Бүгін – қазақ зиялысы, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туған күні. Оның зерделі ойлары мен өзекжарды толғамдары әлі күнге дейін өзекті. Еңбек пен білімге шақыра отырып, адалдықтан аттамауды тілге тиек етеді.
Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сыңды дәрменсіздік.
***
Тіршілік-ғұмыр белгісі - алыс-тартыс, арбау-әдіс.
***
Шыңғыс хан дүниені алды - артында түк белгі қалған жоқ. Ақсақ Темір дүниені алмаса да - артында Самарқанд, мешіт, медреседей белгі қалды. Шыңғыс - көшпелі, Ақсақ Темір - отырықшы.
***
Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің.
***
Жанайқай: қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!
***
Білім - біліммен, мінез - мінезбен. Көп оқыса, зейінді болса - білімді болмақ, ал мінезі жақсы бола ма әлде жаман бола ма - мұны құдай біледі.
***
Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды, байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар - қысты күні үңгірде жатып өз аяғын өзі сорған аю тәрізді.
***
Өзіне-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу-өнер болмайды.
***
Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.
***
Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман.
***
Байлық түбі - ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.
***
Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды.
***
Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.