- Негізгі бет
- Тұлға
- Даралардың мерейтойы тойлансын......
Даралардың мерейтойы тойлансын...
Қазақта «Бабасы мықтының баласы мықты» дейтін сөз бар еді. Ешқандай да астыртын мағына іздемей-ақ, тура түсініңіз. Бүгін олай деп жатқан ешкім жоқ. Баласы мықтының бабасы мықты боп тұрған заман. Әлдебір қарапайым тірлік кешкен адамды ақын, ғұлама, батыр етіп том-том кітап жазғанға таңғалмайтын да болдық тіпті. Әркімнің өз ата-тегін білгені де жақсы. Сағынайға ас берген Паң Нұрмағамбетті шараның өтуінен бұрын, одан келетін атақ, даңқ пен дақпырт қызықтырды емес пе?! Дәл осының кері ғана ма екен деп сезіктенеміз.
Қазақ тарихы шынымен де елдік, егемендік жолында көп қасірет пен қайғыға ұшырады. Бірақ тар жолда тайғақ кешкендердің ішінде есімі елеусіз қалғандар да аз емес болуы бек мүмкін. Бірақ бүгіндері белгісіз жаужүрек батыр мен атаусыз ғаламат ғалымдарды ұлықтауға ешбір зерттеу мен зерделеусіз жол беріп жатқандаймыз. Дүрілдетіп ат шаптырып, балуан күрестіріп, жеңгендерге қымбат-қымбат көлік үлестіріп беріпті деген ат үшін сияқты бәрі. Әйтпесе, тойлаймын деген адамға толағай ерлердің мерейтойы жетіп жатыр. Былтырлары Хан Абылайдың 300 жылдығын кешігіп барып тойлағанымыз бар. Кейбір деректер биылғы жыл Әйтеке бидің 370 жылдығы екенін көрсетеді. Тағы бір-екі нұсқа бұл болжамды өтірікке шығарып отыр. Жалпы мемлекет басшысының көп қауымның 60-70 жасын республика көлемінде тойлануына әсіре көңіл бөлуді құптамайтын пікірін де ескергеніміз абзал. Ал біз өз кезегімізде биыл аталып өтуі тиіс деуге тұрарлық тұлғалар тізімін жасақтап шықтық. Атаусыз қалмаса игі еді деген ниетпен...
- Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) – ақын, күйші, Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің (1836 -38) көсемі әрі жалынды жыршысы. Бала кезінен мұсылманша, орысша оқыған. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. Жәңгір ханмен жақын пікірлес жан болғанмен, хан озбырлықтарына куә болған күннен бастап іргесін аулақ салады. 1841 - 1845 жылдар аралығындағы Махамбет өмірі туралы деректер аз. Махамбет Хорунжий Тұрымұлының қолынан айуандықпен қаза тапты. Биыл Махамбеттің 210 жылдығы.
- Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897) – ақын, әнші-композитор. Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегіз сері, Арыстан тәрізді өнер иелері – Біржан салдың ұстаздары. 1865 жылы Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етеді. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға. Өз әкесі Тұрлыбай кедей шаруа болған, ал Қожағұл Біржанның атасы. Біржанның өз басы да кедей, өмір бойына салдық құрып ел аралап, ән салып жүрген. Ол тек ақын ғана емес, ең алдымен, асқан әнші, әрі тамаша композитор. Ағымдағы жыл сал Біржанның 180 жылдығы екенін есте ұстайық.
- Қазанғап Тілепбергенұлы (1854 – 1921) - қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – Арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-ақ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім-түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Қазанғап – эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп таныған жөн. Дәулескер Қазанғап күйшінің 160 жылдығы келіп жеткенін біле жүрейік.
- Балуан Шолақ (1864-1916) – Жауырыны жерге тимеген балуан, бүкіл қазақ даласына есімі кең тараған сазгер. Бала кезінде саусағын үсітіп алғандықтан, ел оны еркелетіп «Балуан Шолақ» деп атап кеткен. Ал азан шақырылып қойған аты – Нұрмағанбет. Музыка саласында аянбай еңбек еткен А.В Затаевич батырымыздың бірнеше өлеңдерін жинап, «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты жинақтарына қосады. Сарыарқаны сазды әуенімен тербетіп, алып күшімен көз сүйсіндірген сері, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы Өзектісайда қайтыс болды. Бұл жылда балуан әншінің 150 жылдығы аталып өтілмек.
