Күй ойнайды қазағымның қанында,
Күй ойнайды қазағымның жанында.
Жүрегінің, жүрегінің, жүрегінің дүрсілі –
Күмбірлеген домбырасы барында, – деп Шөмішбай Сариев атамыз жырлағандай, қазағымның төрінен орын алып, өнерлі жанның қолынан табылар домбыра – еліміздің өткенін жырлап, жастарға тәрбие сыйлайтын аспап. Ұлттық аспабымызда орындалатын туындылар бізді өзге халықтардан ерекшелейді. Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке мирас болған мұра ғасырдан ғасырға жаңаша өңделіп өтеді. Бізге қаймағы бұзылмай жеткен осы күйлердің тарихы да ерекше. Оларға арнап ескерткіш те қойылуда.
Жау келсе, найзасын ала жүгіретін батырлардың қамқорлығындағы арулар әрдайым ерке мінезді келеді. Осы еркеліктерінің арқасында көп әсем ән мен тәтті күйге арқау болады. Дәл сондай ХХ ғасырдағы қазақ аруларының бет-бейнесін бір образға жинақтаған туындылардың бірі – Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі. Өзінің Түркістан газетіне берген сұқбатында: «Күйге адалдық пен тазалық керек. Осы екеуi болмаса тыңдаушылардың жүрегiне жетпейдi. Халтураның өмiрi қысқа. Күйлерiмдi жүз рет толғанып, қырық рет толғатып барып шығарамын. Мен өзiм бiттi деген жерден бiтедi. Iзденiсiм сонымен тоқтайды. Сыншылардың тiсiн батыра алмай жүргенi де содан болар», – дейді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/oV2NjQmQPpw","width":"425","height":"350"});
Дәл бүгін қазақ күй өнерінде өзіндік қолтаңбасымен жүрген Әбдімомын Желдібаев ағамыздың туған күні. Ұжымымыздың атынан денсаулық пен өнерде табыс тілейміз!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Олег Львов