Бүгін қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ұлт ұстазы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ол ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш Орда өкіметінің мүшесі. Осы орайда мына жайттың басын ашып алған абзал. Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянындағы жаңсақтықтың бірі оның төл туған күніне байланысты. Ұзақ уақыт бойы оның туған күнін 1873 жылдың қаңтары деп келді. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұрайжай-үйінің директоры Райхан Имаханбет мұның себебін оңтүстік (Ташкент) пен солтүстік (Қазақстанның бұрынғы астанасы Орынбор қаласы) коммунистерінің арасындағы пікір қайшылығымен байланыстырады. Бұған Ахаңның өз қолымен жазған 7-8 анкетасын да қосып қойыңыз. Оның туған күні деп жүрген күннен төрт ай бұрын өмірге келгені 1998 жылдың қаңтарында 125 жылдық мерейтойы атап өтілген тұста белгілі болды. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлының немере жиені Меруерт Тыныбекова былай дейді: Марқұм күйеуім Таңжарық Тыныбеков Алматы мемлекеттік университетінің мұражайында жұмыс істеді. Самұрат Кәкішевтің тапсырмасымен университеттің мұрағатынан қамауға алынған 1929 жылға дейін бұрынғы Қазақ педагогикалық институтында профессор болған Ахмет Байтұрсынұлының жеке ісін көтерген еді. Осы құжаттардың арқасында Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 1872 жылдың 5 қыркүйегі екені және оған қатысты басқа да ғұмырбаяндық деректер анықталды... Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі (Ерғазы) Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясынан (арыз-тілегі) басталды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ахаң басқа елдерге қарап өз халқының көзін ашу, санасын ояту керек екенін түсінді. Осы жолда Қырық мысал атты аударма жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Іле-шала Байтұрсынұлының екінші кітабы Маса 1911 жылы жарық көрді. Бұл кітапқа енген өлеңдерінде қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. 19131918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық Қазақ газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер-білімді игеруге шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы осы басылымның бірінші нөмірінде: Әуелі, газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын білу жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ, деп Қазақ газетінің дәл сол кездегі тарихи мәнін ашып көрсетті. Патша үкіметі құлағанға дейін Қазақ газеті арқылы елдің ахуалына қатысты өткір мақалалар жазып тұрды. Патша үкіметі құлаған соң қазақтың бірқатар зиялыларымен бірге Алаш Орда үкіметін құруда ат салысты. Жалпы, өмірінің соңына дейін халық ағартушылық жолында тынбай еңбек етті. Ахаңның әр жылдары жазған Әдебиет танытқышы, Оқу құралы, Тіл құралы, Тіл жұмсары т.б шығармалары осы сөзіміздің дәлелі. 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Арада екі жыл өткенде И.Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы Ақ жол газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін ұлтшылдар және шоқаевшылдар ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті. Ақырында алғаш Архангельскіде, соңынан Томскіде 1929-1934 жылдары айдауда болған Ахмет Байтұрсынов көп кешікпей, 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп жазықсыз атылып кетті.1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынұлы есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай мемлекеттік университеті Байтұрсынұлының есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп, Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды. Сөзіміздің соңын ұлы Мұхтар Әуезовтің Ахаң жайлы айтқан жылы лебізімен аяқтамақпыз: Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны Қырық мысал, Маса, Қазақ газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, халық жауы деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала бұлт, шындық күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.