- Негізгі бет
- Тұлға
- Досхан Жолжақсынов: Тәкеңнің...
Досхан Жолжақсынов: Тәкеңнің зердесіне компьютердің өзі де ілесе алмайтын
Өскеменде «Құнанбай» көркем фильмінің тұсаукесері өткенде Қазақстанның Халық әртісі, жерлесіміз Досхан Жолжақсыновпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Кино өнерінен басталған әңгімеміз жазушы Таласбек Әсемқұлов ағамыз жайында өрбіді.
Құрманғазыны түсіруге қорықтық
– Сізді былайғы жұрт актер деп танитын еді. «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмі режиссер деген атақты қосып берді. Кез келгеннің жүрегі дауаламайтын бұл қадамға қалай бардыңыз?
– Менің Біржан салға келуім бойымдағы ән өнеріне, күй өнеріне деген жақындығымнан болды. Әкемізден тартып алғандай 4-сыныпта жүріп домбыраны үйрендік. Өнерге деген құштарлықты әкеміздің қасында жүрген достарынан, сол кісілердің ортасынан алдым. Абай, Ахмет, үкілі Ыбырай, Ақан, Біржан сал, жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсіп сынды қазақтың дара тұлғалары туралы сол кісілердің аузынан естуші едік. Ол кісілер жай, жалпылама дүние емес, заманның тарылып бара жатқанын, өнерге, руханиятқа деген салғырттықты қынжыла әңгімелеуші еді. Сол қынжылыстар маған ауыр жүк артып, өнерге бет бұруға жетеледі.
Өнер ордасына келіп, актер ретінде біраз тәжірибе жидық. Киноға түсіп жүрген кезде режиссерлердің ой-толғамына, іс-қимылдарына көз салып отыратынмын. Кей жерлерде өз рөліме байланысты жеке пікірімді қосқанда, сол режиссерлер маған «сенің режиссерлік қырың бар» деуші еді. Оған семірген мен жоқ. 2004 жылы «Көшпенділер» киносына түстім. Сол кинодан кейін голливудтық әртістер мен режиссерлерден өнерге деген, киноға деген жаңа үрдісті, жаңа ықыласты аңғардым. «Жаңадан кино түсірсем» деген тың ой келді. Содан Біржан салға тоқталдым. Өйткені, Біржан сал шығармашылығы жаныма жақын болды. Біржанның тағдырындағы қарама-қайшылық, әндеріндегі қысқа тіркестермен көп нәрсені беретіндігі, соқпағы көп тағдыры киноға сұранып тұрды. Содан сценарий жазатын адам іздедім. Қазақ өнерінде Мұқағалиды, Асқар Сүлейменовті көрген Әлия Бөпежанова деген апамыз бар. Сол кісіге өтінішімді айттым. Ол кісі Таласбек Әсемқұловты таныстырды. Тәкең екеуіміздің ойымыз тез табысты. Ол кісінің Абылай туралы жазған сценарийі бар екен, әуелі соны оқытты. Өте ұнады. Жалпы өнерде мейлі шығармашылықтың қандай түрі болсын, сәтті шығаруың үшін тақырыбың дұрыс болуы керек. Біз «Біржан салды» сол себепті таңдадық, әрі мұнымыз қате қадам болған жоқ. Көрермендерімізді бір серпілтіп, өзімізге деген сенім ұялаттық. «Енді келесі тақырыбымыз кім болады?» деген сауалдың жетегінде біраз жыл жүріп қалдық. Бекет атаны түсірмекші болдық, бірақ Бекет атаны түсірудің құрығы ұзын болғанымен, киноның өрісі шартты ғой, бұл заманда көгілдір экраннан әулиені қалай көрсетесің?.. Құрманғазыға бір тоқталдық. Бірақ өнер өмір емес, қалт жіберіп аламыз ба деп, қасиетті өнердің киесінен қорықтық. Ақыры, көп ойланып барып Құнанбайға тоқталдық. Біздің алдымызда алып жартастай ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) тұрды. Одан бері әйгілі алаш танушы Тұрсын Жұртбай тұрды. Біз Құнанбай туралы деректерді көп ақтардық, көзі тірі ақын-жазушылармен кеңес құрдық. Нәтижесінде, бір жылдың ішінде сценарин жазып шықтық.
