- Негізгі бет
- Тұлға
- Елу бір жыл...
Елу бір жыл сәуле шашқан сақина
«Құсни-Қорлан» атты қазақтың шалқар даласын көктей өтіп, әлемнің байтақ шаһарларындағы әйгілі сахналардан шырқалып, тыңдаушысын ынтық еткен өнер туындысын тудырған ақын Естай мен әнге арқау болған Қорлан сұлу арасындағы махаббат хикаясы уақыт жылжыған сайын аңызға бергісіз болып ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
Өткен жолы өздеріңізге осы «Құсни-Қорлан» әнінің төңірегіндегі әсерлі аңыздардан сыр шерткен болсақ, бүгін екеуге ортақ сезімді тағы бір дәріптеп, тағы бір мәрте оқырмандарымызды әдемі аңызға жетелесек дейміз.
Өзіңіз де естіген боларсыз, ел аузында «Естай қайтыс болғанда Қорлан сыйлаған жүзікпен көміліпті» деген сөз бар. Десе де, осы сөздің анық-қанығына ешкім үңіліп көрген жоқ. Аңыз ба? Ақиқат па? Осы сынды сұрақты жиі жолдайтын оқырмандарымыздың қатары да көп. Ендеше, сіз болып, біз болып, зерттеуші ғалымдарымыздың көмегіне сүйене отырып, осы әңгіменің өтірік-шынын бірге анықтап көрелік.
Естайдың шығармашылығын зерттеп жүрген көрнекті музыка зерттеушісі Зейнұр Қоспақов өзінің «Әнші мұраты» деген кітабында Естайдың соңғы сәттері жайлы былай деп жазады: Естай қайтыс боларынан бір күн бұрын өзінің көңілін сұрай барған Баймұратов Нұрлыбек деген ақынға: «Нұрлыбек, сен ақынсың ғой, сондықтан ақын адамды ақын ғана түсінеді. Өлер шағымда саған тапсыратын аманатым бар еді, - дейді де, сол қолынан сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: «Мына жүзік жас күнімде «есіңде сақта» деп Қорланның берген сыйлығы еді. Ертең мені қабірге қоярда қарттарымыз «о дүниеге бөтен зат жіберуге болмайды» дегенді сылтау етіп, қолымнан алып тастап жүрмесін, сен соған бас-көз бол»,- депті.
Ал Мұхтар ағамыздың дәл осы оқиғаны арқау ете отырып «Ғашықтық ғаламаты» атты поэма жазғандығын білесіздер, ол бір естелігінде: Естай 72 жасында Нұрлыбек деген досын шақыртады да, қолындағы сақинасын аманаттай отырып: «Шалдарды көндір. Бұл сақина міне, 51 жылдан бері менімен бірге. Өлгенімде де жанымда қалсын... Асқақ та шексіз махаббатын кішкентай ғана сақинаға сыйдырған сүйіктім... дегенді айтты да, терең күрсінді»,- деп жазады. Мұхтар Шаханов өз поэмасында бұл туралы былай дейді:
«Қорланымның көзі болған жүзікті,
Өтінемін,
Өзіммен бір жерлесін!
Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде
Ғашық болып өлу – қандай мәртебе!
Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік
Жарық беріп жатсын маған көрде де!»
Қ.Аманжоловтың «Хорлығайын», М.Әлімбаевтың «Естай-Қорлан», М.Шахановтың «Махаббат машақаты» атты балладасы секілді әдеби шығармаларда осы сәттер ғана айтылады да, оған дейінгі, одан кейінгі әрекеттер қозғалмайды.
Келесі бір зерттеу еңбектерінде жүзік туралы мынадай деректер бар: «Естайдың нағашы жұрты Қозған елі Қорлан ұзатылып барған ауылмен көршілес екен. Қорланын сағынған Естай сүйіктісі ұзатылғаннан кейін алты жыл өткенде нағашысына барған болып, Қорланның үйіне түседі. Екі күндей қонақ болып, өткен-кеткеннен небір шер болып қалған сырларды айтысып, көңілін басады. Күйеуі момын адам екен, ал Қорлан болса, сол үйдің биі, еш нәрседен жасқанбайды. 1931 жылы Естай Қорлан ауылына тағы барып, сүйгенімен жүз көрісіп қайтады. Бұл Қорланды ақырғы рет көруі болады да, одан кейін жолыға алмайды. Осы екі кездесудің бірінде (көбіне алғашқысында делінеді) Қорлан Естайына махаббатының нышаны ретінде сақинаны сыйға берген екен».
Демек, жүзік расымен де берілген, Естай да ол жүзікті 51 жыл бойы қолынан тастамаған. Ендігі сұрақ, «Естай жүзікпен бірге көмілді ме?».
Көптеген зерттеуші ғалымдарымыз бұл сұраққа: «Халық үшін Естайдың жүзікпен көмілген-көмілмегені емес, жүзіктің олардың махаббаттарының мәңгілік белгісі болғандығы маңызды. Сондықтан да бұл әңгіменің осылай әдемі аяқталған абзал. Қазақта «о дүниеге бөтен зат жіберуге болмайды» деген қағида бар. Мұны ата-бабадан келе жатқан қағида деп, осыған тоқтау да айып емес. Сондай-ақ, данышпан қазақта «аманатқа қиянат жүрмейді» деген аталы сөз бар. Бұл нақылды ұстанатын болса, жүзікпен жерленуі де әбден мүмкін. Демек, ұлы әншіні жерлегенде басы-қасында болмағандықтан, ешкім екі ұшты пікір айтуға қақылы емес» (Ш.Құрманбай), - деп жауап береді. Ал сіз не дейсіз, аяулы оқырман? Ой қосыңыз! Расымен де, өнерді қадірлеп, өнерлі перзентін төрге сүйреген біздер үшін ақиқаттан бұрын, ақ махаббат туралы аңыз маңызды емес пе? Жазбамызды, дәл осы оқиғаны естігенде, Қорлан апамыздың айтқан сөзімен аяқтасақ дейміз:
«Егер олай етпесе,
Естай, Естай бола ма?!
Онсыз дағы жаны сұлу балаңа
Сұлу өлім сыйлапсың-ау, Жер – ана!...».
Суреттер:baq.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева