген ескі көйлектерінен біреуі қалып па еді? Сәбира апам мен Хабиба апам: «Сол кісінің жасын берсін», деп ырымдап, тәбәрік аламыз деп жатыр», деді. Сәулеге айтып едім, апамның жап-жаңа ақ көйлегін шығарды. Содан апаларым келді де, Сәбира Майқанова қолындағы дәу қара қайшысымен ақ көйлектің парша-паршасын шығарып кесіп тастады. Бір бөлігін Фаридаға берді, Шолпанға берді, өзі алды, неге екенін білмеймін, Хабиба апама бермеді. Хабиба апам да қарап қалмады, келді де қолын көсіп жіберіп, олардың қолындағыға қарағанда, әлдеқайда үлкендеу біреуін іліп алып, бетін сүртті. Сәбира апам жақтырмағандай: «Е-е-е, немене, бізден де ұзақ өмір сүргелі жүрсің бе?» деді. Қазірге дейін апамның халін сұраған кезде, сол оқиғаны еске алып: «Сәбитжан, есіңде ме, аналар құртақандай-құртақандай құрақ алғанда, мен сол көйлектің жартысына жуығын алып едім. Содан болар, жүзге келдім», дейді. Менің жас күнімде ермек еткен тігіншілік өнерім де бар ғой. Өзімнің дайын үлгім бар. Үлкен болса, 2 см қысқарта саламын, кіші болса, 2 см ұзарта қоямын. Бірде Жүсіпбек ағаның Біржан деген баласына да бір жейде тігіп бердім. Хабиба апам соны әлі күнге айтып отырады. «Рахмет саған, Сәбитжан. Біржаным сол жейдеңді ұнатып киетін еді» дейді. «Төңірегімдегілердің бәріне бір-бір көйлектен тігіп бердім. Бірақ сіз сияқты рахмет айтқан бірі жоқ» деймін мен де күліп. Әкесі халық жауы болып, ет жақындары көз алдында қырылып, Хабиба апам жас күнінде қиындықты көп көрсе де, кейін Жүсекеңнің арқасында ешнәрседен тарықпай, ерінің бабын жасап, еркелеп өмір сүрді», деген еді Сәбит аға өз әңгімесінде.
Өнер адамын өмір өсіреді. Өнерге бір күнде киімшең келе салған адам емес, жақсылардың жәрдемімен, өзінің талабымен қиындық атаулыны қақ жарып қатарға қосылған Хабиба апаның ендігі ермегі өткенін елжіреп еске алу ғана. «Өнердің ғана емес, адамгершіліктің де академигі» атанған Жүсіпбек Елебековтің шаңырағының отын сөндірмей, шырағын жағып отырған ғасырмен құрдас ана барғанның бәріне ғибратты батасын беріп шығарып салуды дағдысына айналдырған. Тағдыр жолының ұзын болуына сол тәбәрік әсер етті ме, алпыс аунап, жүз төңкерілген дүниенің ащы-тұщысын түгел көрсе де, хатқа толы кеуде жаман-жасық жинамай, жақсы сөзбен байытыла беріпті. Сәт сайын ақтарылатын ақ бата соны аңғартты. Бір кездері шаңырағынан кісі үзілмей, у-ду болып, өнердегі өресі биіктің бәрін де құшақ жая қарсы алған берекелі шаңыраққа бүгінде тыныштық берік бекініп алған. Аулаға шықтық. Мұнда да тып-тыныш. Тас қамалға тығылса да, етектей ел екен ол кезде: Қапан Бадыров, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Кәукен Кенжетаев, құдай қосқан көршілері еді. Бұл үйдегі белгілі адамдардың көзіндей болған Бибігүл Төлегенова да осыдан бес жыл бұрын басқа жаққа қоныс аударыпты. Ескі жұртты, қара орманды күзетіп Хабиба апа отыр. Ғасыр басындағы елең-алаң, қуғын-сүргін, ақ қар-көк мұз, содан кейін алмасқан жарқ-жұрқ еткен мамыражай мақпал өмірінің бүгінгі мағынасы «Балаларымыз бақытты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деген бір ауыз батадан түйінін тауыпты. Бата адамның көңілін өсіреді, ел мен жерге шапағаты тиеді. Ақ әженің айтқаны келсін!
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"