Дензел Вашингтон: "Мен қарапайым адаммын"

Журналистердің арасында ол туралы түрлі алып-қашпа жүр. Онымен тіл табысу өте қиын, ешқашан қалжыңдамайды, кино саласында бірге жүретін достары да жоқ. Өкінішке орай, мұның барлығы да шындық. Алайда жүрегі тас деген жігіттің де ұнамды мінезі бар екен.

Дензел Вашингтонның өмірлік ұраны - «Барлығын жақсылап жаса да, ары қарай не болатынын тамашала». Ал оның тындырып жүрген іс-әрекеті үлкен қошеметке лайық. Ричард Аттенбороның  «Бостандық ұраны» («Клич свободы») (1987) фильміндегі ойнаған рөлі үшін «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Ал Эдвард Цвиктің «Атақ» («Слава») туындысындағы екінші дәрежелі рөлі үшін «Оскар» сыйлығын алып та үлгерді. 2001 жылы «Тренировочный день» киносында ең мықты еркек рөлі номинациясы бойынша марапатталды. Бүгінгі таңда Дензел бұл марапатқа екі мәрте ие болған жалғыз афроамерикандық актер. Оның әрбір сомдаған рөлі көрерменнің жадында жүреді.

Он шақты фильмде қатарынан тәртіп сақшысының рөлін сомдайды. Тіпті, Дензелды Голливудте «мәңгілік сақшы» деп атап кеткен. Алайда 58 жасында бұл рөлден алыстағысы келген сияқты. Актер "Екі тапанша" («Два ствола») деген фильмде екі жүзді өмір жүргізетін ұрының рөлін сомдады. Журналистер осы фильм түсірілімі барысында Дензелмен жолығып, сұқбат алды. Назарларыңызға сол сұқбаттың аудармасын ұсынамыз.


- Дензел сіз Екі тапанша («Два ствола») фильмінің сценариін оқыған кезіңізде оның комикс желісі бойынша құрастырылғанын білдіңіз бе?

- Жоқ, білген жоқпын. Мен жәй ғана қолыма алып оқыдым да, оны өзім жақсы сенетін адамдарға ұсындым. Олар - менің балаларым мен шаштаразым. (Күлді). Бұл рас! Мен сценариді үнемі шаштаразыма оқытамын. Ол өз кезегінде әдеттегідей: «Сіз мұны бұрын-соңды жасаған жоқсыз. Бұл керемет дүние екен!» деп жауап береді.

- Бір сұқбатыңызда комедия жанрында онша ойнай алмайтыныңызды айтқан едіңіз. Қателеспесем, мұндай фильмге түспегеніңізге он жылға жуық уақыт болған шығар. «Екі тапанша» («Два ствола») фильмінде ойнауыңызға не себеп болды?

- Білесіз бе, трейлерін көрген адам комедия деп ойлауы мүмкін, алайда бұл классикалық комедия емес. Боевик жанрына көбірек келеді. Бірақ өте көңілді боевик деп айтқан, сірә, дұрыс болар. (Күлді).

Түсірілім барысында әріптесім Марк Уолберг үлкен көмек көрсетті. Қалай десем де, комедия жанры менің табиғатымнан әлдеқайда алыс. Мен орындай алмайтын сәттерді Марк керемет сомдап шықты.


- Сіз онымен қалай тіл табысып кеттіңіз? Ол сіз туралы өте жақсы пікірде екен. Еңбекқор әрі жауапкершілігі бар адам ретінде бағалады.

- Өз кезегімде мен де ол туралы тек жақсы ойдамын. (Күлді). Марк тек жұмыста ғана емес, мұнымен қатар өмірде де өз орнын таба білген тұлға. Балаларына ерекше қамқор болып жүрген жақсы жар. Мұндай жандарды «Жігіттің мырзасы» демеуші ме еді?

- Ал сіз ше? Өзіңізді жақсы жігітпін деп айта аласыз ба?

- Мен қарапайым адаммын, өзім қалай дұрыс деп ойласам, солай өмір сүремін. Көп уақытымды отбасым мен жұмысыма арнаймын. Қарапайым халық жұлдыздар міндетті түрде бастаңғы мен шудың ортасында жүреді деп ойлайды. Ал менің жағдайымда мүлдем олай емес. Менің өмірім трамвай жүргізушісінікімен бірдей.

 

- Сонда бұл мамандықтықты атақ пен ақша үшін емес, жүрегімнің қалауы бойынша таңдадым деп айта аласыз ба?

- 12 жасымда лагерьге бардым. Сол жерде спектакльде рөл ойнауды ұсынды. Кімді сомдағаным есімде жоқ, алайда жақсы ойнап шыққанымды білемін. Қойылымның соңында құрдастарым мен ұстаздарым келіп: «Сенің бойың тұнған талант! Саған болашақта актер болу керек!» деп айтты. Сол кезде мен театр туралы алғаш рет білдім. Ал ақша мен атақты ойыма да алған емеспін. Мен бар болғаны қолымнан келетін жақсы дүние жайында ғана ойлағым келді. Ең бастысы рахат сезімін сыйлайтын қызық жұмысым бар. Осыған да қанағат.


- Киноиндустрия саласында үлкен табысқа жеткен сияқтысыз. Жұмыстан бас тартып, отбасыңызға қамқор болғыңыз келмей ме?

- 20 жасымда 58 жастағы адамды кәрі шал деп елестететін едім. Бұл салада кәрі немесе жас екенің маңызды емес, бастысы кинокомпанияға табыс әкелсең болғаны. 60 жаста болсам да, алдыма қойған жоспарым көп. (Күлді).

Аударған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: peoples.ru