Досхан Жылқыбай. "Моцарт. Мағжан. Мұқағали"

Досхан Жылқыбай. "Моцарт. Мағжан. Мұқағали"
Фото: mastroverona.info

Мойындау керек, мақала тақырыбына тағы бір композитордың есімі симай қалды. Ошақтың үш бұты сияқты келісіп тұрғанымен, төрт құбыласы тең болсын деп төртіншінің есімін қосуға тура келеді. Берлиоз. Иә, тақырыпқа не үшін қосылмай қалғаны енді түсінікті болған шығар. «М» әріпінен басталатын үш есімнің өзара гармониясын бұзғымыз жоқ. Оның үстіне бұл француз композиторының тақырыпқа қосылмау себебі мақала барысында тағы да түсінікі бола жатар.

Жалпы, біз сөз еткелі отырған төрт адамның да есімдері мүлде басқа ғой. Мысалы, «Моцарт» атақты композитордың есімі емес - тегі. Ал, есімі Амадей. «Құдайдың сүйіктісі» деген мағына береді. Мұқағалидың есімі баршаға таныс – Мұхамедқали. Бұл Құдайдың сүйген құлы Пайғамбардың есімі. Мағжан Жұмабайдың шын есімі – Әбілмағжан. «Әбіл» сөзі араб тіліндегі әке сөзінің ауызекі айтылуы. Ол қазақтың көптеген есімдеріне қосарланып жүреді. Ал, «Мағжан» сөзі араб тілінен аударғанда шақырылыған қонақ, кейбір деректерде қорғаушы деген мағына береді. Қазақ үйге түскен қырық қонақтың бірі қызыр дейді емес пе? «Қырықтың бірі қызыр». Мүмкін, қазақтың «Қызыр жолдасың болсын» дегені «қорғаушың» болсын дегені болар. 

«Берлиоз» композитордың тегі болғанда, есімі – Гектор. Грек тіліндегі мағынасы – ұстаушы, ал, ағылшын тілінде – қорғаушы деген мағына береді. Екі тілдегі мағынасы да түптеп келгенде бір нәрсені қорғауға арналғаны байқалады. 
Осы тұста сізге ештеме қызық көрінбей ме? 
Амадей – Мұхамедқали. 
Бірінің есімі «құдайдың сүйіктісі» деген мағына берсе, екіншісіне құдайдың сүйген құлының аты берілген. 
Әбілмағжан – Гектор. Екеуінің де есімдерінің мағынасы «қорғау» сөзіне қатысы бар. 
Осылай жұптап алдық. Бірақ, біздің айтарымыз есімдер ұқсастығы емес, шығармашылық ұқсастықтар еді. Осы шаңырақтың күлдіреуішіндей төрт құбылаға тартқан төрт есімның түйісер тұсы – «өлім» деп аталады. Иә, сан-саққа кеткен миллиард тағдырдың да түйісер нүктесі сол емес пе дерсіз. Бірақ, бұл төрт тағдырдың қайтқан сапарлары емес, туындыларындағы өлім күйін түйсінулері бір шаңырақ астына біріктіреді. 

Берлиоздың бес бөлімнен тұратын ең атақты «Фантастикалық симфониясы» есіңізде болар. Ол, ағылшын актрисасы Гарриет Смитсонға Гектордың ғашық болуынан туған туынды. Армандау; Бал; Жазық даладағы көрініс; Өлімге қарай шеру; Шабаш түніндегі түс. Міне, Берлиоздың автобиографиялық симфониясы саналатын «Фантастикалық симфонияның» бес бөлімі осылай аталады. Симфония негізінен өте сұлу суреттермен басталады. Арман. Композитордың қиялы скрипкаға түсіп алып, сені жаңбырдан кейінгі Париж көшелерімен алып жүреді. Екінші бөлімде композитор сені еуропалық би кешіне, балға алып кіріп, сол жерде бір сұлумен таныстырады. Үшінші бөлімде, ағылшын актрисасының сұлулығы композитор қиялын Париждың тар көшелеріне сыйғызбай жазық далаға алып шыққанының куәсі боласыз. Сіз осы тұсқа дейін ұрмалы аспаптардың үнін ести қоймайсыз. Олар қолданылғанымен де бүкіл үрмелі және ыспалы аспаптардың сазымен үйлесім тауып, алдыңғы қатарға шыға алмайды. Төртінші бөлім басталысымен оркестрдің артқы жағындағы ұрмалы аспаптардың маңайында тұрған ойнаушылар өздерінің жұлдызды сәтіне жеткендей қанаттарын қомдай бастағаны байқалады. Бұл бөлім – «өлімге қарай шеру» деп аталады. Бүкіл симфонияның шиеленісуі де, шарықтау шегі де осы төртінші бөлімде. Ең қызығы, симфонияның ең қысқа бөлімі де – осы. 

