Ел ішінде Мұқағали мен Фариза туралы кейде әртүрлі әңгімелер айтылған кездер де болды. Ол — Мұқағалидың Фаризаға арнап жазған «Фариза қыз» өлеңінен кейін өрбіді. Біреулер айтты:
— Фариза мен Мұқағали арасында махаббат болған, — деп…
Келесі біреулер айтты:
— Бұл ақын қарындасының өлеңін және өр мінезін бағалаған Мұқаңның бір сәткі «сезім найзағайы ғой», — деп…
Әлгі екі пікірге кейбіреуі иланды, ал келесі біреулер өршітіп, отқа май құйды. Шынында, осының расы қайсысы еді?
Мен көңіл-дариясы ұшан-теңіз оқырманға Фариза ақынның өз аузымен айтқан мына шындығын өздеріңізге ұсынуды қаламгерлік парызым деп санап отырған жайым бар.
Қазіргі Алматы қаласындағы Желтоқсан мен Мақатаев көшесі қиылысының күнбатыс жағындағы шағын саябақта қазір тұрған ақын ескерткішінің орнында сонау бір замандарда селден қалған 2-3 үлкен қойтас жататын. Ары-бері өткенде сол жерді көрген мен бейбақ : «Шіркін-ай! Өзінің көшесінің бойында, мына дәу тастардың орнында Мұқағали ағамның еңселі ескерткіші тұрар ма еді», — деп армандаймын ғой. Осы ойымды облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істеп жүрген кездің бір сәтті күнінде сол кезде республикалық балалар басылымының бас редакторы Фариза апама айтып қалғаным бар. Ол кісі мен айтқан әлгі орынды шамалағанымен, анық білмейді екен.
— Соны мүмкін болса барып көрейікші, — деді.
Арада бірер күн өткеннен кейін кезінде талай батырлар мен ірі тұлғалардың мүсінін сомдаған ауылдас әрі іні-досым, мүсінші Құрақбай Егізбаевтың ескі көк «Москвичімен» Фариза ақынды Желтоқсан мен Мақатаев көшесінің бойындағы әлгі саябаққа алып бардық. Мен қиялымдағы әлгі арман-ойымды ақын апама бастан-аяқ айтып жатырмын:
— Мына дәу қойтастардың орнында Мұқағали ағамыздың еңселі ескерткіші тұрса шіркін! Облыс әкімі Заманбек Нұрқаділов — ағам болғанымен, маған ол кісінің есігін аттата ма бергі жағындағылар? Сіз батылдық жасап, сол кісіге осы мәселені айтып көрсеңіз қайтеді? Тиісті орындарға ұсынысын айтса, — деймін өтініп.
— Бала! Қиялға бергісіз арманың да, пікірің де орынды. Бірақ, — деді де күлді, – бұрын да ағаң екеуміз жайлы отқа май құйып жүрген мына қазақтар не дейді? Фариза Мұқағалиға ескерткіш қою керек деп жанын салып жүр екен демей ме?… — тағы да күлді.
— Сен ана бауырларыңа түсіндір! Солардың кейбіреулері айтып жүргеніндей, мен — Мұқағалиға, я болмаса, ол — маған ғашық болған емес. Менің жазығым – Мұқаңның шын ақын екенін танып, басымды игенім. Сенің ағаңның жазығы — тағдыры қызық мен секілді жалғызбасты ақын қыздың поэзиясынан үміт күтіп, бағалағаны. Сен өзің қалай қарайсың бұған? — деп өзінің мінезіндегі сынай қарап тұрып, кекесіндеу күлетін келбетіне өткір жанары қосылып, жалт ете қалды…
Әлгі жерден Құрақбайдың есігін жіппен тартып жабатын ескі көк «Москвичімен» редакцияға қарай қайтып келеміз. Манадан бері үндемей отырған Фариза апамыз кенет мырс етіп күлді де:
— Әлгіндей өсектің шығуына ең алдымен ағаңның маған арнаған өлеңі себеп болды-ау деймін. Айтпақшы, өзім де оңбаймын… Редакцияның төменгі қабатында терезеге сүйеніп, қу шараптың әсерінен ауырлаңқырап тұрған Мұқаңа түскі үзіліске бара жатқан жақын таныстарының да қарамағанына, ешкім ол кісіге назар салмағанына намысым келіп, үйіне жеткізейін деген оймен қызмет көлігіме салып алып нем бар еді? Ағаларың қатты шаршаңқы… Үйіне жақындаған сәтте сәл есін жиған ол маған қарай бұрылып:
— Әй бала! — деді. – Шөл қысып барады. Бір шөлмек қызыл алдыршы, — деген соң орыс шопырды жұмсап, тапсырмасын орындадым. Үйінің алдына келген соң, жүргізушіме «ана кісіні үйге кіргіз» деп өтініш айтқанымда Мұқаң:
— Жоқ! Сен өзің табыстайсың жеңгеңе! — деді саңқ етіп. Мұздаған торғайдай болған мен байғұс оның қолтығынан ұстап үйіне қарай сүйемелдеп келемін. Бір қолымда әлгінде шопырға алғызған тор сеткадағы қызыл арақ. Бірінші қабаттағы үйінің қоңырауын өзі басты. Ар жақтан көңілсіз кейіпте өңі көкшіл тартқан жеңгеміз Лашын шықты. Жақтырыңқырамай қарады. Қатты ыңғайсыздандым. Сонда Мұқаң қайтті дейсіңдер ғой?
— Әй, Лашын! Әлгі мен айтып жүрген бала осы. Біліп ал! — деді. Неге олай айтты?…Үрпиіп үйіне дейін мен неге келдім?. «Ақымақ шығармын?!» дедім іштей өзіме-өзім. Жазығым — ағаларыңды көшеге тастап кете алмағаным. Ақымақтығым – қыз бала басыммен әлгіндей жағдайдағы ақынды тура есігіне дейін жетелеп әкелгенім ғой. Мына елдің Мұқаң екеуміз жайлы өсегінің бір ұшы осында да жатқан шығар деп ойлаймын кейде. Обалы не керек, Лашын жеңгем артық сөз айтқан жоқ,.. — деп көңіл түпкірінде жатқан сырын Фариза ақынның жасырмай айтқан сол бір сөзі «Ол дүниеден өтті!» деген суық хабарды естіген сәтте көз алдыма әлгінде ғана болғандай елестер әкелді…
«Өтті дәурен осылай» деп Димаш Қонаев әкеміз айтқандай, әне, өтті екеуі де өмірден… Кетті мына жарық жалғаннан.
Айтақын Әбдіқал