21 маусым – Жайдарманның туған күні. Күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген Жайдарманның туған күні қарсаңында республикалық Жайдарман ойындарының жетекшісі Есен Елеукенмен әңгімелескен едік.
– Есен аға, Жайдарманның алда келе жатқан туған күні құтты болсын! Шығармашылық табыс пен салмақты әзіл тілейміз! Туған күн алдындағы көңіл-күйіңіз, дайындықтарыңыз қалай?
– Рақмет! Жыл сайын туған күнімізді ерекше атап өтуге тырысамыз. Биылғысы да бұрынғыларынан кем түспесі хақ. «Қазақша КВН» бастау алғалы бергі жұлдызды финалистердің басын біріктірмек ойымыз бар. Чемпиондар мен чемпиондыққа үміткер болған командалар арасында үлкен сайыс түрінде өтеді. Жайдарман тарихындағы ең сақа жайдарманшылардың бас қосатын додасы. Мұндай жоба бұрын-соңды болмаған.
– Қожанасырдың әзілдері бүгінгі аңыз. Жайдарманшылар әзіл тарихында қалатындай әзіл айта алып жүр деп ойлайсыз ба? Қазіргі айтылып жүрген әзілдердің деңгейі қандай дер едіңіз?
– Жалпы Қожекеңдікін әзіл деуге келмес, астында зілі бар, өмірдегі құбылыстарды сықақтап өткен пенде секілді ғой ол кісі. Әйтпесе қай әңгімесін қарасақ та, өз өміріне деген көңіл толмаушылық байқаймыз. Мысалы «Же, шапаным, же», «Қай тесікті айтасың» дегендей сөздері өзінің тұрмысын бейнелеп отыр. Тек онысын уытты сөзбен бүркей білген. Сондықтан да ол әдебиетте қалып отыр. Ал қазір ше? Бүгін өмір басқа. Қазіргі таңда тұтас аңыз емес, сарт еткен бір-ақ ауыз әзіл сөзді есте қалдырсаң, соның өзі біраз жетістік. 140 символдық туиттер мен чат арқылы тіл қатысатын заманда ұзын-сонар қалжың айту... Иә, өмірге бейімделу деген осы шығар. Жайдарманның әзілдері өтімдірек боп тұрғаны сол болуы ғажап емес. Ал қазіргі әзілдің деңгейі туралы сөз қозғағанда, аттанға ойбай қосып, өмірден түңілдіріп жіберудің қажеті жоқ. Әр дүние өз орнымен... Бір кезде «Тамаша» тамаша өнер көрсетті, одан соң «Бауыржан-шоудың» болмысы ұнай бастады. Кейін «Шаншар» шарықтап, соңғысы Тұрсынбектің «Әзіл Әлемі» көрермен көзайымына айналып отыр. Демек дүние кезек, «баяғы деңгей» деп ескіні аңсаудың қажеті аздау деген ойдамын.
– «Әзіл-қалжыңды жер бетіндегі ең ақылды адамдар ғана ойлап табады» деген сөз бар. Жайдарманшыларды іріктеу қалай жүргізіледі? Мәселен шалғай жатқан ауылдарда небір дарындар жатады. Ойыншыларды іріктеуге өзіңіз тікелей атсалысасыз ба?
– Білесіз бе, адамды күлдіру деген – адам жанына әсер ету деген сөз емес пе? Ендеше адам жанына кез келген адамның қабілеті жете қоймаса керек-ті. Ал қазіргідей тіршіліктің тауқыметі етектен тартып, төске өрлеп тұрғанда, адамдарға күлкі сыйлаудың ләззатын айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Жалпы жайдарманшыларды іріктеу үшін әр маусым басында аудандық, қалалық, облыстық және республикалық «Маусымашар» фестивалі өткізіледі.
– Жайдарманда айтылатын әзілдердің авторы кім? Әлде әр команда әзілді өзі шығара ма?
– Негізі Жайдарманның аурасымен таныспаған жандар бұны баланы ермегі санайды. Алайда қазіргі сатириктердің ешқайсысы Жайдарманға арнап әзіл жазып бере алмас еді. Өйткені өзіңе берілген төрт-бес минут ішінде көрерменге бірнеше мәрте езу тартқызу өте қиын. Ал көрерменге олай әсер етуге үлкен еңбек те, талант та қажет. Сондықтан командалар өз ішіндегі дарындармен қатар, тәжірибелі жайдарманшылардан да көмек алатыны жасырын емес. Аурасымен таныс болмаған соң, мың жерден айналасын қыран-топан қылатын асаба болса да, Жайдарманның ойынына әзіл жазуға шамасы келмейтіні белгілі.
– Құпия болмаса, жайдарманшылардың ішінде жаныңызға ерекше жақын команда бар ма? Қай команданың жанкүйерісіз?
