Қадірлі оқырман, осыдан бірнеше күн бұрын "16 жасыма хат" жобасының басталғанын хабарлаған едік. Бүгін сіздерге "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының, "Алтын Жұлдыз" сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаштың хатын ұсынамыз.
Ғалым Боқаш – 1976 жылы 19 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да "Шығыстану-үнді филологиясы" бойынша үздік дипломмен, Оксфорд университетін "Оңтүстік Азия тарихы мен саясаты" бойынша MPhil дәрежесі бойынша тәмәмдаған.
ҚазҰУ-да урду және хинди тілдерінің оқытушысы, "Қазақ әдебиеті" газеті мен "Хабар" агенттігінде шығармашылық қызмет, "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясында шығармашылық және басшылық қызмет, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің кеңесші-уәкілі болып қызмет атқарған.
2010 жылғы сәуір айынан бері "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" корпорациясының қазақ қызметінде онлайн-продюсер.
"16 жасыма хат"
"Сәлем, бозбала Ғалым!
Болашақтан хат жазып отырған – 37-ге толған өзің. Жеке өміріңе қатысты алдыңнан шығатын барша қуаныш пен қиындықты тізіп сақтандыра бергім келмейді - өйткені бәрібір өз қалауыңа сәйкес қимылдайтыныңды білем. Өмірлік тәжірибенің мәні де сол - өз қолыңмен жасаған қателіктен сабақ алып, өз күшіңмен жеткен табысты тиімді етіп жұмсау.
Бірақ құп көретін болсаң, өзіңе айтар бірнеше өтінішім бар.
Бірінші өтінішім - әке-шешеңнің ең бір қиын шешім қабылдайтын кезінде екеуіне бірдей сүйеу бол. Отбасылық және туыстық қарым-қатынаста бірінікі жүз пайыз дұрыс, екіншінікі жүз пайыз теріс, қарама-қарсы екі жақ болмайтынын; бір-біріне байланған көп жақ болатынын ерте түсінуге тырыс. Ол жақтар ажыраған сайын сен де кеми түсесің. Ал ол жақтар жақындай түскен сайын сен де толыға бересің.
Екінші өтінішім - өзіңе жақын болуға ұмтылған барша жақсы жандарды әр алуан жеке дүниетанымдарына қарамастан айнала дос тұт. Бір аңыз бойынша замандастары Ескендір Зұлқарнайыннан оның осыншама табысқа жетуінің сырын сұрапты. Сонда Ескендір айтыпты: "Оның сыры біреу-ақ. Дұшпандарыма әділ болдым, көпшілігі серігіме айналды. Серіктеріме адал болдым, көпшілігі досыма айналды".
Үшінші өтінішім – мамандық таңдаған кезде соңғы сәтте шешіміңді күрт өзгертпе. Сенімсіздік пен "Қазақстанда оқуы жоқ екен" деген сылтауды ысырып тастап, бірден өзің ойлаған шетелдік университетке құжат тапсыр. Бала кезіңнен көкейіңде жүрген арманыңнан айныма. Өзіңе сен, саған болашақтан хат жазып отырған "өзіңе" және сен – астроном болу, сол арқылы көкейіңдегі ең басты сауалыңа жауап табу қолыңнан келеді.
Төртінші өтінішім – екеуміз ғана білетін "бала махаббатың" қалыптастырып кеткен биік идеалды әр бейнеден бір табуға тырысып, өзіңнің де, өзгенің де жүрегін ауыртпа. Қиялыңдағы қыз 27-ге толған кезіңде өзі-ақ ойламаған жерден кезігеді. Сипаттарын жаза алмаймын. Оның қажеті де жоқ. Өйткені ол адамға ешқандай себепсіз ғашық боласың".
Құрметпен, өзің
2013 жылғы қарашаның 3-і