Бүгін – Сәкен Сейфуллиннің туған күні

Бүгін – Сәкен Сейфуллиннің туған күні
Фото: wikipedia.org

Бүгін – қазақтың атақты ақыны, жазушысы, дарынды драматургі, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі болған  Сәкен Сейфуллиннің туған күні. 

Сәкен Сейфуллин (1894–1938) 15 қазанда Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде 1905–1908 жылдар аралығында білім алады. Сәкенді ата-анасы – Сейфолла мен Жамал азан шақырып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына еркелетіп Сәкен деп атап кеткен. 

1913 жылы 21 тамыз күні Сәкен Омбы педагогикалық семинариясына келеді. Онда ол Мағжан Жұмабаевпен бірге тәлім алады. "Айқап" журналында қарашадағы санында (№ 21) Сәкен Сейфуллин өзінің алғашқы мақаласын жариялайды. Сол уақыттан бастап, ол Омбы қаласының охранкасының назарына ілігеді. 1914 жылы Сәкен Омбыда "Бірлік" ("Единство") қазақ жастарының тұңғыш мәдени және білім беру қоғамның көшбасшыларының бірі болады. 1914 жылы ол өзінің "Өткен күндер" атты өлеңдер жинағын жариялайды. Кейін 1916 жылы Сәкен сырттай мүлікті заңдастыру комиссиясының Ақмола уезі бойынша 12 елді мекенде жұмыс істейді. Сонда 1916 жылы ол қазақ халқының Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арналған дастан "Толқулар" деген өлең жазды. 

Омбыда оқып жүріп қазақ жастарының "Бірлік" қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1917 жылы 9 наурызда "Асығып тез аттандық" атты өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, "Жас қазақ" ұйымын ашты, "Тіршілік" газетін шығарысты, 3 айлық педкурста оқытушы болды. 1918 жылғы сәуірде "Жас қазақ марсельезасын" жазып, 1 мамырда "Бақыт жолында" атты пьесасының премьерасын көрсетті. 1918 жылғы 4 маусымда ақтардың көтерілісі болып, Ақмола совдепшілері тұтқындалды. Атаманның "азап вагонында" 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шықты. Кейін бұл туралы "Тар жол, тайғақ кешу" атты атақты роман жазып, оны 1927 жылы бастырып шығарды. 1920 жылы 7 мамырда Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болады. 1920 жылғы 4 қазанда Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің 1-Құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық етті. 

1922 жылы "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы, Халық Ағарту Комиссарының орынбасары болды. Қазақ АССР Кеңесінің 3 съезінде Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып сайланды (1922–1925). 1925 жылы 7 сәуірде Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, 12 маусымда Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы болып тағайындалды. 1926 жылы БК(б)П Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры болып жұмыс істеді. 1927 жылы шыққан "Жыл құсы" альманахына басшылық етті, "Жаңа әдебиет" журналын ашуға (1928) атсалысты. 1929 жылы қазақтың зиялы азаматтарына арнап ауыз әдебиеті үлгісін жинау жөнінде жазған "Ашық хатын" жариялады. Қазақтың мемлекеттік педагогика институтының доценті болды. 1932 жылы "Әдебиет майданы" журналының редакторы, 1934 жылы Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметін атқарды. 1936 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Шығармашылықпен белсене араласты. 1917 жылы "Жұбату" атты тұңғыш әңгімесін жазды.  Қазақ әдебиетінің оқулықтарын жасауға қатысты. Басты шығармалары орыс тіліне аударылып, Кеңестер Одағы халықтарының бірқатар тілдерінде басылды. Қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы мерекеленді. 

Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың "Сәкен Сейфуллин" пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың "Кездеспей кеткен бір бейне" повесі, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожин, тағы басқалардың поэмалары, Е.Ысмаиылов, С.Қирабаев, тағы басқа ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген. Белгілі ғалым, сыншы Тұрсынбек Кәкішұлы Сәкен туралы "Өнегелі өмір", "Сәкен сүйген сұлулар" және тағы басқа бірқатар көркем шығармалар мен әдеби мақалалар жазды. 
 

Сәкен Сейфуллин 1937 жылдың 24 қыркүйегінде абақтыға қамалады. КСРО Жоғары сотының көшпелі әскери коллегиясы Алматыда, 1938 жылдың 28 ақпанында 16 сағат 40 минутта оның қылмыстық ісін қарап, Сәкен Сейфуллинді ату жазасына кесті. Арадан 20 жыл өткесін ғана, 1958 жылы ақталды. Қазір Сәкен Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталады. 1988 жылы Астана (бұрынғы Целиноград) қаласында Сәкен Сейфуллин мұражайы бой көтерді.
Т. Раушанұлы