24 мамырда әнші Димаш Құдайберген 27 жасқа толды. Оны атаулы мерекеде әлемдегі мыңдаған жанкүйері құттықтап жатыр.
Жанкүйерлер әншіге интернетте композициялық қойылым жариялап, оны "Тәңір сүйген" деп атады.
Димаш алғаш рет 2017 жылы Қытайдағы телешоуға қатысқан кезде танымал болды. "I am a singer" байқауында ол екінші орын алды. Бірақ бұл Димаштың танымал болуына кедергі келтірген жоқ. Оның барлық қойылымы көрерменді түрлі сезімге бөледі. Атақты әнші Лара Фабианның өзі Димаштың талантына қол соқты.
"І am a singer" байқауындағы Димаштың алғашқы орындаған француздың S.O.S әні болды
Қытайда атағы аспандаған әнші атынан түрлі компаниялар өз өнімін шығара бастады. Тіпті ұшақ атын да "Димаш" деп қойды. Димаш Құдайберген Жапонияға барған кезде оның құрметіне әуежайда алғаш рет ұшақ рейсі хабарламасы қазақ тілінде орындалды. Нью-Йорктегі Barclays center аренасындағы концертіне әлемнің түкпір-түкпірінен көрермен жиналды.
Бірнеше айдың ішінде Димаш Құдайберген миллиондаған аудиторияның сүйіктісіне айналды. Барлық жерде оны жанкүйерлері ерекше құрметтеп күтті. Жанкүйерлері бүкіл әлем бойынша оның соңынан еріп, ешбір концертін жіберіп алмауға тырысты.
Шолпан Табаева – солардың бірі. Алматылық зейнеткер Димаштың Америка, Англия, Қытай, Ресейдегі концерттеріне қатысқан. Ол әлеуметтік желілерде әртүрлі елден 30 мыңнан астам жазылушысы бар "Dimash Salem" фан-клубын құрған.
"Біз күн сайын Димаштың өмірінде болып жатқан оқиғалар туралы айтып отырамыз. Әлеуметтік желілерде комментарий жазамыз. Біз әлемді Димаштың шығармашылық өмірінде болып жатқан оқиғалармен ғана емес, сонымен бірге Қазақстанмен де, қазақ мәдениетімен де таныстырамыз", - дейді жанкүйер.
Шолпан Табаева кумирін кездестірген күнді ең бақытты сәт деп санайды. Ол тіпті онымен сөйлесіп үлгерген. "Бұл кез келген жанкүйердің арманы болар" дейді ол.
Фан-клубтың тағы бір мүшесі Шакира Жүнісова Димаштың туған күніне шын жүректен тілек айтады. Оның жас әншінің шығармашылығына деген махаббаты алты жыл бұрын пайда болған.
"Димаштың ең үлкен арманы – музыка әлеміндегі ең жоғары бір әлемдік сыйлықты алу. Мен оған осы қадірлі "Грэммиге" ие болуын тілеймін. Ол барлық музыкалық сыйлыққа лайықты, бірақ әлі жас. Меніңше, Димаштың болашағы әлі алда", - дейді Шакира.
Қазір әлемнің 150 елінде Димаш Құдайбергеннің 200-ден астам фан-клубы бар.