Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы және басшысы Джек Ма соңғы 4 жылда 2 рет Қытайдың ең бай адамы атанды. Маның байлығы 1 жыл ішінде 35 пайызға артып, 39,1 миллиард долларға жетіп отыр. Тізімнің екінші сатысына Evergrande Real Estate Group компаниясының директорлар кеңісінің басшысы Сюй Цзяинь 36,2 миллиард доллармен жайғасқан. Былтыр Сюй Цзяинь 43 миллиард доллармен Қытайдағы ең бай адамдары көшін бастаған еді. Tencent телекоммуникация компаниясы басшысыПони Ма34,8 миллиард доллармен үштікке енген. Ал былтыр Пони Ма 37 миллиард доллармен Қытайдағы ең бай адамдар тізімінде екінші орын алған еді. ТАСС ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, Қытайда барлығы доллармен есептегенде 620, юаньмен есептегенде 1893 адам миллиардер. Ал былтыр доллармен есептегенде байлардың саны 647 болған екен. Жалпы алғанда қалталы азаматтардың саны былтырғыға қарағанда 11 пайызға азайған. Оған себеп Қытай мен Америка арасындағы сауда соғысы. Нәтижесінде жалпы тізімнен 456 адам шығып кеткен. The New York Times басылымы Джек Ма 54 жасқа толған туған күнінен соң өзі негізін қалаған Alibaba Group компаниясын тәрк етіп, енді қайрымдылық пен білім беру жобалары бойынша жұмыс істейді деп мәлімдеген еді. Жақында Alibaba өкілі компаниясының құрылғанына 20 жыл толмай кетпейтіні туралы жазған едік. Хабарларға қарағанда болашақта Джек Ма өз орнын компания бас директоры Дэниэл Чжанға босатып беруі мүмкін.