ER-BATYR жобасында – тележүргізуші және Jaidarman қозғалысының басшысы Есен Елеукен. Ол Тимур Балымбетовпен сұхбат барысында өмірінде ең қымбат не екенін, ауылдағы жұмысы үлкен өмірде қалай көмектескені туралы әңгімелеп, сондай-ақ Jaidarman-дағы құқығын сатқаны туралы қауесетке жауап берді. Жаңа шығарылымды ER-BATYR YouTube-арнасынан көре аласыздар.
Жоба ұйымдастырушылары – Alash Media Group медиахолдингі және Montessori Qazaqstan қоғамдық қоры. Ақпараттық серіктестер – "Жетінші арна", Vostok FM радиоарнасы және "ВКонтакте" әлеуметтік желісі. Жобаның серіктесі – Altel ұялы байланыс операторы.
Есен Елеукен Jaidarman жобасына қатысты айтылатын сындарға қалай қарайтынын айтты.
"Барлық команданың көңілден шыға беруі мүмкін емес. Бастапқыда көңілге алатын кездерім болған, сонау 2005 жылдары. Қазір жоқ. Jaidarman деген атауды, Jaidarman деген дүниенің барын біліп тұрғанның өзі нәтиже. Оны қабылдау керек. Бәріне бірдей ұнай беру мүмкін емес. Мысалы тойда ән қойып жатады, жұртпен бірге қимылдап тұрасың. Маған ұнамайды. Бірақ маған ұнамайды деп "мына әнді өшір" немесе "мына әнді қойма" демеймін ғой. Маған 2-3 әнші ғана ұнайды, өзім тыңдайтын бағыттар бар", – деді спикер.
Сонымен қатар, ол жобаға қатысты құқықтарын сатып жібергені туралы қауесетті жоққа шығарды.
"Jaidarman-ның халықаралық деңгейдегі патенті, логотипі менде. 2011 КВН деген сөзді қолданбау керек деген авторлық ескерту келді. Басқалар түсінбей қалатын әріптер болмасын дедім. Кейде "Неге олай?" деп әртүрлі хейтерлер шығуы мүмкін. Бірақ шындығы сол. Жан-жақты зерттеулерден келген дүние. Үш әріппен қысқарту біздің табиғатымызға келмейді. Әртүрлі атау бар ғой, мысалы ООН деп әдемі естіледі де, БҰҰ болып тұрады ғой. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде бірден сіңіп кеткен атау болды", – дейді эфир қонағы.
Есен Елеукен үлкен отбасында дүниеге келген.
"Мен оныншы баламын. Әкем шопан болды. Кітап көп оқыдық, мектепте жақсы оқыдық. Үйдегінің бәрі жақсы оқыды. Сол кезде бәрі жоғары оқу орнын бітірді. Бізде шопан болса ол екінші сортты деген ой қалыптасқан. Мен оған көнбеймін. Кейде сондай әзілдер болса қаным басыма шауып кетеді. Бәрі ата-анаға байланысты. Әкем де, анам да орта көрген адамдар. "Жақсы әкенің аты қырық жылға дейін азық" дейді ғой. Әкем мектеп бітіргеннен кейін бір жыл жұмысқа алып қалатын еді. Бәріміз бір-бір жыл жұмыс істедік. Бір жылдан кейін ғана оқуға жіберетін еді. Сол кезде мен неге олай екенін түсінбейтін едім. Сөйтсе өмір көру деген дүние бар екен. Кейде ойлаймын: мені дым қалдырмай айдалаға қалдырып кетсе де мен ол жерден шыға аламын. Мен оған сенімдімін", – дейді ол.
Сондай-ақ тележүргізуші ең бағалы, құнды нәрсе не екенін айтты.
"Нақты біреу деп айта алмаймын. Ол – менің жұмысым, өзімнің ортам, жалпы оған менің болмысым да кіреді. Кез келген адам өзінің өміріне есеп беруі керек қой. Ол өзімнің философиям. Кейде: "Мен кезінде оған 4-5 жыл көмектестім, ол неге маған көмектеспейді?" деген ойлар болған. Ал қазір қарап отырсам, ол тіпті керек дүние емес екен. Иә, сенің қолыңнан келді ме - сен көмектестің. Jaidarman-ға осы бағытта, осылай өзімді ұстап жүрмін бе - яғни мені осылай жаратты, мен өмірге осылай қалыптастым. Мен жарты жолда одан айырылып қала алмаймын. Себебі менің жүрегім, дүнием осыны қалайды", - деді эфир қонағы.
ER-BATYR – ер адамдарға арналған ерлер туралы, ер адамның қоғамдағы ролі, оларға артылған жауапкершілік пен саналы ер адамның отбасының және қоғамның дамуына қосатын үлесі жайлы жоба. Жоба аясында танымал кәсіпкерлер, спортсмендер, түрлі мамандық иелері өмір құндылықтары, жанұясының тұрмыс-салты, сондай-ақ ер адамның отбасындағы және қоғамдағы ролі туралы айтады.
Бұған дейін жоба қонақтары футболшылар Давид Лория мен Самат Смақов, актерлер Тәуекел Мүсілім мен Санжар Мәди, шоумен және тележүргізуші Марат Оралғазин, коммуникация бойынша маман Әлішер Елікбаев, "Фридом Финанс" компаниясының бас директоры Тимур Турлов, кәсіпкер Райымбек Баталов, медиамагнат Арманжан Байтасов, Asar-ume қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, Ninety one тобының продюсері Ерболат Беделхан, продюсер және актер Нұрлан Қоянбаев, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев болған.
Жобаның барлық шығарылымын ER-BATYR YouTube-арнасынан қараңыздар. Жобаның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы – erbatyrkz.