- Негізгі бет
- Тұлға
- Димаш Әділет: Данышпандықтың...
Димаш Әділет: Данышпандықтың шегі бар
Әлемдегі ең ақылды адамдар қатарынан көрінген қазақ жігіті Димаш Әділет көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ол қазақ БАҚ-тарында алдымен ұлыбританиялық деректі фильмге түсуге шақырту алды деп, одан кейін интеллекті коэффициенті (IQ) жоғары адамдарды біріктіретін Mensa халықаралық ұйымының мүшесі болды деп танылды.
IQ-тестінен 99 пайыздық көрсеткішке ие болған зияткер тұлғаның өзі де сөзі де жоғары интеллектке ие екенін дәлелдейтін бірқатар мәлімет ұсынамыз. Желіде оқырман сұрақтарына жазған мардымды жауаптарын оқып, сіздер де сүйсінерсіздер.
Қай күні өмірге келдіңіз, жұлдыз-жорамал бойынша кімсіз?
Мен 17 мамыр күні дүниеге келдім. Қырсық, бірақ талапшыл Торпақпын.
Академиялық мамандығыңыз жөнінде айтыңызшы.
Менің негізгі екі мамандығым бар – психология және кәсіпкерлік.
Психология, бұл – жеке қызығушылығым. Оқыған кітаптарымның 70 пайызы психологиямен байланысты. Оның ішінде көбісі бихевиоризм (тұтынушылардың, сатып алушылардың тауарды таңдау және сатып алу кезіндегі қылығының психологиялық негіздерін зерделеу теориясы) және әлеуметтік психологияға қатысты.
Бет әлпеті мен эмоция, тән тілін тереңдете оқимын. Бұл салада жұмыс істейтін ойым жоқ. Бизнестің айналасындағының барлығы психологияға қатысты.
Менің екінші мамандығым да жеке қызығушылығымнан туған. Осы бағытты мансап жолыма таңдадым. Шағын, орта және үлкен бизнесті құруға, басқаруға қатыстының барлығына өте қызығамын. Қаржылық биржа мен қор нарығы да аса қызықтырады. Соған сәйкес микроэкономиканы тереңдете оқимын, макроэкономикадан да хабарым бар.
Неше тіл білесіз? Қай тілде сөйлеген, жазған ыңғайлы, қай тілде ойланасыз? Қазақ тілін үйрену жоспарда бар ма? IELTS және SAT/ACT тесттерін тапсырғанда қандай ұпай алдыңыз?
Мен тек ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлеймін. Бала кезімнен орысша сөйлеймін. 10 жасымнан бастап толықтай ағылшын тілінде білім алдым. 11 жасымда Швейцарияға ұшып бардым да, ары қарай АҚШ-та оқыдым. Саналы өмірімнің жартысынан көбін шетелде өткізгендіктен, барлығымен ағылшын тілінде сөйлесемін, сол себепті осы тілді жақсырақ білемін.
Маған орыс тіліне қарағанда ағылшын тілінде сөйлеген, жазған, оқыған ыңғайлы. Білім деңгейі жөнінен, ағылшын менің алғашқы тілім саналады. Орыс тілін соңғы рет 4-сыныпта оқыдым, сондықтан орфография қағидасын орыс тілінде оқыған кітаптан, мақалалардан және интернеттегі ережелерден оқып білемін. Жағдайға байланысты екі тілде де ойланамын.
IELTS: 8.5/9
SAT: 2310/2400
Сонымен бірге, француз тілін бір адамдай түсінемін. Мен бұрыннан бері тұрып келе жатқан Швейцарияда ресми тілдердің бірі – француз. Мектепте француз тілі міндетті тілдердің бірі болды. Бір кездері испан тілін де үйрендім.
Өкінішке орай, қазақ тілін білмеймін. Шетелге ерте кеткендіктен, өз ана тілімді құрбан етуге тура келді. Ата-анам қазақша сөйлейді. Олар өз кезінде менің ағылшынша жақсы сөйлеуіме басымдық берді, толық меңгеріп шығатыныма сенді. Ағылшын – әлемдік бизнес және саясат тілі, білім алуға арналған жазбаша ресурстың көп бөлігі осы тілде.
Тілге қатысты, менің алдағы жоспарым Швейцарияда тұрған кезімде француз тілін жетілдіру, одан кейін ана тілімді үйрену. Қазақ тілін Қазақстанда үйрену керек. Сонымен қатар, болашақта араб, испан, итальян тілдерін де үйренгім келеді.
Ал пойыз кетіп қалды...
Ұшақ, суперкар және яхта болғаны қандай жақсы.
Жүрегіңіз бос емес пе?
Иә, ол қанмен жалғанған қан тамырларымен қамтамасыз етілген.
Қыздардан жиі еститін сөзіңіз?
«Мен, әдетте, бұлай етпеуші едім».
Димаш, бұл сұрақтың жауабы барлық жазылушыңызға қызықты болар деп ойлаймын. Сіздің жұбайыңыз, қалыңдығыңыз не қызыңыз бар ма? Сіздің сөзіңізге қарап, басы бос деп ойлауға болады, бірақ барлық фотоңыздан неке жүзігін байқаймыз. Оқырмандарыңыз арасындағы қыздар қауымын бір қуантып қойсаңыз.
Барлық бос адамдардан да боспын.
Сіздіңше, данышпандық пен топастықтың айырмашылығы қандай?
Данышпандықтың шегі бар.
Димаш, сіз биіктіктен қорқасыз ба?
Мен биікте болмаудан қорқамын.
Айтыңызшы, сіз табиғатыңызда мейірімді адамыз ба? Ұсқыныңыз қатал әрі салмақты көрінеді, бірақ көзіңізде мейірім бар...
Мен мейірімдімін, бірақ әрқашан, барлық жерде, барлық адамға мейірімді емеспін.
@. @assel_assanova