- Негізгі бет
- Тұлға
- Еcбол Нұрахмет: "Жазушының...
Еcбол Нұрахмет: "Жазушының өлімі"
Ол осы аула тұрғындарының ішінде өзін жазушымын деп таныстыратын жалғыз адам. Ит байласа тұрғысыз, айналасы бырсып сасып жататын, өңкей жатаған үйлер мен әр түрлі шулы цехтар қатар-қатар тізілген қаланың ең бір лас жеріне орналасқан бұл аула тұрғындарының ешбірінде кейіп-кеспір жоқ. Бәрі кедей, жарлы, жетім мен жесір. Кейде мұнда қайрымдылық қорларынан адамдар келіп, көмек бұйымдар сыйлаған болады. Сондағы әкелетіндері ұсақ-түйек, ұн-шайдың айналасындағы заттар. Дегенмен кейбір адамдардың күйінің нашарлығы сонша, осы дүниенің өзін мол олжа көреді, бірнеше күндік талғажау қылғанға жараса, мәре-сәре болып қалады. Ондайда осындай бірдеңе әкелген адамдар да өзінше мәз болып, қуанып қайтады.
Ал жазушының жайына келсек, ол өзге тұрғындардан сәл бөлекше. Үнемі ұзын пальто, тік жағалы ақ көйлек, қырлы шалбар киіп, қара күреңдеп тұратын ескі ауланың жалғыз періштесіндей боп жүреді. Оның өзінде сан құбылтып, неше түрлі киінгенін көрген жұрт жоқ, кие-кие пальтосы түтеленген, жуа-жуа ақ көйлек сарғайған. Мыжырайған қара етіктің күнде майланып, сыланатыны бір қарағаннан-ақ байқалып тұр. Ұзын шашы желкесін жауып, жел үп етсе-ақ дудырай жөнеледі. Онда шашын қолымен салалап, басын бір шұлғып жіберіп кетіп бара жатады. Үңгір секілді қараңғы коридорларға сүңгіп кетіп, анда-сонда ғана бір көрініп жүретін аула тұрғындары бір-бірімен онша таныс та емес. Бірақ жұрттан өзгеше болған соң ба, жазушы жігіт туралы бәрі біледі.
– Үйінде бір үйме кітабынан басқа түк жоқ екен, – деп оны да өсекке қосып үлгерген.
– Өтірік шыртиып жүретін секілді ғой, бұл бейшара да жұмыс таппай қаңғып жүрген біреу екен ғой...
– Өзінің туыс-туғаны да жоқ-ау деймін, келіп-кеткен адам көрмейсің...
– Ана түрімен мынандай жерге ешкімді ертіп әкелмейтін шығар, шікірейіп, жақсы көрінгісі келеді да...
– Туыстан қашып жүрген біреу ме, әбден қарызға батып...
– Кім білсін?
Жазушы туралы осыдан өзге ақпарат білген жан жоқ, оның өзі құр қисын мен дақпыртқа толы.
Жазушы бұл аулаға күздің басында келіп орныққан, жарты жылға жуық уақыт болса да көршілерімен іш тартып сөйлескен емес. Сондықтан өзі де құпия күйінде қала берді. Тек қожайын ғана оның тұрақты жұмысы жоқ екенін, бірде ана жерде, бірде мына жерде істеп жүретінін біледі. Пәтер ақысын да кейде бір күн, кейде екі аптаға дейін создырып, әрең тауып беріп жүрді.
Қыстың қақаған аязды күндерінің бірінде жазушының үйіне жедел жәрдем келді. Қатты ауырып қалған болса керек, бірден больницаға әкетті. Екі күннен соң өз аяғымен қайтып келді, жазылған шығар, жақсы бопты десті жұрт. Бірақ күн аралатын бір дәрігер келіп-кетіп жүрді. Осыдан кейін жазушы үйінен көп шықпайтын болды. Кейде түннің бір уағына дейін шамы жанып тұрады. Қожайынға бір нәрсе жазып жатқанын, оны бітірсе мол ақшаға ие болатынын айтыпты. «Сондықтан келесі айдың пәтер ақысын тура он күн кешіктіріп беремін, алаң болмаңыз» деп көңілін орнықтырыпты. Төрт-бес күнде бір келетін дәрігер туралы да сұраған, онда ол «сәл ауырып жүрмін, дәрігер денсаулығымды тексеріп тұрады» деген жекелік дәрігері секлді қылып.
