Голливуд жұлдызы Джейсон Стэтхэмнің балалық шағы аңызға толы. Ұзынқұлаққа сенсек, жекпе-жек өнеріне деген қызығушылығын ағасы тудырған. Әлемнің болашақ жарық жұлдызы бала кезінен футболға, суға секіруге құмар болған. Ресейдің filmpro.ru сайты атағы жер жарған актерден сұхбат алған екен, біз қазақ тіліне аударып жариялауды жөн көрдік.
– Менің інім сіздің фильмдеріңізді қатты ұнатады, жасы 16-да, сабақ үлгерімі нашар, қандай оқуға түсетінін білмейді. Істейтін іс таппай жүр. Ініме қандай кеңес айтар едіңіз?
– Кеңес дейсіз бе? Білмедім, тіпті, менің жасым... Ол 15-те ме?
– Жоқ, 16-да.
– Өз басым 16 жаста болғанда не істейтінімді білмедім. Егер ол спортқа қызығатын болса, көшеден аулақ жүргені дұрыс. Бірақ өзім көшеде жұмыс істедім. Көшірме әшекей мен әтір сатумен айналыстым, көшенің алаяғы болдым. Осы жұмыспен 15 жасымнан бастап 30-32 жасқа дейін айналыстым. Сондықтан өз өмірім мен болашағым жайлы ойлануға уақытым көп болды. Сонда да болашағым қандай болатынын білмедім. Бәрі де мүмкін, бір адам өміріңді өзгертіп жібере алады. Кинорежиссермен кездесуім өмірімді бастан-аяқ өзгертеді деп ешқашан ойламаппын. Керек жерде, керек уақытта, керек адамға жолықсаң, алдыңнан барлық есік айқара ашылады.
Редакциядан: Стэтхэмнің өміріндегі ол адам – Гай Ричи. 90-жылдардың ортасында ол өзінің алғашқы фильміне түсіру үшін Англия көшелерінен актер іздейді. Тағы бір аңызға сенсек, Стэтхэм Ричиді көргенде, бүкіл өнерін салып, оған көшірме алтын бұйымды сатып жібереді. Фильмге түскен соң да ақшасын қайтарудан бас тартады.
Мен төбелес өнерін жақсы көрем, джиу-джитсу (жапон жекпе-жек өнері) және кикбоксингпен (бокстың бір түрі) үздіксіз айналысам. Бұл екі өнер жұмысыма көмектесе алады. Түсірілімге керек болмаса да, осы өнермен айналысар едім, өйткені жаныма жақын.
– Джиу-джитсумен Гай Ричимен бірге жаттыққаныңызды естідім. Кім мықты?
– Өз саласында үлкен жетістікке жететін мүмкіндігі бар оның. Біз джиу-джитсумен бірнеше жыл бұрын машина қоятын орында жаттыға бастадық. Кейін жаттығу залына келдік. Ол көп күш жұмсайды. Ол – жақсы спортшы.
– Миксфайт (ережесіз жекпе-жектің бір түрі) жайлы естідіңіз бе? Байқап көргіңіз келмей ме?
– Жоқ, жоқ. Бұл нағыз жігіттерге арналған. Нағыз төбелес шеберлерін қатты құрметтеймін. Федор Емельяненко сүйікті спортшым болды. Бұндай адамдар маған шабыт береді. Біздің жасап жүргеніміз басқа, қойылым қоямыз, ал олар – нағыз батырлар.
– Өзіңізді шабыттандыратын, актерлік жолыңызда сізге ықпал еткен басқа да жекпе-жек шеберлерін атай аласыз ба?
– Ондай адамдар көп, ал кино мен жекпе-жек өнерін қатар алып жүргендер жайлы айтар болсам, ең алдымен Брюс Ли, Джеки Чан сияқты жігіттер есіме түседі. Өйткені олар бәрін ойдан құрастырып, өз трюктарын өздері орындайды. Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер сияқты аңыз адамдар да бар, өз басым ондай кісілерді қатты құрметтеймін. Сосын Пол Ньюман, Чарльз Бронсон және Стив Маккуин сияқты "ескі мектептің" өкілдері бар, осы кісілер сияқты болғым келеді. Олар қарапайым актерлер сияқты емес.
Сұхбат filmpro.ru сайтынан аударылды