Ағылшын актрисасы төртінші бөлімде дүниеден озады. Оған, композитор өзін, өзінің махаббатын кінәлі санайды. Сол үшін, оны өлім жазасына кесіп, дар ағашына қарай алып келе жатыр. Ыспалы және үрмелі аспаптардың өлім күйін барынша сұлулыққа тартқанын қоңырау үні мен темір тәрелкенің бір-біріне құлақ жара соғылғаны бұзып жібереді. Бүкіл төртінші бөлім өлім мен өмір арпалысы немесе өмір мен өлім күйінің тәттіліктерінің тартысы. 

Жылпы алғанда, бұл симфония Мағжанның «Мені де өлім әлдиле» атты өлеңнің бір қайырымы секілді. Екі «қорғаушының» ұқсастықтары да осы жерде. Есіңізге түсірейін: 
Бетінен алма қан тамған, 
Тілінен тәтті бал тамған, 
Бұйра толқын шашы бар, 
Күлкісі меруерт шашылған, 
Өзі – гүл жаңа ашылған, 
Дәл он бесте жасы бар – 
Сұлу көз жас төгіпті,

Тұншығып жасқа өліпті... 
Балқиды жаным бұл күйге. 
Мені де, өлім, әлдиле, 
Әлдиле, өлім, әлдиле! 
 
Мағжанның осы өлеңіндегі бір ғана қайырым бүкіл симфонияның жүгін арқалап тұр емес пе? Қазақ топырағында туған ақынның бұл симфониядан хабары болды ма, жоқ па бізге белгісіз. Тек, Еуропада туған симфония қазақ даласында поэзия тілінде сөйледі. Тіпті, бірнеше есе тереңнен толғады десек те болар. Олай дейтініміз, Берлиозда бұл күйге барынша берілуден гөрі, қашқақтау байқалады. Гектор Берлиоз да, Мағжан да аталмыш туындыларын жазған кездерінде 26 жаста болатын. Мүмкін, еуропалық композитордың бұл күйді жеріне жеткізе алмауы оның тағдырында болар. Ол 26 жасына дейін өмірден үлкен құқай көре қойған жоқ. Ал, Мағжан бұл жасында сүйген жары Зейнеп пен одан туған ұлынан айрылып үлгерген еді. Дәл осы 1919 жылы Мағжан Алаш Ордаға қатысы бар деген айыппен біраз уақыт түрмеде де отырып шықты. Осы оқиғалардан кейін, шын күйініш пен наладан біз сөз етіп отырған өлең туған болатын. Бірақ, «Мені де өлім, әлдиле» өлеңі писсимистік өлең емес. Оның ауурасы мүлдем басқа. Мағжан өлімді Берлиоздың емес, Моцарттың дәрежесінде түсінген. 
Неге Моцарт? 
 
3 жасында клависинда ойнап, 4 жасында алғашқы туындысын жазған Амадей Моцарт өте аурушаң бала болып өсті. Оның денсаулығы 12 сағаттап аспап алдында отыруға жеткенімен, болмашы ауруды жылдам жұқтыратын. Әкесімен гастрольдік сапарларда жүрген кезінде әкесі үйіне хат жазады. «Амадей қатты ауырып, дәрігерлер оны өлім аузынан әзер аман алып қалды. Оған тұмау тиіпті», - дейді хатында. Түсініксіз. Сіз хатты қайта оқырсыз. Тұмау тиіпті. Моцарт үшін тұмаудың өзі – үлкен ауру саналған. Композитор әкесінен алғаш рет алыс кетіп, Венада өмір сүріп жатқан кезеңінде әкесі Леопольдқа хат жазады: «Әке! Әрбір кеш төсекке қисайған сайын, таңертең оянар, оянбасыңды білмей ұйқыға кету... Сіз менің күйімді елестетіп те көре алмайсыз». 
Қай ауру болса да жабыса кететінін және ол ауру өзін көрге сүйрейтінін білген Моцарттың ешбір күні Әзірейілмен диалогсыз өткен емес. Ол әрқашан іштей дайын жүрді. Әрбір туындысын бүгінгі күннің әсерімен, барынша қанық беруге тырысты. Өйткені, ертеңгі күн бола ма? Тіпті, болған күннің өзінде ертең басқа күн ғой. 