Тобықтыда Құнанбайдан білгір, Құнанбайдан өткен шежіреші болмаған
– «Құнанбай бейнесін мен сомдасам деушілер» болмады ма?
– Құнанбай рөлін басқа актерлерге беру керек пе деген де ой болды. Кеңескен адамдарымыздың көбі «Құнанбай батыр, зор денелі кісі болған, сондықтан актердің иығы мынандай, бойы анадай болуы керек» деген әңгімелер шықты. Бірақ мен сценарий жазыла бастағаннан бастап басы-қасында болдым, Құнанбайға қанықтым, кәсібім – актер, сондықтан өзімді ұсындым. Тіпті сценарийдегі Құнанбайдың ғана емес, Барақтың, Зеренің, Күнкенің де сөздері жадымда жатталып, олардың қимыл-қозғалыстарына дейін көз алдыма елестетіп қойдым, былайша айтқанда, алпыс екі тамырыма сіңіріп алдым. Енді келіп оны қалай басқа біреуге беремін, оның үстіне оған басқа бір адамды дайындау біраз уақытты алады ғой. Содан «нартәуекел» деп бел будым да, Құнанбай бейнесін өзім сомдауға кірістім. Нәтижесі жаман болмаған сыңайлы, бастапқы Құнанбайдың өлшемін айтқан кісілердің өзі келіп жақсы бағасын беріп жатты. Театр мен кино – адамның шынайы жандүниесі. Өкінішке орай бүгінгі режиссерлердің көбі атыс-шабыспен көп уақыттарын жоғалтып алады. «Құнанбайды» түсіргенде осы жағына баса назар аудардық.
Бұл киноның тұсауын ең әуелі Астана, Алматы қалаларында кестік. Қуанышыма орай, тұсаукесерден кейін Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов сынды ағаларымыз сахнаға көтеріліп, көп нәрсе айтты. Көкірегіме қонғаны «Құнанбайды қайта қайтару ұлы Мұхаңның ұлы арманы еді, айналайын Досхан, сол арманды сен орындадың» деді Әбіш ағамыз. Бұл сөз маған үлкен қанат бітірді. Мойныма үлкен жүк артты. Келесі дүнием бұдан төмен болуға қақысы бар ма?! Бірақ өнер мен өмірде біріңғай ақбоз ат мініп, ойқастап жүруің екіталай. Кейде тақымыңа мәстек те тиеді. Бірақ бір нәрсе-ақ, ол әке-шешеден алған тәрбиенің арқасында біреудің ала жібін аттамай, өнерде ақ қалпыңда жүру, адал болу.
– «Құнанбай» фильмін көріп болған соң, киноның көркем тіліне таңғалғандар көп болды. Бұл тіл «Біржан салда» да бар еді ғой?
– Ол — ұлы Таласбектің еңбегі. Бір ғажабы, Тәкеңнің зердесіне, ойына компьютердің өзі ілесе алмай қалуы мүмкін. Тәулік тәртібіндегі Тәкеңнің еңбегіне кісі қызығатын. Ол әйгілі мұрағаттар мен кітапханалардың бәрінде отырып жұмыс істеген адам. Ол кісі сол кітапханаларға барып ешқандай көшіруге болмайтын дүниелерді оқып қана санасына тоқып алады екен. «Осы жазып жүргендерімнің бәрі сондағы жадымда жатталған дүниелер» деп отырушы еді. Анау «Біржан салдағы», мынау «Құнанбайдағы» сөздердің бәрі халықтың жадында афоризм болып қалатын тіркестер емес пе?! Қайсысында болмасын заман тынысын дәп басып, сол дәуірдің тілін тамаша берген. Тәкеңнің ұлылығы – зерттеп жүрген дүниелерін үлкен ыждағатпен зерделеуі. Бұл – өз ұлтына деген үлкен құрметінен туған ғой. Екеуіміздің арамызда үлкен-үлкен жоспарлар бар еді, бірақ сәтте кетіп қалады деп кім ойлаған?! Осы киноларды көрген сайын Тәкең есіме түсіп, көзіме жас келеді, бір қанатымнан айырылғандай қапалы күй кешемін. Биыл тірі болса алпысқа толар еді. Өзім тойлап беремін деп уәде беріп едім…
– Әлі де өткізуге болады ғой…
– Дайындаламыз. Бәлкім отбасымен ақылдаса отырып, артында қалған дүниелерді жинастырамыз.
