- Негізгі бет
- Тұлға
- Ермұрат Зейіпханды еске...
Ермұрат Зейіпханды еске алу кеші өтеді
ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, композитор, әнші, актер, қаламгер Ермұрат Зейіпхан биыл тірі болса ердің жасы 50-ге келер еді. Марқұмның артына қалдырған рухани мұрасын кеңірек насихаттау мақсатында 2016 жылдың 7 желтоқсанында кешкі сағат 18.00-де Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты еске алу кеші өтеді. Бұл кеште Ермұрат Зейіпханұлының таңдаулы әндерін белгілі өнер жұлдыздары орындайы, сондай-ақ, ақын өлеңдерінен сахналық композиция қойылады.
Осы шараға орай 2016 жылдың 5 желтоқсанында сағат 12.00-де Қазақстан Жазушылар одағында Ермұрат Зейіпханның 50 жылдық мерейтойына арналған бағдарламаларды, қолға алынып жатқан шаруаларды елге жеткізу мақсатында арнайы пресс-конференция өтеді. Онда сан қырлы талант иесінің өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде жылы естеліктер мен нақты шаралар туралы хабарланады. Әрі «Дүние ғапыл» атты толық шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді.
Ермұрат Зейіпхан(1966-2011) – 1966 жылы ҚХР-дың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. 1985-89 жылдары Іле облыстық көркемөнер колледжінде вокал бойынша бітірген. 1991 жылы Атамекенге оралып, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік мамандығында оқиды. Содан кейін Абай атындағы опера және балет театрында, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер ретінде қабылданып, сан түрлі образдарды сомдаған.
2000 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамбльінде негізгі әнші әрі фольклор бөлімінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының мәдени орталығын басқарды. Алматы қалалақы Қыздар педагогикалық институтында сабақ берді.
«Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Дүниеғапыл», «Тәңірім-Тәңіртауым», «Сәбилер-ай», «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан», «Кенесары», «Шырын-ай», «Жанар қыз» секілді 70-ке жуық әннің авторы.
Оның «Өзіңе арнадыс», «Бұ дүние», «Үшбуырыл» атты жыр жинақтары, «Сыбызғы сарыны» атты прозалық кітабы жарық көрген.
1993 жылы 14 наурыз Алматы қаласында өткен сазгерлер мен әншілердің республикалық «Үкілі үміт» байқауында бас жүлдені, 1994 жылы Алматы қаласында өткен Күләш Байсейітова атындағы 5-республикалық әншілер конкурсының лауреаты, 1999 жылы 13 қарашада Алматыда Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» атты республикалық байқаудың лауреаты және 1-жүлдесін, 2001 жылы қарашада «Жұлдыз» журналының Артығали Ыбыраев атындағы жыр мүшайрасының арнайы жүлдесін, 2004 жылы республикалық «Еділ-Жайық» атты авторлық кешке қатысып, жоғары алғыс құрметін, 2005 жылы 28 қыркүйекте дүниежүзі қазақтарының 3-құрылтайына арналған халықаралық жыр мүшайрасының жүлдегері қатарлы сыйлықтарды еншілеген.
Қорғаныс министрлігі Орталық ансамбльіндегі қажырлы еңбегі үшін майор атағын алған. ҚР Мәдениет қайраткері.
Н. Айдархан