Джет Ли: "Мен ерекше адам емеспін"

Голливуд жұлдыздарымен таныстыруға арналған циклды материалдарымызды жалғастырамыз. Бұл жолы кезек әрбір фильмінде төбелес өнерінің шеберін сомдайтын қытайлық актер Джет Лиде. Джет Ли (шын аты Ли Ляньцзе) 1963 жылы Бейжіңде 26 сәуір күні туған.

Джеттің екі әпкесі мен екі ағасы болды. Кенже бала екі жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. Әкесіз қалған отбасы кедейлік ғұмыр кешеді.

Ол 8 жасында мектепке барғандықтан, қатарластарынан сәл үлкен болады. Жастайынан дене шынықтыру сабақтарын өткізіп, үлгілі оқушы болғандықтан да оны мұғалімдері қатты құрметтеп, сыйлайтын болған. Екінші сыныбында Джет қатарластарымен бірге жазғы лагерьге барып, сонда ушу төбелес өнерімен айналыса бастайды. Кейін актердің өзі спортқа арнайы қызығушылықпен бармағанын, тек сыныптастарымен бірге болған соң ғана ушумен айналыса бастағанын мойындапты. Демалыстан кейін ұстаздар өзге оқушыларды үйіне тарқатып, ал Джеттің қалуын өтінген. Осы уақыттан бастап оның шеберлігін шыңдайтын жаттығулар күн сайынғы әдетке айналады. Бірнеше сынақ кезеңінен өтіп, кейіпкеріміз 1972 жылы ушудан ұлттық чемпионатқа қатысады. Онда «Үздік шебер» жүлдесін алады. Осы жеңісінен соң Лиді күнделікті сабағынан босатып, арнайы жаттығу мектебіне жібереді.

1974 жылы Қытайда ушу спортшыларының жарыстары өткізіліп, ең мықты делінген 30 адам таңдалады. Бұл отыздықтың ішінде Ли де бар. Бұл команда АҚШ-та Қытай елінің намысын қорғауы керек болады. Осы сапар Джеттің өмірін түбегейлі өзгертті.

Ли АҚШ елінің заңы мен ережелерін оқып таңғалады. Олардың не жайлы айтатынын, не істеп-не қоятынын қадағалайтын жасырын камералардың да болатынын білген ол қонақүй бөлмесінде әрбір ваза мен шамның жанына барып шоколад және тағы да басқа тәтті-пәтті жегісі келетінін айтады екен. Қонақүйге қайта оралғанда айтылған тәтті-пәттілер дастарқанда тұрғанда Джет таңғалады. Ал оның жарыстарда көрсеткен өнерін президент Ричард Никсонның өзі мақтайды. Осы бастан Лидің АҚШ мәдениетіне деген ынтызарлығы оянады. Америкалықтармен сөйлесе келе, олардың кең жарқын, көңілді екенін және олармен қарсыласуға болмайтынын біледі. Оның өмірге деген көзқарасы осылай өзгереді.

Отанына оралған Ли ушудан бірінші ұлттық чемпионатқа қатысып (1974), бірінші орынға ие болады. Осыдан соң оған Қытайдағы ең үздік деген шеберлер сабақ бере бастайды. Ал 1975 жылы, 12 жасында Ли бес бірдей аталымда жеңімпаз атанады. Айта кетелік, бұл жарыста үлкен азаматтар да Джетке қарсылық білдіре алмаған.

Киноөмір

18 жасында Джеттің спорттағы көзтартар әрекеттерін байқап қалған режиссерлер оны киноға түсуге шақырады. Қытайлық режиссерлер оған екінші Брюс Ли болу керек екенін айтып мақтағанда бала Джет өз алдына сол мақсатты қояды. Оның ең бірінші фильмі «Шаолинь ғибадатханасы» (1982) деп аталады. Сол фильмде Ли басты кейіпкерді сомдайды. Фильм бірден көрермен тартып, кейінде тағы да екі сиквелі түсіріледі: «Шаолинь ғибадатханасы 2: Шаолинь балалары» (1983) және «Шаолинь ғибадатханасы 3: Шаолиньнің төбелес өнері» (1986). Соңғы серия 1989 жылы кеңестік елдерде де теледидардан көрсетіле бастайды. Дәл осы шаолиньдік трилогиядан кейін оған «Джет» деген ат беріледі. Джет сөзі – «реактивті» деген мағынаны білдіреді екен.

