Жыл сайын өткізілетін «Халықтың сүйіктісі» ұлттық жүлдесінің авторы, «Республика-Регион-Развитие» қоғамдық қорының Президенті Ғалым Байтоқпен әңгімелескен едік.
− Сәлеметсіз бе, Ғалым Сембекұлы! «Халықтың сүйіктісі» жүлдесінің идеясы қандай мақсатпен туды?
– Жүлденің басты мақсаты – қоғамымыздағы ең белсенді адамдарды анықтап, марапаттау. Бұл – коммерциялық емес, жеке меншік жүлде. Яғни, ол қаржыландырылмаған, біздің серіктес, достарымыздың және қор қаражатының көмегімен өткізіліп отыратын шара. Қазақстан – дамып келе жатқан үлкен мемлекет, сондықтан бізге жұртқа үлгі болуға лайықты қоғамдық пікір жетекшілері қажет. Сондай-ақ олар саяси аумақта керек деген ойдамын. Себебі халықаралық майданда еліміздің Президенті мен тағы бірнеше кісінің аты ғана белгілі. Сондықтан біз жаңа адамдарды, жаңа таланттарды, жаңа қоғам жетекшілерін анықтап, шығаруымыз керек. Осы қажеттілік идеяның тууына негіз болды. Бұл идея 2011 жылы туды, сол жылы 9 номинацияда марапаттаған едік. Келесі жылы 12, 2013 жылы 15, биыл 17 номинацияда марапаттаймыз. Онымен қоса 6 құрмет жүлдесімен марапаттау рәсімі өтеді.
Қазақстанда біз секілді жеке меншік жүлделер жоқтың қасы. «Алтын Сапа», «Шабыт» тәрізді мемлекеттік жүлделер мен «Жыл таңдауы» секілді коммерциялық жүлделер бар. Ал біздің жоба қоғам аясында деп айтуға болады.
Қазақстанда алғаш рет депутаттарды, мемлекеттік саясаткерлерді, блогшыларды марапаттауды біз бастадық. Сонымен қатар, елімізде бірінші рет үздік фермерді анықтап, марапаттау біздің тарапымыздан болды. Оппозициялық топтар мен партиялардың мүшелерін де марапаттаймыз. Мысалы, өткен жылдары Косарев Владислав Борисович, Қосанов Әміржан сияқты адамдарды марапаттадық. Ең бастысы мақсат – мемлекетке қарсы мінезді адам емес, керісінше, Отанының патриоты болып келетін адамдарды марапаттау арқылы қоғамға таныстыру. Біздің тарапымыздан болған жаңа енгізілімдер баршылық. Оған қоса дауыс беру әдісін атап кетуге болады. Номинацияға жүлдегер таңдау фэйсбук желісінде ашық, демократиялы түрде өтеді.
– Үміткерлер қалай таңдалады?
Осы жылы үміткерлерді тағайындауда өзгеріс енгізілді. Себебі өткен жылы бір номинацияға жүз шақты үміткер болған, оның тең жартысының номинацияға қатысы болмады. Сондықтан бұл жолы қазылар номинацияға лайық, әрі қоғам үшін қызықты деген 10 үміткерді таңдап, тағайындады.
Жалпы марапаттау рәсімі өте қызықты өтетінін айтып өту керек. Жобаның қазақ және орыс тілінде өзіндік әнұраны, былтыр халыққа таныстырған «лайк» пішініндегі ерекше мүсіншесі (статуэтка) бар.
Бұл жылы жүлдені, әдеттегідей, Жаңа жыл қарсаңында табыстаймыз. Мұның себебі, жыл бойы қоғам үшін ерен еңбек еткен адамдар, жыл соңын белгілі бір нәтижемен, табыспен аяқтағаны жөн. Біз, өз алдына, осы тұрғыда ары қарай да эксперимент жасаймыз. Бірінші марапаттаудан кейін жалғасын көп адам күтпеген еді. Алайда, біз, міне төртінші рет өткізгелі отырмыз. Жыл сайын қызығы молайып, нәтижесі қуантып келеді. Биыл смс хат жолдау ұйымдастырғалы тұр. Келесі жылы БАҚ саласында номинация қатарын ұлғайту ойымызда бар. Себебі, бұл сала қарқынды дамып келе жатыр.
– Үміткерлердің үгіт-насихат жүргізуі жайлы не айтасыз?
– Үгіт-насихат барлық жерде кездесетіні бізге мәлім. Ол сіздер, яғни қатысушылардың еркінде, алайда белгілі ережелер мен әдепке сәйкес өткізу керектігін ұмытпауларыңыз керек. Бұл сайлау секілді, мысалы, менің ондай хабарға көзім түсетіндей газет оқуға уақытым жоқ делік, егер маған сайлаудың болатыны жайлы қағаз, шақыру келмесе, мен бармай қаламын. Сондықтан жұрттың назарын аудара білу керек. Ертеректе бұқара сайлауға немқұрайлылық танытқан болса, қазіргі күні интернет қауымдастығында қоғамдық-саяси белсенділік өсіп келеді. Жұртқа қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдауға ат салысудың қажеттілігін дәлелдеуге тырысып жүрген бастамашыл топтар шығып жатыр. Бұны дұрыс деп санаймын және ары қарай да қолдау тауып, дамуы керек. Сондықтан «интернет басылым» номинациясын біз үшінші рет марапаттайын деп отырмыз, себебі, сіздер секілді қызықты интернет басылымдар көп екені мәлім.
– Сөзіңіз аузыңызда, келесі жылы қосылатын номинациялар туралы толығырақ айтып өтсеңіз?
– Иә, жоғарыда айтып өткендей, жоспарымызда бұқаралық ақпарат құралдары саласынан номинациялар санын көбейту бар. Оған қоса, телевизия мен жеке меншік БАҚ-ты қосуымыз мүмкін.
– Сізге Massaget.kz-ті «Халықтың сүйіктісі – 2014» жүлдесінде үміткерлер қатарына қосқаныңыз үшін үлкен алғыс білдіреміз.
– Сіздерді қатысушылар қатарына әлеуметтік желі қолданушылары қосты, ал әлеуметтік желі қолданушылары деп отырғанымыз – халық. Сондықтан сіздер – қоғам алдындағы үміткерсіздер. Жеңуге ат салысыңыздар, сәттілік!
– Әңгімеңізге рақмет! Сізге де сәттілік!
Редакциядан: Естеріңізге сала кетейік, Massaget.kz «Халықтың сүйіктісі – 2014» жүлдесінде «Жалынды интернет басылым» аталымы бойынша бақ сынауда. Осы аталымда дауыс беру үшін мына сілтемеге өтіп, топқа қосылу керек. Одан кейін мына сілтеме арқылы дауыс беруге болады. Дауыс беру тек топқа қосылған кезде ғана қабылданатынын еске саламыз.
Әңгімелескен: Фариза Әбілова
Сурет: Ғалым Байтоқтың жеке мұрағатынан