- Негізгі бет
- Тұлға
- Екі Кенен тумайды,...
Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де
Қазақтың жүз жылда біртуар тұлғасы, қазақ халқының ақын-сазгері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаев (1884-1976) төл өнеріміздің сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерін үзбей, ХХ ғасырдың 70 жылдарына дейін жеткізе білген жан.
Ол Қордай ауданына қарасты Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Есімі елге жайылған Сарбас ақынның тікелей ұрпағы. Әкесі Әзірбай да ақын болған екен. «Әкем ақын, шешем әнші еді» деп естелік кітабында жазған. Жастайынан өнерге жақын болған ол қолына тоғыз жасында домбыра алып, он жасында үлкен той-жиындарға қатысқан. Он алты жасқа келген шағында оның есімі күллі Қордай өңіріне белгілі болған екен. Күндердің күнінде оның білім алған, орыс тілін меңгерген атасы Еркебай Байназаров: «Кененді тәрбиелеп, жетелеу керек, үлкен өнер адамы болады» деп, қырғыздың атақты Шабдан батырының асына апарады. Сол аста Кенен Қалмырза, Жамбыл, Бармақ сияқты ел ақындарын көзін көріп, батасын алады. Жас ақынға ел ағалары кемел белдік тарту етеді. Осыдан кейін оның есімі елге жайылып, жұлдызы жарқырай түседі. Халық ақыны атанып, әндері күллі қазақ еліне жайылады. Бүгінгі таңда Кенен атамыздың әні талай әншілердің репертуарынан орын алып, халықтың ерекше ықыласына бөленуде. Кенен әндерінің шығу тарихы оның тағдырымен, өмірімен тығыз байланысты.
9-10 жасында ол бай малын бағып, той-думандарға қатыса алмай жүргенде алғашқы өлеңін шығарған екен. Кейінгі ән-жырларының барлығы қой соңында жүрген кезде шығарылған. «Бозторғай» әнін шығарып, кең далада айтып жүреді. Ол ән кең таралып, барлық малшылардың әніне айналады.
Жастау кезінде Көкшолағына отырып, тойға кетіп бара жатады. Алдынан Қордай өңірінің бай қыз-келіншектері шығады. Ішіндегі Шәлипа деген байдың қызы бар екен. Ол да елге ақындығымен танылған деседі. Көкшолаққа мінген Кенен бірден: «Мінгенім астымдағы Көкшолақ-ты, Жалы жоқ, құйрығы жоқ, шоп-шолақ-ты» деп бастап, «Көкшолақ» әнін дүниеге әкеледі.
Кенен Әзірбаев екі рет шаңырақ көтерген екен. Бірінші әйелі Үлпілдектен Талжібек, Ұлтай есімді қыздары туылады. Ал екінші жары Нәсихадан туылған балалары дүниеге келген бойда шетіней береді екен. Соның ішінде егіз қозыдай бірге өскен ұлдары Базар мен Назар да бар. Ажал құшқан жылы ақ ешкі егіз лақ туады. Көп ұзамай шешек ауруы өрши түсіп, бір күнде қос бауыры өмірден өтеді. Екі баласын көміп, төбелерінде мұң-шерін тарқатып отырған Кенен өлген лақтарын іздеп, ащы дауысын шығарып жүрген ақ ешкіні көреді. Екеуінің тағдыры ұқсас, қайғысы бір болып көрінеді. «Зарланасың ақ ешкі» тіркесі санасына орала берген соң, дереу қолына домбыра алып, «Ақ ешкінің зары» әнін дүниеге әкеледі. Кейіннен бұл ән ел арасында «Базар-Назар» болып кеңінен таралады. Бұл әнді Кенен көзі тірісінде көп айта бермейтін. Өзгенің де айтқанын қаламаған екен.
Жетпіске келген шағында ол он жеті жасқа толған үлкен ұлы Көркемжанды шақырып алып: «Менің қатарларым немере сүйіп, шөбере көріп жатыр. Қанша жасарым бар. Оқу қашпас, әуелі үйлен» деп оны үйлендірген екен. Келін болып қаланың 16 жасар қызы түседі. Ауыл болмысын көрмеген, тілі орысша шыққан қызды көріп, Кенен келінінің ертеңгі күнін ойлап, уайымдайды. Беташар кезінде бет ашатын жігіттің иығына шапан жауып: «Жолыңды маған бер» деп қолына домбыра алады. Жиылған жұрт қарт ақынның бұл қылығын көріп, қатты таңқалады. Сол кезде ол: «Әрі беташар, әрі батам, әрі келінге айтар өсиетім болсын» деп жырын төгеді. Өткен күндерін еске түсіріп, алғашқы қуанышын қаншалықты аңсағанын айтып «Келінжан» әнін дүниеге осылай әкелген екен.
Сексенге қараған шағында «Сексенге» деп өлең жазады. Өлеңінде:
«Толдым биыл сексенге,
Тай үйретем тепсеңге.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де», - деп жырлайды. Осылай Кенен ақын қорытынды сөзін айтып кеткен. Бір заманда Кенендей алып қайта туыла ма, жоқ па, белгісіз. Алайда, ел жадында ол халық ақыны болып мәңгілікке қала береді.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: dmk.kz, anatili.kz, alashainasy.kz
Ғ. Ұзақ