- Негізгі бет
- Тұлға
- Джек Ма: "Біз...
Джек Ма: "Біз мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз"
Әлемдегі ең бай адамдардың бірі, "Alibaba" корпорациясының негізін қалаушы Джек Ма (шын аты-жөні – Ма Юн) 1964 жылы 15 қазанда Шэньчжоу қаласының Гулай ауданында өмірге келген. Қытай кәсіпкері, атақты "Alibaba Group" корпорациясының негізін қалаушы және төрағасы. Фотосуреті Forbes журналының мұқабасында жарияланған Қытайдағы алғашқы бизнесмен. 2014 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша кәсіпкердің жалпы байлығы 32,7 миллиард долларға бағаланып, Қытайдағы ең бай адамы атанды. Ал әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 18-орында. Ол бала кезінде ағылшын тілін үйрену үшін алыстағы қонақ үйге күнде таңертең велосипедпен қатынайтын болған. Осылай шетелдіктерге қаланы аралатып жүріп ағылшын тілін үйренген. Әлемге Джек Ма атымен танылған Ма Юннің жастарға арнаған үндеуін назарларыңызға ұсынамыз.
"Менің әкем дәулетті адам емес еді. Үш жыл тапсырып, университетке түсе алмадым. Гарвардтқа тапсыруға 10 жылым кетті, түсе алмадым. Соңында оқытушыларды дайындайтын колледждің студенті атандым. Сол уақыттарда жұмыс табу қиын еді. 1994 жылдарда оқытушылар 10 доллар үшін 1 ай жұмыс істеуге келісетін. Отызға жақын компанияның есігін қақтым. Ешқайсысы жұмысқа қабылдамады. Мектепте ағылшын тілінен сабақ бере жүріп, өмірімді өзгертетін армандарым маған күн сайын тыныштық бермеді. Бір күні ғаламтор дейтін жаңалықты естідім. Ол кезде көпшілік ғаламтордың не екенінен хабардар емес-тін. Күн-түн демей ғаламторды үйрендім. Оған қатысты кітаптарды оқыдым, пайда болу тарихын зерттедім.
Содан соң мен ол арқылы тапсырыс алып, Қытайда жасалатын өнімдерді жеткізіп беру үшін делдалдық ететін компания ашуға болатынын білдім. Бұл ойымды айналамдағыларға айтқан кезімде, олар мені мазақ етті. Қияли деп келеке қылды.
Жұмысты бастау үшін банктен 3 мың доллар алуға 3 ай уақытым кетті. "Alibaba"-ға қатысты мақсаттарым тек қана арман екенін айтып көптеген компаниялар инвестор болудан бас тартты. Менің алдымда үлкен табыс пен болашақ бар екеніне сендім. Көп еңбектендім. Соңында тынымсыз бейнеттің арқасында 18 инвестордан 50 мың АҚШ долларын жинай алдым.
"Alibaba" 3 жыл бойы 1 доллар да пайда әкелмеді. Сіздерге осы жылдар аралығында мені не шабыттандырғаны қызық болса керек? Бұл бізге келетін хаттар еді. Олар әзірше бізге көп қаржы төлей алмайтынын, бірақ бұл жұмысымыз үлкен идея екенін, болашағымыз жарық болатындығы туралы айтып жазатын. Олар "Қазір бізге көмектессеңіз, күндердің күні біз дамимыз. Сосын біз сізге көмек қолымызды созамыз. Сіз де алып компанияға айналасыз" деген мазмұндағы хаттар жолдайтын. Осылай кішкентай пайдамыз уақыт өткен сайын үлкейе берді. Шынында да 16 жыл өтіп бізде бәрі болды: сауда ғимараттары, электрон төлеу тізімі, дүниежүзі бойынша миллиондаған клиенттер және жетекші өнім өндіруші компаниялар.
Табысты адамдардағы ортақ қасиет – табандылығы. Олар болашаққа табандылықпен қадам басады. Олар өмірге оптимистік көзқарастармен қарайды. Бүгінгі жастар жұмыс таба алмайтынын айтып налиды. Бұ – қате! Айналаңызға қараңыз – біз мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сіздің ең күшті қаруыңыз – жастық дәуреніңіз. Бұл мүмкіндіктер заманында бірнәрсені басқаша істеуге көзіңіз жетсе ол туралы ақпараттарды оқудан жалықпаңыз.
Нағыз кәсіпкерлік – еңбек! Табысқа жетуді қаласаңыз, басқалар ұйқыға жатқанда сіз үйреніңіз. Таң атпай жұрт ұйықтап жатқанда мүмкіндіктерді арттыру үшін ерте ояныңыз. Өмірде сүрінуден қорықпау керек! Әсіресе жас кезіңізде. Сүрінесіз, құлайсыз. Және қайтадан тұрасыз. Кез келген қате – теңдессіз пайда.
Әрбір адам үшін ертең – бағындырылмаған болашақ. Алға жылжу керек, әрекет ету керек. Айналаңдағы адамдар сізге сенбесе, сіз өз армандарыңыздың жүзеге асуына сеніңіз және бұған командаңызды да сендіріңіз.
Бірақ өмір сүруді де ұмытпаңыз. Біз өмірге жұмыс істеу үшін емес бақытты болу үшін келеміз. Қаржы туралы ойлап қам жемеңіз. Егер сіз армандарыңызға қарай жүгірсеңіз, ақша сіздің артыңыздан қуады."
Т. Раушанұлы