- Негізгі бет
- Тұлға
- Бүгін – Жаяу...
Бүгін – Жаяу Мұса Байжанұлының туған күні
Еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстік аймақтарын қамтитын Арқа өңірі – әншілік өнер кең қанат жайып, ерекше дамыған аймақтардың бірі саналады. Арқа әндері кең тыныстылығымен, әуен байлығымен, терең мазмұн, күрделі құрылымымен ерекшеленеді. Көмейіне бұлбұл ұялаған небір күміс көмей, жезтаңдай әншілер осы өлкеде дүниеге келіп, сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты әнші-композиторларды мақтанышпен айта аламыз.
Бүгін – Арқа мектебінің белді өкілі Жаяу Мұса Байжанұлының туған күні. Ол 1835 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасында дүниеге келген.
Мұса жас кезінен домбырада ойнайтын, көптеген әндер айтып, күй тартатын. Болашақ дарын қобыз, домбыра, сырнай, скрипка тарту өнерінің де қыр-сырын меңгерген. Мұса Байжанұлы өз өмірінде жетпіске тарта ән жазған. Бүгінгі күнге бізге қырық бес әні мен бес күйі жеткен. Орыс пен қазақ тілдерін жетік меңгерген ол қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер. Ол Омбыдағы орыс мектебінде оқып жүргенде «Қыздар-ай» атты өзінің алғашқы өлеңін шығарды.
Ол өзінің неге "Жаяу" атанғандығын "Ақ сиса" атты өлеңінде хабар береді.
"Ақ сиса" әнінің шығуына Шорман тұқымының зорлық-зомбылығына деген ыза-кек түрткі болады. Шорманның Мұстафасы бір күні Мұсаның жалғыз атын тартып алып, ерін арқалатып, жүгенін қолына беріп жібереді. Шормандарға қарсы келетін күші жоқ Мұса, амалы жоқ бұрынғы аралаған ауылдарын жаяу кезеді. Осыдан келіп халық арасында ол «Жаяу Мұса» атанады. Мұстафаның ойынша ол Мұсаны қатты кеміттім, жаяу атандырдым дейді. Бірақ, ежелден қажуды білмейтін Мұса, оған саса қоймайды, әңгімесін, әнін айтып, жаяу-ақ жалғастырады.
Бұл оқиға Жаяу Мұсаның жан қылын қозғайды. Қара күшпен теңдесе алмаса да өнерге келгенде Мұстафадан бойы биік екенін біледі де, еңсесін төмен түсірмей, қайта творчестволық шүйдесі бұрынғыдан көтеріліп, шабыт қанаты қомдалып, жаңа бір жігерге мінеді де, өзінің халық аузында жүрген күрестің әнұраны болып кеткен атақты «Ақ сиса»әнін шығарады. «Ақ сиса »әні бір жағынан Мұстафаның арам қылығын әшкерелеп, зорлықшылдың атын елге паш етсе, екінші жағынан Жаяу Мұсаның атын кеңге танытқан күрделі шығармасы болып есептеледі.
"Ақ сисаны" тыңдап көріңіз:
Көз көргендердің айтуынша, Мұса өте көңілді кісі болған екен. Қазақ ақындарының әдетін қумай, көбіне домбырада емес, татар әншілері сияқты скрипкада ойнаған, орысша да ән салған. Оның творчествосында қазақтарға тән емес күлкі, жеңілтек кезеңдер де орын алады.
Зейтін Ақышев драматург ретiнде халық композиторы Жаяу Мұсаның өмiр желiсi мен тарихи деректерiне құрылған драма жазып шыққан. Бұл драмасы академиялық театр мен облыстардағы театрларға қойылып келеді. Зейтiн Ақышевтiң бiр романы "Жаяу Мұса" деп аталған. Атақты өнерпаз, композитор, батыр жiгiт ретiнде елге танылған Мұса Байжановтың өмiр жолы, сол кезеңнiң басты қайшылықтары, адамдар арасындағы теңсiздiк, қазақ ауылдарының тұрмыс-тiршiлiгi, орыс қоныстанушыларды суреттеумен қатар Мұсаның балалық шағының ауыр кезеңдерi оқырманды бей-жай қалдырмайды. Мұсаның генерал Черняев, әсiресе Шоқан Уәлихановпен танысып, сырласуы, атақты Мұса, Мұстафа Шормановтар бейнесi де дәл берiлген. Мұса тапқыр, айлакер би болса, Мұстафа әдiлетсiз, алды-артын ойламайтын болыс болғанын суреттейдi. Зейтiн Ақышевтiң "Жаяу Мұсасында" қазақ сахарасындағы сол кезеңдегi оқиғалар көркем тiлмен суреттелiп, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерi мен әдет-ғұрпы терең көрiнiс тауып отырады.
Мұсаның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар - Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Михаил Лалинов, әндерін орындаушылар - Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бекет» сынды симфония, опера, эстрада жанрларында пайдаланған.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: alashainasy.kz