– Итжеккенге айдалып бара жатқан Құнанбайды өзінің бақталасы Барақ сұлтанның барып құтқарып қалуы рухымызды бір серпілтіп тастады. «Қазақтың жауы – қазақ» деп ұрандатып жүргендерге таптырмас жауап болғандай. «Құнанбайды көп зерттедік» дедіңіз, сіздің ойыңыздағы аға сұлтанды білсек.
– Бабаларымыздың далалық, кең, мәрт мінезін көрсету осы көркем фильмнен ұтқан ең үлкен көрінісіміз. Бүгінгі таңда елдің, жердің иесі ауызбірлігі жарасқан қазақ екенін ұқтыру үшін өте қажетті кадр. Елбасымыздың Жолдаулары да, қадамдары да біздің осы ойымызға саяды. Негізгі экономикалық, ұлттық мәселердің бәріне Құнанбай биігінен қарай алсақ осал ұлт болмаймыз. Басқа өңірде болса, болған шығар, дәл тобықты елінде Құнанбайдан білгір, Құнанбайдан өткен шежіреші болмаған. Кеңес дәуірі оны қанышер етіп көрсеткенімен, ұлт болашағын ойлауда Құнанбайдан өткен кемеңгер болмаған. Айталық, Кенесары көтерілісі бұрқ ете түскенде, қолдарына шоқпар ұстаған азғана топтың ертеңгі болашағын ойлаған аға сұлтан әйгілі күйші Тәттімбет Қазанғапұлын Кенесарыға жіберіп «алдына малын салып беремін, жерін бөліп беремін, бірақ мына бүлігін тоқтатсын» деп сәлем айтады. Бірақ ашулы Кенесары Тәттімбеттің өміріне қауіп төндіреді. Ортаға Бопай түсіп, елшіге тискізбей кері қайтарады. Міне, осы қадамның өзі Құнанбайдың көрегендігін көрсетпей ме?! Тағы бірде орыс әскерімен бірге Жетісу жеріне кетіп бара жатқанда намаз оқып жатқан Кенесарының әскерінің үстінен түседі. Құнанбай қолына қару алған орыс әскерін тоқтатып тастайды. Бұл өз ұлтын беріле сүйген, дінге берік, тек парасатты жандардың ғана қолынан келеді.
Қазақ киносы қаржыны ақтамайды
– Түйені тісімен шешіп әкеткен жартылай жалаңаш әйелді сынаушылар да жоқ емес…
– Бұл біздің дәстүрімізде бар. Біз ауадан алғамыз жоқ. Тіпті, қырғыздың «Манас» жырында да кезігеді. Біз бұл арқылы қазақ қыздарының батырлығын көрсеткіміз келді. Қазір бұдан сорақыларды да көрсетіп жатыр, соларды көрмей, бәзбіреулер дәстүрде болған дүниелерді сынағысы келеді. Кейбір адамдар үшін күйе жағып қалуға таптырмас орай болған шығар, бірақ бұл — Өскенбайдың асында болған дүние. Басын айырып алатын бір мәселе, бұл — қыз емес, үш баласы бар әйел. Ол аста күйші Тәттімбет асаба болған. Тәттімбет пен Құнанбай арасынан қыл өтпестей, бір-бірін қас-қабағынан түсінетін дос болған. Осы орайда әйгілі күйшінің қадірін білген Құнанбайға, Құнанбайдың қадірін білген Тәттімбеттің ісіне де сүйінесің. Бірі — ұлы саясаткер, бірі ұлы өнерпаз. Міне, біздің бабаларымыз осындай қарым-қатынаста болған.
