- Негізгі бет
- Тұлға
- Елімізде қайырымды адамдар...
Елімізде қайырымды адамдар саны артып келеді
Бүгін Қазақстан баспасөз клубында «Алтын жүрек» сыйлығының нәтижелерін қорытындылау мақсатымен пресс-конференция өтті. Елімізде дәстүрге айналған «Алтын жүрек» сыйлығымен марапаттау, міне, осымен сегізінші жыл ұйымдастырғалы тұр. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын азаматтардың бар екендігін көрсету. Бүгінде қайырымдылық істерді марапаттаумен айналысатын «Алтын жүрек» сыйлығы елімізде алғашқы және әзірше жалғыз жүлде екені мәлім. «Бауыржан» қоғамдық қорының ұйымдастырушылары жыл бойы «қазіргінің батырларын» іздеумен айналысады.
Бұл жылы аталған жүлдеге жүз шақты қатысушы тіркелуге ынталанды. Қазанның 3-і күні олардың ішінен әрбір номинацияға 3 үміткерден іріктелді.
Пресс-конференцияда Жұлдыз Омарбекова («Алтын жүрек» сыйлығының негіздеушісі), Эльмира Жомартова («Алтын жүрек» ұйымдастыру алқасының төрайымы), Гүлзира Амантұрлина («Эльдани» қайырымдылық қорының бастығы, «Алтын жүрек – 2014» сарапшылық кеңесінің мүшесі), Тұяқ Есхожина («Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің директоры), Еркін Рақышев (режиссер, «Алтын жүрек» қоғамдық кеңесінің мүшесі), бұл сыйлықтың мейірімділікке, ізгілікке сенім екенін атап өтті. Еліміздегі қайырымдылықпен айналысатын адамдарды марапаттау басқаларын ынталандыру, шақыру болса, марапатталып отырған адамға жасаған істерінің жемісі ретіндегі сыйлық. Сонымен қатар, жүлдені ұтып алған үміткердің өмірі, қоғамдағы орны ерекше мәнге ие болады. Осы сыйлық иегерлерінің айтуы бойынша, жүлде – үлкен жауапкершілікті талап етеді, «мейірімді адам» атағына кір келтірмеуге тырысуға итермелейді. Яғни, жүлдегер бұқара алдында мәңгілікке «алтын жүректі адам» ретінде қалатыны сөзсіз және соған лайық болып жүру керек.
Жүлдеге іріктеу механизмі 3 сатыда өтеді. Ұйымдастыру комитеті қатысушылардың өтініштерін, қосымша материалдарын мұқият қарастырады. Әрбір үміткердің қайырымдылық қызметінің сарапшылық кеңес әр номинация бойынша барлық қатысушының арасынан үш үміткерді таңдайды. Ал қоғамдық кеңес – іріктеудің соңғы сатысы, мұнда саясат, қоғам қайраткерлері, жазушылар, әртістер, ғалымдар, яғни қоғамда танымал әрі құрметке ие таңдаулылары жеңімпазға дауыс береді. Бұл жылы жаңа өзгеріс енгізілді – ресми сайтта дауыс беру мүмкіндігі пайда болды.
Жеңімпаздар 11 номинация бойынша анықталады: «жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «спортты дамытып, оны қолдағаны үшін, «ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «жыл меценаты», «ақпараттық қолдаушы», «жылдың қайырымды адамы», «жыл ұйымы», «денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін», «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін».
VIII ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығын марапаттау салтанаты 27 қазан күні сағат 19.00-де Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтеді.
Арнайы Massaget.kz үшін: Фариза Әбілова
Сурет: ©Жолдас Өрісбаев
Ф. Абилова