- Негізгі бет
- Тұлға
- Еуропаны бағындырған қазақ...
Еуропаны бағындырған қазақ - Mamer әнші
Ардақты Массагеттің оқырмандарына бүгін Еуропа мен Қытайда Mamer деген атпен танымал этникалық қазақ, әнші туралы әңгімелеп бермекпіз. Қазақстанда әлі танылмаса да, бүкіл Еуропаны өнеріне табындырған Мамырдың өнері сүйсінсе, сүйсінерліктей...
Мамыржан Қытайдың Синцзян провинциясында дүниеге келген. Осы жерде жастайынан домбыра мен қазақы әндердің дыбысын естіп өскен. Осылайша кейіннен провинцияның орталығы Үрімшіге көшіп барады. Осында жергілікті музыкалық колледжге түссе де, ол оқуын аяқтамай, орта жолдан тастап кетеді. Pink Floyd, Yes және King Crimson-дардың музыкасын құлағына сіңірген ол кейінірек өзі де өнер жолына түседі.
2002 жылы Пекинге көшіп, сонда бірнеше ән жазып, тыңдаған адамды елітіп жүрді. Мамыржанның әуендерінің табиғилығы сонша, осы аймақтың азаматтары оған бірнеше рет демеушілік ұсынған. Бірақ демеушілердің қойған шарты сол - ол композицияларды қытай тілінде орындау керек болды. Мамыр бұдан бас тартқан соң, бірер айдан кейін, оның әуендеріне продюсер Робин Халлердің көңілі ауып, ақыры ол Лондоннан бір шығады. RealWorld Records студиясында альбом жаздырып, Еуропа халқын тәнті етті.
Лондон журналистеріне берген сұхбатында: "Қазақтың салт-дәстүрлері көшпенді өмірдің әсерінен пайда болған. Тіпті музыкасы да. Даланың қасиеті сол - адамға жан тыныштығын сыйлайды. Осы тыныштықтан нәр алған бабаларымыз осындай әуендерді шығара білген. Қала өмірі нағыз тыныштықты сыйлай алмайтын болғандықтан, мен жылына екі рет жайлауға барып, сол жақтың атмосферасын сезінуге тырысамын. Жергілікті қариялардың әңгімесін тыңдаймын", - деді.
Шынында Мамырдың музыкалары қазақы рух пен қазақы жүректің ноталарын дәл басатындай. Әр қазақтың жүрегін баурап алары сөзсіз.
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас
Дос болғанмен қош болмас
Екі жақсы дос болмас
Дос болса түбі бос болмас, - деп қазақтың қара өлеңдерін әнмен көмкеріп, қазақ дүниетанымын әлемге паш етіп жүр.
Mamer-дің бірнеше композициясын мына жерден тыңдай аласыздар: MAMER
сурет: lailai.ru, musicdish.com