– Иә, «Құнанбай» туралы әркімнің өз есебі өзінде. Ал өзіңіздің әттеген-айыңыз бар ма?
– Кино болғаннан кейін, жұмыс болғаннан кейін кемшіліксіз, мінсіз дүние шығару қиын. Дегенмен өз мақсат-мұратымызға жетіп, ойлаған ойымызды іске асырдық. Кейбір операторлық қызметтерде, көрінестерде жетпей қалған жерлері, былай болса қалай болар еді деген ойлар жоқ емес. Киноның театрдан бір өзгешелігі дейміз бе, қиындығы дейміз бе, осында жатыр. Театрда кеткен қателігіңді екінші қойылымда түзетіп аласың, ал кинода таралды, бітті, кетті.
– «Біржан сал» мен «Құнанбайды» тамашалаған көрермендеріңіз «енді қандай сый жасайды?» деп елеңдеп жүрген болар?
– Қазір бір нәрсені айту тұрмақ, ойлаудың өзі қиын болып кетті. Мен үшін «Құнанбайдан» кейін барлығы таусылып кеткендей көрінді. Таласбектен айырылып қалғаннан соң ба, қазір бағыт, не бағдар жоқ. Екінші бір жағынан қаржылық дағдарыста тұрмыз. Бұл сең кем дегенде 2018-2019 жылдардан әрі қарай қозғала бастауы мүмкін. Бірақ оған дейін қарап отырмаспын. Ойда алаш көсемі Әлихан, үш жүздің басын қосқан Абылай хандар бар. Бірақ Тәкеңдей тілге бай жазушы кезікпейтін шығар.
– Түсіріп жатқан киноларыңыз өзіне кеткен қаржысын ақтай ала ма?
– «Біржан сал» мен «Құнанбайды» қойып, «Көшпенділердің» өзі ақтай алған жоқ. Ақтай алмайды ғой, қайдан ақтайды, 35 миллион қаржы кетсе. Оның үстіне еліміздегі кинотеатрлардың түрі белгілі, қазақ киноларын көрсетуге орынды сұрап ала алмайсың. Түгел жекеменшікте. Бір жағынан оларды да кіналай алмайсың. Бұл тарапта үлкен жұмыс істеу керек. Көрші мемлекеттермен сөйлесу қажет. Бірақ бұл жайында бас ауыртып жүрген ешкім жоқ.
– Сізді қазақ хандығының 550 жылдығына орай қолға алған «Қазақ елі» деген киноға түсіп жатыр деп естідік. Көрермендеріңіз сізді кімнің бейнесінде көреді ол сериалда?
– Менің білуімше, 12 сериалы кино болып шықпақшы. Наурыз айында алғашқы сериалдары беріле бастайды-ау деймін. Бұл киноның режиссері – Рүстем Әбдірашов. Сценарийін бірнеше адам жазған, оның ішінде Смағұл Елубай ағамыз бар. Байқағаным жақсы бір шешіммен түсіріліп жатқан, елдің көңілінен шығатын дүние болады-ау. Бұл кинода Әбілхайыр Шайбанидің бейнесін сомдаймын. Әрине, бұл киноның тілін де Таласбектің тілімен салыстыру қиын. Түсірілім ақпан айының ортасына қарай аяқталуы керек.
- Қазақтың ұлы мерекесі – наурыз тойы келе жатыр. Осыған орай туған еліңізге, жеріңізге деген ақ тілегіңізді тыңдасақ.
- Шырайлы Шығысты мекен еткен әр ошақтың түтіні тұзу ұшып, мешін жыл бақ-береке сыйласын. Жаратушы ие қазақты бейбіт күннен, тойдан айырмасын!
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Мұратқан Кенжеханұлы
Дереккөз: "Дидар" газеті
Y. Almabek