Бүгін – қазақтың Қадырының туған күні. Қадыр Мырза Әли – Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ақынды жас баладан еңкейген қарияға дейін білетіндіктен оның өмірбаяны туралы ақпарат беруді жөн көрмедік. Оның үстіне "Өмірбаян орнына" өлеңін оқыған жан өзі-ақ бәрін ұғып алары анық.
Ойы орамды, сөздері найзағайлы ақынның тапқырлығы туралы да ел аузында көп әңгіме бар. Ақселеу Сейдімбек жинастырған ақынның ел аузындағы әңгімелері мен көпшілік бұрын-соңды көрмеген сирек суреттерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Өмірбаян орнына
Бәрін тез-тез болады деп кім күткен!
Күндер өткен жұлдыз жауар түндіктен.
Мырзалының
Үміт артқан өлгенше
Үш ұлынан жалғыз еркек кіндік мен.
Жүз демеймін –
Түсінеді жөнді ұққан –
Жалғыз едім мен бір ірі сомдықтан.
Жалғыз едім өспей қойған атадан,
Жоғалуға қақым жоқ-ты сондықтан!
Өлең жаздым тоғыз тарау,
Жеті өрім.
Сездім соның жүректерге жетерін.
Жалғызбын деп
Жанға нөкер болмадым,
Өзімнің де болған емес нөкерім!
Бірер мәрте қапқаны рас ит мені.
(Ешқашан да жолыққан жоқ кит тегі).
Жаза алмаймын жеңілдім деп,
Жеңдім деп,
Ешкімменен айқасқам жоқ өйткені.
Бастықтардың сүйген құлы емеспін,
Бала кезден қиындықпен тел өстім.
Орнымнан да түскен жоқпын,
Өйткені
Жоғарыға шығарған жоқ мені ешкім!
Бақыт келсе,
Ерте демен,
Кеш демен.
Өз орнымды таба аламын көште мен.
Жинамадым мен еш нәрсе
Сондықтан
Жоғалтып та көрген жоқпын ештеңе!
Өмір бізге емшек емес бала емер,
Жолықпасын сені іздеген пәлегер.
Ешқашан да іскен емес тамағым,
Қайдан іссін,
Дәметпесем мен егер!
Ұят болар бағам жұрттан кем десем,
Ұлылықтың сусыны бар, шөлдесем.
Көп адамнан көңілім де қалған жоқ,
Неге қалсын!
Кез келгенге сенбесем!
Ағайын жоқ ертелі-кеш аңдыздар,
Бар аздаған ойнамайтын балдыздар.
Бар аздаған жолдастарым,
Достарым,
Олар да сол:
Мен секілді жалғыздар.
Ә, айтпақшы,
Жарқылдаған жарым бар,
Үш балам бар,
Құдай берген дарын бар.
Момын да емен көне кетер қорлыққа,
Асау да емен ала қашып арындар.
Ауырғам жоқ табыспенен,
Пайдамен.
Пайданы сол жұмсар едім қайда мен?!
Қорықпағын –
Қарыз алар жарлы емен,
Қуанбағын –
Қарыз берер бай да емен!
Абыройдың аппақ таңы атқалы
Қызғаныштың қызыл иті жатпады.
Мінезімді мақтамаймын,
Базарда
Өзімді өзім тұрған жоқпын сатқалы!
Сөйледім бе,
Сөйлемеймін бекерге
Ақылымды алмасын тек кетерде.
Жағаласпай тыныш жүрсем,
Әлі де
Жаман жүрек жарап қалар лекерге!
Жас кезі
Жары Салтанатпен
Қадыр Мырза Әли мен Жақан Смақов
Қазақ зиялыларымен
Бірде «Жалын» альманағының жаңа санында бас редактор Тұманбай Молдағалиевтің жаңа өлеңдері басылады. Сонда:
«Бір тәулікте бір адамды,
Қуантпауға болмайды,
Бір тәулікте бір адамды,
Жұбатпаған оңбайды», – деген жолдар бар екен. Осы шумақ ақын Сәкен Иманасовқа қатты ұнайды да, Тұманбайға кездесіп қалған бір сәтте әлгі өлең жолдарын қайталап айтып: ... «деген екен қазақтың бір мықты ақыны, Тұм-аға!» – дейді.
– Қадыр ғой! – дейді Тұмағаң ойланбастан.
– Қайдағы Қадыр, Тұманбай Молдағалиев! – дейді Сәкен.
– Кет, сөйлемей! – деп Тұмағаң таң қалады.
– Мінеки, ендеше! – деп Сәкен журналды ашып көрсетеді. Тұмағаң өз көзіне өзі сенбегендей бір қарап өтеді де:
– Оқта-текте ондай-ондай менде де болады! – деп көзілдірігінің астынан күлімсірей қарайды.
Қадыр мен Тұманбай құрдас. Қайтер екен деп осы әңгімені Сәкен кейін Қадырға айтып береді. Сонда Қадыр:
– Жақсы өлең тек менде ғана болады деп ойлайтын Тұманбайдың ескі әдеті ғой, – деген екен.
***
Орал облысының Жымпиты ауданы – Қадыр Мырзалиевтің туған жері. Бірде Жымпиты ауданында болып қайтқан жазушы Сансызбай Сарғасқаев Алматыға келген соң, Қадырға әзілдеп:
– Жымпитың ит байласа тұрғысыз жер екен, – депті.
Сонда Қадыр:
– Сәке, мықты болсаңыз сондай жерде туа білу керек! – деген екен.
***
Қадыр кішкене ғана, киіктің асығындай шымыр, Жүсіп Қыдыров болса түйе үстіндегі адаммен бой теңестіргендей ұзын бойлы. Бірде екеуі Жазушылар одағының үйіне қатар беттеп келе жатса, жігіттер көріп күліпті. Сонда Қадыр:
– Несіне күлесіңдер, мен болсам Қазақстанның 1913 жылғы көрсеткішімін, Жүсіп болса 1973 жылғы көрсеткіші емес пе! – депті.
***
Қадырға құрдастары «сараңсың» деп әзілдесе керек. Соны әркімдерден ара-тұра естіп қалған Сейтжан Омаров бірде:
– Қадыр-ау, біздің ауылмен құйрық-бауыр жесер құда болып қалдың ғой. Енді де үйіңе шақырмас па екенсің? – деп үлкендікпен әзіл айтыпты.
Сонда Қадыр Мырза Әли:
– Сәке-ау, құда мың жылдық деген емес пе, асыққанымыз не, мың жылға дейін сіз болып, біз болып талай шақырыса жатамыз ғой, – деген екен.
***
Ақын Абдрахман Асылбековтің өтімді, пысық мінезін әріптес достары жақсы біледі ғой. Бірде Қадыр Мырза Әли Абдрахманның баласын көріп, сәлемін алып, тілдесіп көрсе, оның да ертерек жетіліп, болайын деп тұрғанын байқайды ғой. Байқапты да: «Абдрахманның баласы Абдрахманнан гөрі Абдрахманырақ екен» десе керек.
***
Белгілі жазушылар Сәкен Жүнісов пен Адам Мекебаев 1985 жылы Москвадағы әдебиет институтына оқуға түседі. Сонда, тапқыр әзілге жүйрік ақын Қадыр Мырза Әли: «Адам – Сәкен боламын деп, Сәкен – Адам боламын деп оқып жатыр», – деген екен.