Amazon компаниясының бұрынғы бас директоры Джефф Безос екі әлеуметтік кәсіпкерге 200 миллион доллар берді. Бұл туралы ол ғарышқа ұшқаннан кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аспаз Хосе Андрес Безостан 100 миллион доллар алады. Андрес 2018 жылғы "Нобель" сыйлығына бейбітшілік саласы бойынша ұсынылған. Ол 2010 жылы негізі қаланған World Central Kitchen ("Дүниежүзілік ортақ ас үй") жобасының авторы. Бұл коммерциялық емес ұйым әлемдегі апаттан зардап шеккен аудандардағы тұрғындардың тамақтануын ұйымдастыруға көмектеседі. Хабарларға қарағанда, ұйым өткен аптада Германияда тасқын судан зардап шеккен адамдарға көмектескен.
Тағы 100 миллион доллар CNN саяси сарапшысы Вен Джонсқа беріледі. Джонс – тұтқындардың құқықтарымен және олардың қоғамға енуімен айналысатын бірнеше коммерциялық емес ұйымдар мен қозғалыстардың негізін қалаушы саналады.
Безостың айтуынша, Джонс пен Андрес қаражатты өз қалауынша пайдалана алады. Джефф Безос Courage and Civility Award бастамасының басталғанын жариялады. Осы бастама аясында кәсіпкер жаһандық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген адамдарға қаражат бөледі.
20 шілдеде Джефф Безос өзі негізін қалаған "Blue Origin" атты жаңа кеме бортында ғарышқа сәтті ұшты. Ұшу сапары 10 минут 18 секундқа созылды.
Осы уақытта зымыран төрт адамнан тұратын капсуланы төменгі орбитаға шығарды. Содан кейін зымыран белгіленген жерге қайта қонды, ал 4 минут салмақсыз күйде болған капсула кейін парашютпен жерге қайта оралды. Екі қону сәтті болды.
Ұшар алдында Безос Вашингтондағы Ұлттық әуе рейстері және астронавтика музейіне 200 миллион доллар сыйға тартты.
Forbes Real-Time рейтингіне сәйкес оның байлығы 205 миллиард долларға бағаланады.