- Негізгі бет
- Тұлға
- Елбасының жастарға айтқан...
Елбасының жастарға айтқан ақыл-кеңестері
Елбасының бастамасымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Салтанатты ашылу салтанаты өткен ақпан айынан бері жастарды қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осыған сәйкес, бүгін назарларыңызға Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастарға айтқан ақыл-кеңестерінен топтама ұсынбақпыз.
◘ Жас қазақстандықтарға айтарым: Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір. Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер!
◘ Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады.
◘ Қазір жассыңдар, өмір шексіз болып көрінеді. Қазақ айтады ғой, "ғұмырың қамшының сабындай ғана" деп. Менің жасыма келгенде білесіңдер. Бұл өмір зу етіп өтіп кетеді.
◘ Басқаға уақытың жетпейді. Бәріміз қартайған кезде, бізге де қамқорлық керек болады. Сондықтан еліміздің жарты миллионға жуық студент жасы үкіметтік емес ұйымдармен бірге мұқтаж жандарға елеулі көмек көрсете алады. Үйлерінде жалғыз отыратын, ешкімі жоқ қариялар бар. Солардың тізімін алып, анда-санда бір барып "қалың қалай, ата?" деп батасын алсаң, бәрімізге жақсы емес пе?!
◘ Жастарға айтатын бір сөзім бар. Қазіргі өсіп келе жатқан жастар - дүниежүзінің барлық жерінде жұмыс істейтін болады. Солай ғой!? Бүгін қазақтың бармайтын жері бар ма? Басқа елге барғанда, мәселен Африкаға барғанда "Мен қазақпын! Табыныңдар маған" деп өзіңнің заңыңды орнатасың ба? Қазіргі жастарымыз – дүниежүзінің азаматы болды. Жас кезден әр адамның құқығын сақтауға, әр адамды түсінуге, оларды тыңдауға үйрену керек. Сонда бізді сыйлайтын болады.
◘ Сіздер - елдің болашағысыздар. Сіздер мен біздің ұлы мақсатымыз бар. Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады. Қазақстан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздеріңмен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігерлеріңіз, ынтымақтарыңыз, табандылықтарыңыз бен таланттарыңыз жеткілікті екеніне сенемін.
◘ XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат - жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін игергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жаңа қазақстандық ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, музыканттар мен спортшылар туралы естіп-білетініне сенімдімін.
◘ Өмірдегі ең басты нәрсе - білім, жоғары кәсібилік және өз Отаныңа адалдық, мен сіздерді осыны есте ұстауға шақырамын. Сіздерде зор күш-қуат пен шығармашылық әлеует бар. Осының бәрін өмірлеріңіздегі ең басты мақсатқа жетуге бағыттаңыздар.
◘ Біздің ата-бабамыздан қалған салтымыз бар. Кішілер үлкенді сыйлайды, ерлер әйелді сыйлайды. Батысқа ілесеміз, демократ боламыз деп мұның барлығын ұмытуымызға болмайды. Мен қарттар үйіне барғанда қабырғам қайысады. Қазақта мұндай бәле болған жоқ. Әкесін, қартайған шешесін үйінде ұстайтын. Кіші баласын отау иесі деп айтқан. Қазақта баласын жетімдер үйіне беру болған жоқ. Мұндай жетімдер үйі Қазақстанда болмауы керек. Жетім балар үйіндегі балаларды асырап алу қажет. Қазақстанда жалғызбасты қаншама қарттар бар. Олар дүкенге барып келе алмайды. Солардың хәлін біліп, батасын алып тұрыңдар.
◘ Бізден үлгі алуда – тұрақты болуды, көп этностық мемлекетте бірге тұруды үлгі етуде. Осы қағиданы ұстанайық. Сонда ғана біз мықты болып, сын-қатердің бәріне төтеп береміз. Сонда ғана біз өркендейтін боламыз.
А. Қажиев