– Оны айту мүлде мүмкін емес. Бірде Бауыржан Момышұлы «қай кітабыңыз өзіңізге ұнайды?» деген сауалға: «бұл сұрақ – қай балаңды жақсы көресің дегенмен бірдей» деп жауап берген екен. Сол секілді мен олардың көрермені емеспін. Қалай ойнау керектігін көрсететін жетекшісімін. Демек маған жанкүйер болудың реті келіңкіремейтін сияқты.
– Кез келген іске сын айтылатыны секілді Жайдарманның да сынаушылары бар. Сынды қалай қабылдайсыз?
– Адам бір орнында тұрмау керек дегенді жиі айтамыз ғой. Ал сын тұрып қалмай, алға жүруімізге, қажып тоқтамауға ықпал ететін күш. Сол сын арқылы мініңді түзеп жатсаң, қанекей?! Алайда сын мен жамандауды шатастырып алатынымыз жасырын емес. Олардың бәрін мына жерге тізіп жатуды жөн көрмей отырмын. Бірақ Жайдармандағы әр қателікті қуана алақайлап көрсететіндей, ешкімнің мұрнын бұзып, көзін көгерткеніміз жоқ. Жастарды салауатты өмір салтына баулып, өнерге қанат қақтыруға Жайдарман бірден-бір сеп боп отыр десек, қателеспеймін. Оған еліміздегі жастар саясатын жүргізетін мекемелердің бірінен соң бірі Жайдарманмен меморандумға қол қоюы дәлел бола алатын секілді.
– Жайдарманға тұрақты түрде қаржылай қолдау кімнің тарапынан көрсетіледі? Жайдарманшыларға жалақы төлене ме?
– Төленетін болса, мүлде басқа деңгейде жүрген болар едік. Құрылған күннен бастап, жекелеген демеуші болған жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Мыңдаған баланың елге танылып, әулетінің көз қуанышына айналуына себімізді тигізсек те, осы кезге дейін тұрақты қаржы көзінсіз жұмыс жасап келдік. Соның өзінде он жыл бойы бір орында қалмай, осы деңгейге жеткеніміз мақсатымыз анық болуында деген ойдамын. Соңғы кездері ғана Нұр Отан партиясы жанындағы Жас Отан жастар қанаты мен Білім және ғылым министрлігі жанындағы жастар ісі жөніндегі комитет қолдау көрсетіп келеді.
– Жайдарманды тастап, басқа салаға кеткіңіз келген кез болды ма? Жайдарман үшін ең қиын кезең қай уақыт еді? Ең сәтті кезең ше?
– Ондай кездер болмады десе өтірік болар. Әр адамнан өтетін сондай сәт болады. Алайда Жайдарманнан кетуді елестете де алмаймын. Ал ең сәтті кезең маусымды сәтті аяқтау деп айтар ем.
– Жайдарманнан басқа немен айналысасыз? Өзге де жобаларыңыз бар ма? Жайдарман брендімен бизнеске кету ойыңызда жоқ па?
– Бизнеске кетуді бұрын ойламаппын. Өзге жобаны, тіпті, ойлауға да уақытым кенде.
– Ойыншылар қазіргі ауызекі тілмен, яғни орысша, қазақша араластырып сөйлейтінін байқаймыз. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
– Бұл мүмкін емес. Себебі, Жайдарманда міндетті түрде тілді шұбарламау ескертіледі. Тіпті ойын кезінде олай сөйлесе, ұпайын кемітеміз. Оның үстіне бізді эфирге шығаратын «Қазақстан» ҰТА-ның да талабы қатал.
– Қазақстандық әзіл театрларымен араласып тұрасыздар ма? Қай әзіл театрының көрерменісіз?
– Өзіміз киген шекпеннен шыққан Тұрсынбектің Астана Әзіл-сықақ театры ұжымымен араласып тұрамын. Ондағы актерлердің көбі жайдарманшылар ғой. Тіпті маусым басында Тұрсынбектің өзі де жастармен тәжірибесін бөлісіп, шеберлік сыныбын өткізеді. Ондағы актерлар қазылар алқасынан да орын алып жүр.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Жайдарман сайыстарының салмағын арттыру.
– Өзіңіз де әзілден құр алақан емессіз деп білеміз. Сүйікті әзіліңіз қандай?
– Астарлы әзілдерді ұнатамын. Жайдарманда да сондай әзілдердің көп болғанын қалаймын.
– Массагет оқырмандарының дені – жастар. Жастарға айтар бір-екі ауыз тілегіңіз.
– Ізденіңдер! Сауатты болыңдар! Ұлттың тірегі болардай азамат атаныңдар!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Есен Елеукеннің жеке мұрағатынан