- У. Шекспирдің «Өмір – театр, адамдар оның актері» деген әйгілі сөзі бар емес пе, сіздің сахнада қандай актер екеніңізден хабардармыз, ал өмірде қандай актерсіз? Өмір-театрыңыз, оның негізгі кейіпкерлері туралы көрерменіңізге не айтасыз?
- 1986 жылы Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келгенмін. Ұлы Мұқағалидың топырағында аунап өстік. Бұл – менің бірінші мақтанышым. Әкем – дәрігер, анам – үй шаруасында, өзіміз тоғыз ағайындымыз, мен – үйдің кенжесімін. Бойдақпын. Бауырларымның әрқайсысы әр салада жүр. Әкем, о бастан-ақ өнер жолына келуіме қарсы болды. Алайда, өзімнің көңіл қалауым сол болды, қадалған жерден қан алатын, қырсық мінезімнің арқасында өз дегеніммен кеттім (күліп). Еркелік мінезім бар, ойлағанымды бетке айтып қойып жатамын. 2004 жылы мектепті бітірдім, бірақ, сол жылы жоғарғы оқу орнына түсе алмадым. Бір жылдан кейін Т. Жүргенов атындағы Өнер Академиясына, Есмұхан Обаевтың шеберханасына түстім. Осындай жақсы адамдардың жолыққанына Аллаға мың да бір шүкір айтамын. Есағаң, кезекті сұхбатындағы «Артыңызға қарағанда не көресіз?» деген сауалға «тек жақсы адамдарды көремін» деп жауап берген екен. Артымда кереметтей ұзақ жол болмаса да, осы күнге дейін тек жақсы адамдардың жанында жүрмін.
- Аға, бір сұхбатыңызда бала кезімде батыр болуды армандадым деп жазған екенсіз. Таяуда ғана түсіріліп біткен «Волоколамск тас жолы» фильмінде Бауыржан батырдың рөлін сомдауыңыз сол арманның жетегінде болған оқиға ма? Рөлге қалай бекітілдіңіз? Жалпы осы фильм туралы айта кетсеңіз.
- (Күліп). Иә, рас солай айтқаным бар-ды. Біздің қазіргі қоғам соғыссыз да батырлықты талап етеді. Әрбір ер адамның қоғамның әділетсіздігіне қарсы тұра алуы, ағынға қарсы жүзе білуі – үлкен батырлық. Тіпті, Бауыржан ағамыздың өзі де 1941-45 жылдар аралығындағы соғыстан кейінгі жылдары да қоғаммен соғыс жүргізді. Сондықтан, кез келген ер адамның бойында екі майданда да жеңіске жетелейтін жігер болса, бұл – жалпы ұлттың жеңісі деп ойлаймын. Жоба туралы айтатын болсам, әрине рөлге кастинг арқылы бекітілдім. Көпшілік «Бауыржан Момышұлына қатты ұқсайсың» деген пікірлер айтып жатыр. Шыны керек, өзіме осы күнге дейін ондайды байқамаған екенмін. Фильм туралы алғаш естігенде-ақ Ақан ағамен жұмыс істеу қазіргі әрбір жас актердің арманы, соның өзі үлкен бір жетістік болар еді деп ойлағанмын. Баукеңнің қыр-сырын зерттеп, барымды салып дайындалдым. Фильмнің мақсаты шынайылықты көрсету, мен де сол шынайы бейнені жасауға тырысып бақтым.
- Сізді тележүргізуші, театр актері ретінде танимыз, енді міне, кино актері екеніңізді біліп жатырмыз. Келешекте тағы да қандай салада бақ сынап көрсем деген жоспарыңыз бар?
- Әзірге бір белесті толық бағындырып алмайынша, екіншісіне қарай атой салып шапқылаудың еш жөні жоқ дер едім. Телевидениенің не екенін білемін, ол да мен үшін үлкен бір тәжірибе болды. Өзіңнің біліміңді толықтыруға мүмкіндік береді. Жалпы, білімнің көбі адамдармен сұхбаттасудан келетін дүние екендігіне көзім жетті. Телевидениеге сол жағынан алғысым шексіз. Бірақ, менің негізгі жұмысым – театрда. Төрт жылдан бері Есағаңның шеберханасында осы өнерге шыңдалдық. Кино мен тетардың арасы жер мен көктей, екеуі де жүз пайыздық еңбекті, шынайылықты талап етеді. Аллаға шүкір, киноға өнеріне қарай қадам басып жатырмыз. Осы әлемде ойып тұрып орын алып, діңгегімізді қадап алмайынша басқа әлемге өтіп кету... Ондай жоспар жоқ.
