- Негізгі бет
- Тұлға
- Эйнштейннің сабақты «екімен»...
Эйнштейннің сабақты «екімен» оқығаны рас па?
Неміс физигі, Салыстырмалылық теориясының негізін қалаған Альберт Эйнштейн мектепте жаман оқыған, "екімен", "үшпен" бітірген деп көп естиміз. Әсіресе, математикадан нашар болған деседі. Тіпті, Эйнштейнді есі ауысқан, маскүнем адам дегендер де бар. Мұның бәрі өтірік, әрине. Ұлы тұлғаның артынан қауесет пен қаңқудың көп болатыны заңдылық.
Ал мектепте жаман оқыған деген қауесетті Эйнштейннің өзі көзі тірісінде жоққа шығарған. Сол уақытта Америкада танымал болған, қызық деректер мен оқиғаларды талқылайтын «Рипли: сену-сенбеу қалауыңызда» (Ripley’s believe it or not) атты шоуда Эйнштейннің мектепті нашар бітіргені, математиканы «екімен» оқығаны жайлы мақала жарияланған екен.
Мұны оқыған ғалым жазылған нәрселерге күліп, шын мәнінде мектепті жақсы, тек беске оқығанын, 14 жасында-ақ интеграл мен дифференциал есептеуді білгенін (ол кезде балалар 15 жастан бастап есептеуді үйренетін) айтқан. Жалпы, Эйнштейннің жоғарғы сыныптың пәндерін ерте үйреніп, тез меңгеріп алатын әдеті болған, бұған қиналмаса да керек.
Эйнштейн мектепті нашар оқыған деп жүргендердің көбі – осы «Риплиде» жазылғандарды оқып сөз таратып жүргендер. Олар ғалымның онда жазылғандарды жоққа шығарғанын білмейді.
Ал «Рипли» неге мұндай ақпаратты таратты дегенге келсек, ең бірінші сол заманның білім жүйесіндегі баға қою ерекшелігіне қарағанымыз жөн. Неміс мектептерінде ол кезде жақсы оқитындарға «1», «2» деген баға қойылатын да, жаман оқығандарға «5», «6» деген баға қойылған.
Ал Эйнштейн мектеп бітірген 1896 жылдан кейін Германияда білім беру жүйесі ауысып, бағалау шкаласы керісінше өзгеріп кетті. Енді жақсы оқығандарға «5», жаман оқығандарға «1», «2» деген баға қойыла бастады. Содан ғалымның табелін көрген адамдар Эйнштейнді «екімен» оқыған екен деп ойлап қалса керек. «Риплиде» жазылған материал да мұны ескермей, қателік жіберген.
Оның үстіне, Эйнштейн Салыстырмалылық теориясын жасап жатқан кезде, математиктерге жасаған формулалары мен шығарған есептерін тексерту үшін жиі жүгінетін. Мұны бір жағынан математиктер Эйнштейнді математикадан хабары жоқ адам деп ойлап қалса керек. Ал шын мәнінде Эйнштейннің қателік жіберіп алмас үшін басқа ғалымдарға да жасаған жұмыстарын тексертетін әдеті болған. Адам өз қателігін байқамай қалатыны белгілі.
Осының бәрі физика ғылымында бүтіндей іргелі теория жасаған Ұлы Эйнштейн, шындап келгенде, мектепті жаман оқыған деген қасаң ойдың туындауына себеп болды. Бұл бір жағынан, мектеп оқымай жүрген балалардың «Эйнштейн де жаман оқыған ғой» деп сылтау табуына таптырмас жаңалық болғандықтан, жалған ақпарат ел арасында тез тарап кетті.
Ал шындап келсек, мектепті жаман оқыған адамның кейін ғылым мен білімде зор жетістікке жетуі, адамзаттың технократтық дәуіріне үлкен жаңалық әкелуі мүмкін емес қой.
Қ. Слямбек