Атақты әртіс, каскадер, кинорежиссер, продюсер, сценарист, әнші Джеки Чан өзінің жеке ұшағын халыққа көрсетті. Legacy 650 деп аталатын жеке ұшақтың бағасы 200 миллион юань(шамамен 32 миллион АҚШ доллары) тұрады. Ұшақ ішінде VIP асхана, тоңазыту бөлмесі және сусындақтар мен шарап сақтауға арналған бөлме де бар. Ұшақтың бір рет әуеге көтерілуіне 50-80 мың АҚШ доллары жұмсалады екен.
Көркем дизайны көздің жауын алатын ұшақ 13 адамға арналған. Тек осы ұшақта ғана қызмет атқаратын әуе қызметкері, аспаздар, даяшылар жұмыс атқарады. Джеки Чан БАҚ өкілдеріне жеке ұшақ сатып алудағы ең басты мақсаты оның көздеген жерге жету үшін уақыт үнемдеу екендігін айтты. Сонымен бірге Джеки Чан: «Бұл менің өнердегі достарымды күтіп алуға да көп мүмкіндік береді» деді. Ұшақ әртүрлі бағытқа жол аларда оны тіркеру, уақыты мен жиілігіне рұқсат алу қажет деді ол тілшілер қауымына.
Естеріңізге сала кетейік, Джеки Чан 1954 жылы 7 сәуірде Гонконг қаласында кедей отбасында дүниеге келген. 1971 жылы академияны бітіріп, кинодағы жолын каскадерліктен бастаған қайтпас қайсар Джеки Чан актерлік өмірде де небір аса қауіпті трюктерді өзі орындап, басын талай қатерге тіккен. Екі омыртқасын, мұрнын, аяғы мен қолын да талай сындырып, кеңірдегін жаралап, көзінен де айырылып қала жаздаған. Тіпті бас сүйегін де сындырып, өлімнен қалғанын жұрт біле бермейді. Сонымен қатар Джеки Чан әнші, көптеген киноларындағы әндерді өзі орындаған, 80 жылдардан бастап қазіргі күнге дейін 20 альбомды әндер жинағын шығарған. Бірақ, қалың жұрт Джеки Чанды әнші ретінде емес, әртіс ретінде таниды.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: chinadaily.com.cn