Қожайын көңілі қаласа, мұндай ақпараттарды тұрғындармен бөлісіп, әңгіме-дү құратын. Бір жағы жаны жабырқау, еңсесі түсіңкі, күн-көрістің үддесінен де шыға алмай жүрген бейшараларды аяйды, реті келгенде бәріне де кеңшілік жасап тұрады. Ал басқа кездерде сықпырта боқтап, жер-жебірлеріне де жететін. Сонда да жазушы жігітпен жарытып әңгімелесе де, балағаттай да алған жоқ. Қожайынның ойынша жазушы өзін элиталық топтың адамындай сезінеді, сонысымен қоса білімі мен таланты да бар секілді, тек жолы болмай қалған. Оның үстіне тек қазақ тілін ғана жоғары деңгейде меңгеріпті, мына заманда ол кімге керек? Өзінше патриот па, сондай бірдеңесі бар. Мынау саусылдап жүрген бір топ жалқаудан айырмашылығы сол ғана.
Өстіп тіршілік әбден жүнжіткен мынау жабырқау ауланың өмірі өз мәнерімен жылжып жатқан. Жазушының пәтер ақысын төлеймін деген мерзімді он күнінен үш күн асып кеткенде, күнде есік қағып, атын атап жарты сағат айғайлағаннан әбден шаршаған қожайын жігіттің жеті атасын жездей қақтап, есікті бұзып кірді. Кірді де кідіріп қалды. Оң жақ бұрыштағы темір төсектің үстінде жазушы қимылсыз жатыр. Үй ішін бір өзгеше иіс кернепті. Сөйтсе бөлменің табиғи күліміс иісіне енді өлік иісі қосылған екен. Жігіт көзі адырая ашылып көкке қарап, өңі бозарып, ұзын шашы жастықты көміп шалқасынан жатқан күйі өліп қалыпты. Бір қолы төсектен салбырап шығып жатыр. Басының тұсында жастық үстінде дудырап ылғи 10 мың теңгелік көк қағаздар үйіліп қалыпты. Бейберекет жиналған кітаптардың үстінде де бір бума ақша жатыр.
Қожайын не істерін білмей абдырап қалды да, тез есін жиып полицияны шақырды, сосын дәрігер, бірнеше жақын достары жетті, өстіп-өстіп біраз адам жиналып қалды. Сөйтсе, жігіт қатты ауырыпты, бірақ емделуге ақшасы болмапты, дәрігерге еңбегіңді ақша түскенде төлеймін деп, келіп көріп тұруын өтініпті. Жігіттің жағдайын көріп, бір жағынан жаны ашып дәрігер де келісіпті. Өткен жолы, бес күн бұрын келгенде қатты нашарлап отыр екен, бір дәріні жазып беріп, қалай да сатып алып іш деп қадап тапсырып кетіпті. Дәрігердің айтуына қарғанда «кісі өлетіндей ауыру емес еді, тек сол дәріні сатып алып ішкенде сәл де болса себі болар еді, жөнді тамақ та ішпейді екен, енді міне ақша болып тұрып, ештеңе істей алмағанын көрмейсің бе?» дейді.
Сол күні-ақ жігіттің жақын туыстары, алыс ауылдағы ата-анасы келді. Бөлмедегі әр жерге бөлініп қойылған ақшаны түгендеп санағанда шыққан бір миллион теңге – жақында ғана бір байдың өмір-баянын жазып беріп, содан алған еңбек ақысы екенін жақын достарының бірі айтты. Дәрігер мен қожайын ақшаның өздеріне тиесілісін санап алып, қалғанын ата-анасының қолына ұстатты. Кіргеннен аңырап, баласын ұзақ жоқтап жылаған ата-анасы жігіттің сүйегін алып, ауылға қайтты.
Сүйекті әкетер кезде, қаладағы білдей бір газеттің бас редакторы бірнеше қызметкерімен бірге келіп, қатты қайғырған сыңай танытты. Қымбат костюм киген, қарны дөңгеленген жылтыр бетті редактор «Енді ғана жарқырап келе жатыр еді, обал болды. Бұл жоғалту – үлкен жоғалту» деді. Жұрт жазушы жігітті осылай шығарып салды.
Кейін осы газеттен келген журналистердің бірі бұл аула туралы үлкен бір мақала жазыпты. Оны аула тұрғындары түгел оқыды, оның өзі біразға дейін тәуір әңгіме болды. Осыдан кейін, мұнда қайрымдылық қорларынан келушілер де көбейе түсті.
Дереккөз: ult.kz
Т. Есқали