Өткен аптада әнші, гитарист, және композитор Чак Берри өмірден өткенін хабарлаған болатынбыз. Рок-н-ролл музыкалық бағытының негізін қалаушы, «Johnny B. Good», «Rock & Roll Music», «Sweet Little Sixteen» сынды хит әндердің авторы 91 жасында бақилық болды.
Көпшіліктің орындалмас арманы саналатын рок жұлдыз деңгейіне дейін жету Чак Берриге оңайлықпен келмегені анық. Өзгелердің қарапайым өміріне ұқсамайтын тағдыр жолы оны осы шыңға жетеледі. Рок-н-ролл тәңірі өмірден өтсе де, оны ұмыттырмайтын себептер көп. Солардың бірегейіне тоқталып өтейік.
Чак Берри 1926 жылдың 18 қазаны күні Сент-Луис қаласында дүниеге келген. Он сегізге аяқ басқан шағында екі досымен бірге Канзастағы 3 дүкенді тонап, бір көлікті айдап кеткен. Кейін үшеуі де кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған. Ал, Чак болса түрмеде өз квартетін құрады. Болашақ жұлдыздың өткен өмірі қылмыс әлемімен байланысты болғандықтан, оның сөйлеу және өзін ұстау мәнері де соған сай болатын. Бетперде тақпайтын, шын болмысын жасырмайтын Чак сахнада да өзін дәл солай ұстайтын. Осы айрықша стиль оны өзгелерден ерекшелеп, өнеріне табынушалырды баурап алды.
50-ші жылдары Чак Берри Сент-Луис клубтарында кантри бағытындағы музыканы блюзбен ұштастыра өнер көрсете бастайды. 1953 жылы Johnnie Johnson Trio тобының негізін қалады. 1955 жылдың мамыр айында музыкант Chess Records аталатын блюз лейблымен бірлесе жұмыс істейді. Чак Берридің Maybellene аталатын ритм-энд-блюз бен кантри стилистикасындағы алғашқы синглы сол 1955 жылдың мамыр айында жазылыпты. Сол жылдары Чак қазіргі таңда рок-н-ролл стандарты саналатын «Rock & Roll Music», «Roll Over Beethoven» мен «Johnny B Good» әндерін жазды. Бұл Чак Берридің жаңа музыкалық бағыт ойлап тапқан новатор екендігінің дәлелі еді.
Берри мырзаның қарапайым музыкантқа еш қиындық тудырматын жеңіл ритмдегі шығармалары бірден танымал боп кетті. Оны қайталап айтушылар санында шек жоқ еді. Олардың қатарында, тіпті, The Beatles, Rolling Stones, Animals секілді беделді топтар да бар болатын.
Берри тек музыкасының жеңілдігімен ғана емес, сондай-ақ, ән мәтінінің әсерімен де есте қалды. Оның сөздері қарапайымтыңдарманның жүрек сырын шертетін. Әндерінен әркім өзін көретін. Мысалы, «Johnny B Good» әнінде ол Жаңа Орлеан штатындағы ауылдан шыққан сауатсыз болса да, гитарада шебер ойнайтын жас бала туралы баяндайды.
Талай талантқа үлгі болды. Чакқа еліктеген музыканттар бір-бір Толағайдай музыка әлемінен алапат орын алды. Солардың бірі Джон Леннон Берри туралы: “Егер рок-н-роллға есім беру керек болса, оны Чак Берри деп атауға міндеттіміз”, -деп өз ілтипатын білдірген еді. “Битлздың атағы Иса пайғамбардан да жоғары” – дейтін Леннон өзінің асыра сілтеуге әуестігімен белгілі болса да, ол Чак Берри туралы айтқан сөйлемінде еш қателеспеді. 1986 жылы оның есімі Ұлттық Композиторлар Даңқ Залына енгізілді. 2004 жылы музыкант Rolling Stone журналы ұсынған тізім бойынша 50 ұлы орындаушы рейтингінде бірінші орынға ие болды.