Моцарт өз тереңін екінің біріне аша бермейді. Бірақ, музыкатанушылар Моцарттың ерте кезеңдердегі шығармалары мен жасы ұлғая келе жазғандарын салыстыра келе оның өлімді жеңуге талпынғанын айтады. Әрі, Әзірейілмен диалог оның әрбір нотасына сіңген. Мүмкін орыс ақыны Пушкин: 
Представь себе... кого бы?
Ну, хоть меня — немного помоложе;
Влюбленного — не слишком, а слегка —
С красоткой, или с другом — хоть с тобой,
Я весел... Вдруг: виденье гробовое,
Незапный мрак иль что-нибудь такое...
Ну, слушай же, - деген Моцарт пен Сальери арасындағы диалогта дәл осы Әзірейіл жөнінде айтқысы келді ме екен? Ойлап қараңызшы. "Табыт, түнек және тағы бір нәрсе". Мүмкін, Моцарт өзіне сіңірген дүниені өзіне жат санады ма, әлде, бұл Пушкинге жат көрінді ме? Түсініксіз. Бірақ, Табыт пен түнектен кейінгі "тағы бір нәрсені" елестетуге сіздің күшіңіз жетер болар. 

Біз оқыған ақындар ішінде моцарттың гармониясына кіргісі келген Пушкиннен бөлек Мұқағали бар. Мүмкін, бұл екеуінен артық Моцартқа ешкім тереңдемеген де болар. Болса таныр едік, тіпті болмаса, көзіміз шалар еді. Мүмкін, сәйкестік, мүмкін, шынымен тағдыр болар. Өмір бойы өлім туралы ойлап өткен атақты австриалық композитордың соңғы шығармасы "Реквием" болды. Жерлеу рәсіміне арналған шіркеулік ән. Ол бұл жанрға бұрын аса көп жазбаған еді. Бірақ, беймезгіл шақта есігін қаққан қара жамылған адамның тапсырысын қабылдады. Артынан іздеп шығып еді, ол түнекке сіңіп жоғалыпты. 
Біреу келді де, қара киімге оранған. 
-Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! - 
Жоғалған..., - деп басталады емес пе Мұқағалидың "Жан азасы". 

Моцарттың "Реквиемі" 6 алты бөлімнен тұрады. Мұқағалидың "Жан азасы" да 6 бөлім. Тек, ақын алғашқы кіріспесін бөлімдер санатына қоспайды. Екі шығармадағы бөлімдердің атауларын, Реквиемнің латынша текстін Мұқағалидың поэзиясымен салыстырып отыруға біздің мақаламыздың көлемі ырық бере қоймас. Ұлы композитор бұл соңғы туындысын өлім аузында жатып толықаяқтап үлгермеген-ді. Оны бүгінгі біз естіп жүрген қалыпқа екі шәкірті жеткізген. Бірақ, барлық бөлімдер үшін Моцарттың эскиздері болған. 
 
Жалпы "Реквиемнің" тарихына хош делік. 
Моцарт, Пушкин, Мұқағали үштағаны туралы айтқымыз келеді. 
Пушкин оқырман алдында Моцарт үшін жауаптан қашқақтап "Табыт, түнек және тағы бір нәрсе" деп қана жылы жауып қойып еді ғой. Оны ашып айтуға Пушкиннің поэтикалық қуаты жетпеді деп айтудан аулақпыз, әрине, дегенмен Мұқағалидың "Жан азасы" Моцарттың жалғыз реквиемі емес, бүкіл шығармашылығының келбетін ашып береді немесе Моцарттың "Реквиемінде" оның бүкіл шығармашылығы өзінің ең биік нүктесіне жеткен. Музыкатанушы А.С. Казиник: "Моцарт өлімді өзінің гармониясымен жеңді", - дейді. Ал, бұл түйін Қазақ поэзиясында Мұқағалидың аузымен айтылып қойған болатын. 
Әлди, 
Әлди, 
Ақ пенде, 
Тыныштық тауып, жат менде. 
Өмірді қандай сыйласаң, 
Өлімді сондай жат көрме! 
Баурыма мәңгі сақтаған, 
Әлди, 
Әлди, 
Ақ балам... 
Әлди... 
Әлди... 
Әлди-ай!.. 
Міне, Мұқағалидың "Жан азасында" Моцарттың музыкасы, Мағжанның шешімі бар. Үшеуінің шығармашылығының түйісер тұсы - осы.
 
