- Негізгі бет
- Тұлға
- Форд театрындағы драма...
Форд театрындағы драма
Америкалық актер Джон Уилкс Бут Шекспирдің драмалық спектакльдеріндегі рөлдерді шебер сомдайтын болған. Театрдағы рөлдерінен бөлек актер Американың Оңтүстік Штаттар Конфедерациясы басшыларының құпия тапсырмаларын орындап жүрген. Дәл осы Джон Бутқа АҚШ президенті Авраам Линкольнді өлтіру тапсырылған. 1865 жылдың 14 сәуірінде Линкольн Вашингтондағы Форд театрына "Менің америкалық бөлем" комедиясын тамашалауға келеді. Көңілді спектакльдің аяғы ұлттық трагедиямен аяқталады деп ешкім ойламаған еді.
Сол күні театрда бос орын болмады. Жиналған жұрт президент пен оның жақындарын ерекше ықыласпен қарсы алып, көбі шапалақтарын тоқтатпай, балкондағы президентке тамсана қарап тұрған еді. Спектакль де басталды. Қойылым өте көңілді басталды, актерлер барын сала ойнап, жұртты ду күлдіртіп жатты. Киллерге керегі де осы. Ол театрдағы бүкіл бөлмелер мен дәліздерді бес саусағындай жақсы білген. Қойылымның екінші бөлімі басталғанда, Бут АҚШ-тың он алтыншы президенті отырған балконға келіп, есікті ашады...
Авраам Линкольн демалып, сергіп қайтуға келген. Ол өзінің қызметіне қатысы жоқ орындарға көп бара бермейтін. Жұмысына асқан жауапкершілікпен қараған. Қарапайым ортада өскендіктен, қарым-қатынаста да қарапайым болған деседі. Өз ұлтының қамын жейтін еңбек адамдарын қадірлеген. Уақытының көбін кабинетінде резолюция жазуға жұмсап, көп кездесуде маңызды шешімдер қабылдаған. Америкалықтар үшін оның есімі бостандық үшін күрес символына айналды. Ол елдегі құлиеленушілікті тоқтатып, азаматтық соғыс салдарын жоюға тырысты. Линкольн өмірінің соңына дейін өзіне тән идеалистік болмысынан еш айнымады. Президенттің жоғары білімі болмаған. Түрлі мамандықтың басын бір шалып, ақыры адвокат атануға бел байлайды. 1836 жылы адвокаттық қызметке өкілеттік алып, он жылдан кейін АҚШ Конгресінің мүшесі атанады.
1854 жылы республикашылдар партиясы құрылып, Линкольн жаңа партия құрамында болады. Олардың басты мүддесі – жер телімін шаруа иелеріне тегін беріп, құлиеленушілікті тоқтату. Белсенділігі арта бастаған партияның басшысы Авраам Линкольн атанып, президенттік өз кандидатурасын ұсынады. 1861 жылы наурызда сайлауда жеңіп шығып, президенттік өкілеттігін ала салысымен оның жаулары көбейе бастады. Америка оңтүстігіндегі тұрғындар Линкольннің құлиеленушілікке қатысты саясатына қарсы шығады. Олар бүлік шығарып, нәтижесінде 1861-1865 жылдары азаматтық соғыс болды. Линкольн негізгі әскери күшті бүлікшілерге қарсы жіберіп, ақыр соңында жеңіп шығады. Оның бұл жеңісін оңтүсітіктегі құлиеленуші тап кешіре алмады. Көп ұзамай Линкольнге қастандық ұйымдастырылатын болып, актер Джон Бут президентті өлтіруге келісе кетеді. Ол білдіртпей Линкольн отырған орынға келіп, "Оңтүстік кегі үшін, зұлым өлуі тиіс!" деп айқай салып, желкеден оқ атады. Зал дүрлігіп айқай-шу лезде жайылып кетеді. Бут болса қашып үлгеріп, сыртта дайын тұрған атқа отырып қаша жөнеледі.
Екі аптадан кейін ол Виргиния штатындағы сарай ішінде тығылып жатқан жерінде ұсталады. Қоршауға алған полицейлерге берілуге көнбей, шықпай қояды. Сол сәтте сарайды өртеп, Бут қаша жөнелген сәтінде атылады. Кейін қастандық ұйымдастырған сегіз адам ұсталып, төртеуі дарға асылып, төртеуі түрмеге қамалады.
Осылайша, Авраам Линкольн саяси себеппен өлтірілген алғашқы АҚШ президенті болды.
Massaget.kz