Киноға спорттан келген адамдар бүгінде аз емес емес. Спортшы болып, атақты кино жұлдызына айналған актерлерді еске түсірсек.
Кеше, 12 қыкүйек күні, актерлік білімі жоқ британдық актер Джейсон Стэтхэмнің туған күні өтті. Стэтхэм - кәсіпқой спортшы. Ол кезінде суға секірумен айналысқан және Ұлыбритания құрамасының мүшесі де болған. Сонымен қатар, 1988 жылы олимпиадалық құрамаға да кірген екен. Бірақ тағдыр Джейсонның спортшы болуын емес, аты әлемге әйгілі актер болғанын қалаған сыңайлы. Джейсоннан бір ерекшелікті байқаған ең бірінші адам режисер Гай Ричи болған және ол өзінің "Карта, ақша, екі діңгек" ("Карты, деньги, два ствола") атты фильмінің түсіріліміне Стэтхэмді шақырыпты. Осыдан соң Стэтхэм бірден жұлдызға айналды.
Арнольд Шварценеггер
Аты аңызға айналған "Терминатор" Арнольд Шврценеггер – кәсіпқой бодибилдер. Ол өзінің спорттық ғұмырын 14 жасында бастаған. Күн сайын жаттығу жасап, бұлшық ет массасын өсірген және арада көп уақыт өтпей, оның еңбегі өз жемісін берген болатын – ол жасөспірімдер арасындағы "Еуропа мистері" байқауында жеңімпаз атанды. Бұдан кейін ол жас "Әлем мистері" болды. 1968 жылы ол Еуропадағы барлық культуристер біріншілігін жеңіп үлгерген еді және мансабын АҚШ елінде жалғастыруды шешеді. 1980 жылы бодибилдинг танымалдылығын айтарлықтай деңгейген жеткізген Арнольд Шварценеггер жарысқа қатысуды аяқтады. Киноға ол спортшы кезінен бастап түсе бастаған. Шварценеггер "Конан-варвар" фильмінің шығуынан соң кеңінен таныла бастаған еді.
Жан-Клод Ван Дамм
Кинода жетістікке жетпей тұрып, Жан-Клод Ван Дамм орта салмақ бойынша карате мен кикбоксингтен 1979 "Еуропа чемпионы" атанады. Ол көптеген жарыстарға қатысқан және спорттық ғұмырында 22 рет жекпе-жекке шығып, оның жиырмасында жеңіске жетсе, тек екеуінде ғана жеңілген екен. Айта кетерлік қызық жайт, бір уақыттары Ван Даммның жаттығу жекпе-жектеріндегі серіктесі атақты Чак Норрис болыпты. 1978 жылы Ван Дамм бодибилдингтен "Еуропаның аблосютті чемпионы" атанған. Ван Дамм кинодағы ең бірінші басты рөлін 1986 жылы "Артқа шегінбеу керек, берілмеу керек" ("Не отступать и не сдаваться") фильмінде алған екен, ал "Қанды спорт" ("Кровавый спорт") фильмінің түсіріліміне қатысқаннан кейін жұлдызға айналған.
Микки Рурк бала кезінен бастап бұзақы болыпты және есік алдында жиі төбелесіп қалатын болған. Кейінірек ол төбелесу үшін бокс рингіне келеді. Болашақ актер Майами Бичтегі 5-көшеде орналасқан атақты бокс клубының тұрақты мүшесі болады. Көптеген жарыстарға қатысып, көбінде жеңімпаз атанған. Алайда жеңген ақшасының бәрін есірткіге жұмсайтын болған, сол себепті спорттық ғұмырын аяқтауына тура келген. Сол кезде Миккидің ойына актер болу идеясы келеді. Ол Ли Страсбергтің актерлік студиясына түсіп, біртіндеп эпизодтық рөлдерге қатыса бастайды. Ал оның нағыз жетістігі болса "9 ½ ай" ("9 ½ недель") фильмінен соң болған.
Винни Джонс
Гай Ричидің еркесі, актер Винни Джонс кезінде кәсіпқой футболшы болған және "Челси", "Шеффилд Юнайтед", "Лидс" және "Уимблдон" секілді клубтардың сапында өнер көрсеткен. Ол футбол ойнауға бала кезінен бастап араласа бастапты, бірақ тым аласа бойлы деп командаға бірден қабылдай қоймаған. Спорттық ғұмырында Винни 384 ресми кездесу өткізіп, 33 голдың авторы атанған. Ал 33 жасқа келген шағында, спортпен біржолата қоштасады. Бұған қоса, ол айтарлықтай жанжалды репутацияға ие болған. Бірақ дәл осы мінезі режисер Гай Ричидің қызығушылығын тудырып, ол Винни Джонсты өзінің "Карта, ақша, екі діңгек" ("Карты, деньги, два ствола") фильміне түсуге шақырады. Аталған фильмге түскеннен кейін, бұрынғы футболшы небір блокбастерлердің түсіріліміне қатысу ұсынысын алған.
Джина Карано
Джина Карано да бала кезінен спортпен айналысқан. Мектепте баскетболмен шұғылданып, штат чемпионатының жеңімпазы атаныпты. Мектеп бітіргеннен соң, ол тай боксымен шұғылдана бастаған. 14 жекпе-жек өткізіп, 12 рет жеңіске жеткен. Кейінірек Джина көзге түсіп, рұқсаты бар әйелдер арасындағы бірінші ММА-ға қатысуға шақыру алады. ММА-да Карано 8 кездесу өткізіп, оның жетеуін жеңіспен аяқтаған екен. 2002 жылы Джина өзінің актерлік мансабын бастайды. Алғашында ол фильмдер мен сериалдарда шағын рөлдерді ойнаған. Кеңінен таныла бастағаны кезі - Стивен Содербергтің "Нокаут" фильмінен соң. Айта кетсек, ол сонымен қатар, "Форсаж 6" фильмінің түсіріліміне қатысқан.
Эстелла Уоррен
Эстелла Уоррен синхронды жүзумен айналысып, небәрі 12 жасында Канада құрамасына кірген екен. Әдемі қыз тек жаттықтырушылардың көзіне түсіп қана қоймай, модель агенттіктерінің де қызығушылығын тудырған. Осыдан соң, Уоррен спортпен қоса, модель мамандығын бірге алып жүріпті. Ол үш рет ел чемпионы болып, 1995 жылы өткен әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алды. Алайда 1996 жылы оған таңдау қойыпты - не Олимпиадаға дайындалу не модель болу. Нәтижесінде Уоррен екіншісін таңдапты. Оның кинодағы дебюті аз бюджетті "Парфюм" фильмінде болды, ал "Жарысушы" ("Гонщик") және "Маймылдар планетасы" ("Планета обезьян") фильмдерінен соң, танымалдылыққа ие болған.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: filmstreet.ru, soulcry.name, goals.md, timeout.ru