- Театр көрермендерін мазалайтын бір сұрақ бар. Қазір қайсыбір театрға бара қалсаң басты рөлдерден тек бір ғана жаттанды актерлерді көреміз. Ғ.Мүсірепов театрында Аида Жантілеуова, Елдар Отарбаев, Жанар Мақашева, М. Әуезов театрында Азамат Сатыбалды, Ерлан Біләл, Бекжан Тұрыс, осы кезек сізге де келе жатқандай... Жалпы, рөл актерді таңдай ма, әлде, актер рөлді таңдай ма?
- Меніңше, әр кезеңнің өзі актері болады. Мысалы, 70-80 жылдары театр майталмандары Ә.Молдабеков, А.Әшімов, Р.Сейтметов ағаларымыз, одан кейін Т.Жаманқұлов ағаларымыз сахна қожайыны атанды, солай жәймен келіп тұтқа Азаматтардың қолдарына тиді. «Театрдың қаһарманы» дейтін ұғым бар. Мысалы, ол Кебек, Қозы, Балуан Шолақ т.б. Актердің жұлдызының жануы да осы ұғымға байланысты. Енді Азаматтар өздерінің жас кездеріне сай мықты рөлдерді сомдады. Ол әрине, сөз жоқ адамның анау ойынына немесе бойына келеді деп емес, еңбегіне қарай беріледі. Актерлік шеберлік бағаланады. Әр актер өзінің шама-шарқы, диапазоны жеткен жерге дейін барады. Мен де қазір өзі кезеңімнің рөлдерін ойнап жатырмын. Мұның бәрі де ертеңгі биографиямызға жазылады деген сөз. Мұсылман тілімен айтатын болсақ, амалың көп болсын дейді ғой, сенің театрдағы амалың – ойнаған рөлің. Рөлді негізгі дәрежесіне, биік шыңына жеткізу қашанда қиын.
- Күні кеше «Серпер» сыйлығына ие болдыңыз, үлкен рөлдерді сомдап жатсыз, мен ойлаймын, бүгінгі сіз жеткен жетістік жасыңыз үшін көп болмаса, аз емес. Қазіргі жастар арасында бір стеротип қалыптасып қалған: «биікке шығу үшін таныс керек, ақша керек» деген секілді. Сіз қалай ойлайсыз, ер азаматқа мақсатқа жету үшін қандай қасиет керек? Өзіңізді алға жетелейтін қандай қасиеттеріңізді басып айтар едіңіз?
- Асанәлі Әшімов ағамыздың жақсы бір сөзі есіме түсіп отыр: «Актерде мінез болу керек». Мінезім жоқ деп айта алмаймын. Қырсық мінезім бар. Оның да керек я керек емес жері болып жатады. Жалпы, бір сөзбен айтатын болсам, біздің қазақ қандай халық өзі? Өте жуас, қарға тамырлы, қой мінезді халық деп жатамыз. Осының бәрін ысырып, қасқыр мінезге көшу керек сияқты. Қасқыр мінез дегенде кез келген жерге тұмсығын сала беру емес, келді ме – тісте, керек пе – же, ұнай ма – жаса, ұнамай ма – жайына қалдыр. Мысалы, Еуропаның жастары қандай? Өзінің керегіне ғана қол тигізеді. Біреу тіс дәрігері болып жүріп, жоқ мынау маған ұнамайды деп фотограф болып кетеді. Сол секілді, тәрбие – тал бесіктен, әрбір ата-ана баланың қасиет-қабілетіне, іс-қимылына қарай кішкентай кезінен бастап бір салаға ықшамдап, икемдеп, жол сілтеу керек. Осы жағынан көпшілігіміз қателікке ұрынып жатамыз.
- Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз! Театрға, театр көрермендеріне береріңіз мол болсын!
Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева
Сурет: massaget.kz