Отандық бірнеше фильмге түскен соң ол бүкіл әлем танитындай атақ жинайды. Кейінде 1998 жылы Голливуд сахнасына шығады. Тұңғыш рет «Ажалды қару 4» фильмінде Джет жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдайды. Бұл рөл бастапқыда Джеки Чанға арнайы жазылып, бірақ актер одан бас тартқан болатын.

Кейінгі фильмдері қатарында «Ромео ажал құшуы тиіс» (2000 жыл), «Айдаһардың сүюі» (2001 жыл), «Бірден-бір» (2001 жыл), «Қаһарман» (2002 жыл), «Бесіктен табытқа дейін» (2003 жыл), «Шынжырлы ит Дэнни» (2005 жыл), «Ержүрек» (2006 жыл), «Соғыс» (2007 жыл) сияқты көрермен көзайымына айналған туындылар бар.

  Бір қызығы, актер «Матрица», «Тасаланған жолбарыс, жасырынған айдаһар» фильмдеріне шақырту алып, олардан бас тартқан. Себебі ол әйеліне егер жүкті болса ешқайда да кетпей, қасында болатынын айтып, серт берген екен.

Лидің «Тасаланған жолбарыс, жасырынған айдаһар» фильміне бармаған себебі де осы. Ал компьютерленген «Матрица» фильмінде оның өнері еш қажет болмайтынын айтып, оған әрбір актер де түсе алатын болғандықтан бас тартыпты-мыс.  

Жеке өмір

1987 жылы Джет Ли Хуан Цюяньға үйленеді. Хуан да спортшы. Ол да «Шаолинь ғибадатханасы» фильміне түскен екен. Олардан екі қыз тарайды. Ал 1990 жылы Джет пен Хуан ажырасады. 1999 жылы Джет қытайлық актриса Нина Ли Чимен отасады.

Джет Лидің 5 өмірлік сабағы

1. Бойсұну – сенің басты қорғанысың.

«Айналаңдағы жау сенің эгоң көтерілген сайын күшейе түседі. Мен ерекше адам емеспін, мен тек төбелес өнерімен көп айналысқанмын. Енді қолымнан не келетінін көрсетіп қана жүрмін. Әлемде мұны қайталай алатын адамдар өте көп».

2. Үйлесімділік – күштен маңыздырақ.

«Төбелес өнері адамға ауыртпашылық әкеледі деп ойласам мұңайып кетемін. Ең бастысы төбелес емес екенін көрсетуге мүмкіндігім болмады. Бұл ақ пен қараның теңдігі, инь мен янның үйлесімділігі. Тек үйлесімділікті танып қана ұлы бола аласың».

3. Бақыт әрқашан да сенімен бірге.

«Бақытты іздеп алыстарға кетудің қажеті жоқ. Ол сенің мына бөлмеңде. Сен проблемаларыңның барлығын да жүрегіңе сақтағансың, сол үшін өзіңді өзің тануың керек. Өзіңнің кім екеніңді білуің керек. Өзіңнің ішкі әлеміңді танып алсаң, ешкімнен де қорықпайтын боласың».

4. Сен туралы өзгелердің пікірі тек фондық музыка.

«Өзгелердің сені бағалауын музыка ойнап тұрған апаратты тыңдағандай бол. «Сен әдемісің!» - трам-пам-пам. «Сен ақымақсың!» - трам-пам-пам. Егер өзгелердің саған берген бағасы сені алаңдатса есің дұрыс емес».

5. Өлім өмір сыйлайды.

«Мен өлуге дайынмын. Егер адам баласы бүгін немесе ертең өлетінін білсе әрбір сәтті бағалай бастайтын еді».

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: artvideo.my1.ru, flector.ru