Ал, Берлиоз өмір мен өлім пәлсәпасында мұндай биік гармониялық шешімге келе алған жоқ. Тақырып атауына қосыла алмауының бір себебі осы болса, біз сөз еткен 4 тұлғаның ішіндегі 45 жастан асып, тіпті 66 жыл өмір сүрген Гектор Берлиоз ғана. 
Моцарт - 35 жас. Мағжан 44 жастан 45-ке қараған тұсында. Мұқағали дәл 45-те кетті. Мүмкін, үшеуінің де өлім мен өмір гармониясын ерте сезінуі әзірейілге жақындау жүргендерінен болар. 
 
Осы мақаланы жазу барысында Моцартты зерттей келе мынадай қызық дерекке тап болдым. Жоғарыда сөз еткен музыкатанушы А.С. Казиник бір сөзінде: "Моцарттың бір жарым минут қана ойналатын шығармасы бар. Мен санап шықтым. Сол бір жарым минуттық туындысында Моцарт 13 түрлі мелодия ойнатады. Есі дұрыс композитор, сол 13 түрлі мелодиядан 13 түрлі шығарма жазып, 13 рет пайда таппайды ма? Жоқ! Моцарт өзіне ештеме қалдырмай, бәрін бірден бергісі келді. Мен ойлаймын. Шын өнер адамдарына құдай өмірді жаспен емес, туындыларымен беретін сияқты. Мысалы, бір ақынға 1000 өлеңдік өмір берді дейік. Ол сол 1000 өлеңді қашан жазып бітеді, сонда қайтады. Біреу оны жылдам жазуы мүмкін, ал біреулер өлшеп, пішіп ұзақ жазуы мүмкін. Ал, Моцарт асықты. Өзінің маңдайына жазылған шығармаларын ұзақ өмірге өлшей алмады", - дейді. Күпірлікке жақындау десек те, құлаққа енетін қисын сияқты. Сондықтан, ерте кетті, олар атылып кетпегенде немесе тағдыр тамырының соғысы басқаша болғанда қазіргі қазақ әдебиеті қандай болар еді деген сияқты сандырақтардан арылу керек. Олар жазып біткен. Сол үшін кетті. 

Ендігі сауал, бізді неге осы өлім күйін кешкен ақындар мен композиторлар өздеріне баурайды да тұрады? Біз олардан не табамыз? 
Мысалы, Моцарт музыкасы Альцгеймер ауруына шалдыққандарға ем ретінде қолданылады. Ми жұмысын жақсарту үшін дәл осы композитордың туындыларын тыңдауға кеңес беріледі. Тіпті, құрсақтағы балаға да Моцарт музыкасын тыңдатады. Біздің балалар мектеп жасынан Мұқағали мен Мағжанды оқып өседі. Ондағы ауыр түсініктер мен өзіндік ауура бала санасына ауыртпалық түсірмей ме деген сауал туындайтыны тағы заңды құбылыс. 

Біздіңше, енді жетіліп келе жатқан бала миы Моцарт музыкасын бейсаналы түрде қабылдау арқылы композитордың өмірде кешкен сезімдеріне құрсақта жатқаннан дайындық жасайтын секілді. Мүмкін, адам баласы тағдырлы ақындар мен композиторлардың шығармаларына болашақта өз өмірлерінде кездесер қиындықтарға алдын-ала шыңдалу үшін жүгінетін болар. Бізге ол жағы мүлде бұлыңғыр. Анығы біреу-ақ. Жақсы музыка мен шын поэзия адам жанының емшісі бола алады. Бұл ғылыми дәлелденген дүние. Тек бір өкініштісі, әлем өз музыкасы мен поэзия жауһарларына тек өнер туындысы ретінде қарамай, оларды адам психологиясын түзеуге қолданып жатқанда, біз әлі өз күйлеріміз бен әдебиетімізді бір жүйеге келтіре алмай жатырмыз. 

Ең қарапайым бір күні, жұмысқа келіп, әлеуметтік желіні ашып қалғанда жұлдыздардың жаңалықтарын емес: "Қазақ ғалымдары Төлегеннің күйлері мен Мағжан поэзиясының психологиялық ауруларға дауа екенін анықтады" деген сарындағы мақала оқығымыз келеді.
Т. Раушанұлы