Британдық әйгілі «Битлз» тобының мүшесі Джон Леннонның 1960-жылдары қолды болған гитарасы сенбі күні АҚШ-тағы Беверли-Хиллс аукционында 2,41 миллион долларға сатылған. Гитараны сатып алушы өз аты-жөнін жария еткісі келмеген.
Леннон 1962 жылы Ливерпульде сатып алған Gibson J-160E гитарасын кейін «Битлз» тобының орындауында күллі әлемге таралған «Love Me Do», «Please Please Me», «I Want to Hold Your Hand» және «From Me to You» әндерін жазған кезде пайдаланғаны мәлім.
1963 жылдың аяғында Лондонда рождество мерекесі кезінде «Битлз» қойған концерттен соң ұрланған гитара арада бірнеше жыл өткенде АҚШ-тағы комиссиялық дүкендердің бірінде саудаға қойылған. 1970 жылы гитараны бірнеше жүз долларға сатып алған музыкант Джон Маккоу алғашында оның кімдікі екенінен хабарсыз болған. Уақыт өте келе музыканттың достары бұл аспап «Битлз» тобының суреттеріндегі Джон Леннон ұстаған гитараға қатты ұқсайтынын байқаған деп хабарлайды ВВС.
Кейін Джон Леннонның фотосуреттері мен кинокадрларды салыстырып, талдаған сарапшылар бұл аспап бір кездері Джон Леннон жоғалтқан гитара екенін анықтаған.
Дереккөз: azattyq.org