- Кенен Әзірбаев (1884-1976) - қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі. Қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы болған. Әр жырды әуелі ата-анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастаған. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл» ,«Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Биыл Кенен Әзірбаевтың туғанына 130 жыл толып отыр.
- Ілияс Жансүгіров (1894-1938) – ақын, аудармашы, драматург. Бала Ілияс Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектебін бітіреді. Болашақ ақынның бұдан соңғы біраз уақыты ауылда өтеді.Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түсіп, оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. Мәскеуде журналистика бойынша оқып келіп, кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып сайланады. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілген. 1958 жылы ақталды. «Үш бәйтеректің» бірі. Қазақ халқы оны «Жыр Құлагері» деп құрмет тұтады. Биыл «Үш бәйтеректің» (Ілияс, Сәкен, Бейімбет) 120 жылдығы.
- Сәкен Сейфуллин (1894-1938) - қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, Қазақстанның, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-нің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. Проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында аянып ақмай көрнекті еңбек етті.
- Бейімбет Майлин (1894-1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. Ол поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматовыч» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы.
- Сәбит Дөнентаев (1894-1933) – көрнекті ақын, публицист. Әкесі Дөнентай бала Сәбитті ескіше молда қылмақ оймен елдегі Махамбет-Садық дегеннен оқытып, одан кейін Павлодар қаласындағы Қасым қажы Ертіспаев дегеннің медресесіне берген. Бұл Қасым қажының медресесі бұрын ескі дін оқуын оқытатын мектеп болса да, артынан заманының сазына қарай төте оқу (жәдит) жолына түскен. «Сарыарқа» газетінде, «Абай» журналында журналистік қызмет атқарады. Қазақ әдебиетіндегі мысалшылдық дәстүрді қайта жаңғыртқан қалам иесі. Ғалымдар оны: «Революциядан бұрын әдебиет майданына шыққан бұқарашыл ақынның бірі» деп дәріптейді. Сәбит Дөнентаевтың да 120 жылдығы кезек күтіп тұр.
- Әбілхан Қастеев (1904-1973) — қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Туып-өскен жері — Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастады. Мәскеудегі көркемсурет студияларында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген. Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Ендеше суреттерінің өзінен «даланың исі бұрқырап» тұрған данамызға лайықты құрмет жасау парыз. Әйгілі суретші Әбілхан атамыздың биыл 110 жылдығы.
- Әлкей Марғұлан (1904-1985) – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы. Бүкiлодақтық география қоғамының толық мүшесi (1933), филология ғылымының докторы (1945), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1958), Қазақ КСР-нiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi (1961). Педагогика саласында Әлкей Марғұлан фольклор бойынша зерттеулерінің маңызы зор. Тұңғыш рет халық педагогикасының біртумалары шоғырланған Қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын іргелі зерттеді. 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлаған тұлға. Айтулы ғалымның да туғанына 110 жыл толып отыр.
- Шәкен Айманов (1914-1970) - қазақтың әйгілі актері, режиссер. КСРО-ның халық әртісі. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туып өскен. Кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен ол ауыл мектебін бітіріп (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. 1947-1951 жылдары қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. Ал 1953-1970 ж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарды. Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының І хатшысы (1958 - 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. 1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Биыл қазақтың Шәкенінің 100 жылдығы.
- Бердібек Соқпақбаев (1924-1992) – көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің айтулы хас шебері. «Жұлдыз», «Балдырған» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарды. Ол жазған «Менің атым Қожа повесі» (1957) балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. «Бозтөбеде бір қыз бар» (1958), «Әпенденің айласы» (1960), «Менің атым Қожа» (1967) т. б. драмалық шығармалар жазды. Б.Соқпақбаевтың қырқыншы жылдардағы жастар өмірінен жазған «Өлгендер қайтып келмейді» романы (1940-1974) орыс тіліне аударылып басылды. Ағымдағы жыл Бердібек Соқпақбаев, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов сынды халықтың аяулы тұлғаларының 90 жылдығы екенін біле жүрейік.
- Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988) – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы (1999). I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды. Қазақ ұлтының абыройын, намысын биіктеткен ардақты тұлға.
- Сағадат Нұрмағамбетов (1924-2013) – әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. Соғыс жылдарында және одан кейін де жасаған ерен ерліктері ел есінде. Тәуелсіз Қазақстанның әскери саласының үлкен белеске көтерілуіне зор күш-қайратын, үлесін қосқан ұлт батыры.
Жолдаған: Манас Қайыртайұлы
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: өңделген
Н. Айдархан