Бүгін – француздың ұлттық батыры Шарль де Голльдің туған күні

Бүгін – француздың ұлттық батыры Шарль де Голльдің туған күні
Фото: stories-of-success.ru

Бүгін – француз генералы, мемлекет қайраткері, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Француз ұлт азаттық қозғалысының көсеміне айналған, Бесінші Республиканың негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті (1959—1969) Шарль де Голльдің туған күні. 

Француз қайраткері екінші дүниежүзілік соғыс кезінде француз әскерінің қарсыласуының символы болды. Екі рет елге басшылық жасап, елдің экономикасы мен халықаралық беделін көтерді. 80 жылдық өміріндегі елге сіңген еңбегінің арқасында ол Жанна Д’Арктен кейінгі елдің ең ұлы ұлттық батырына айналды.

Шарль Андре Жозеф Мари де Голль (Charles André Joseph Marie de Gaulle) 1890 жылы 22 қарашада Лилль қаласындағы католиктердің отбасында туған. Әкесі Анри де Голль Әдебиет және философия профессоры болғандықтан Шарль кішкентайынан оқуды жақсы көрген. Колледжді аяқтағасын Шарль әскери өмірді таңдайды. 1908 жылы Станислас колледжінде бір жылдық дайындық курсынан өтіп, 1909 жылы Наполеон Бонапарт оқыған Сен-Сирдегі арнайы мектепте оқуын жалғастырады. Әскери саланың ішінде ол жаяу әскер бөлімін таңдаған. 

Әскери сапта 2 метр бойымен ол үнемі бірінші боп тұрған екен. Бойына байланысты достары оны «спаржа» (ұзын өсімдік) деп атаған және достары қалжыңдап: «Егер Шарль ергежейлі болса да, сапта бірінші боп тұратын еді» дейтін. Бұл оның көшбасшы болуға қаншалықты ұмтылғанын білдіреді. 1912 жылы Шарль де Голль әскери училищені кіші лейтенант шенімен аяқтайды.

Лейтенанттан генералға дейінгі жол 
Шарль полковник Анри-Филипп Петеннің басшылығымен 33-атқыштар полкіне командир етіп тағайындалады. 1914 жылдың жазындағы шайқасқа кіріп, әйгілі француз әскерінің көшбасшысы, генералы Шарл Ланрезак армиясына келіп қосылады. Соғыстың үшінші күнінде-ақ жараланып 2 айдан соң сапқа оралады. 

1916 жылы екі рет жараланған. Екіншісінің қатты болғаны сонша, оны өлді деп ұрыс алаңына тастап кеткен. Шарль осылай немістердің тұтқынына айналған. Тұтқында жүріп алты рет қашуға әрекеттенгенімен, бәрі де сәтсіз болған. Тек 1918 жылдың қарашасында босатылған. Тұтқында жүріп болашақ КСРО маршалы Тухачевскиймен танысады. Олар соғыс тактикасы туралы көп пікірлескен. Сол кезде ол неміс авторларын оқиды, Германия туралы мәлімет жинайды. Бұлар кейін екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оның әскери шешім қабылдауына септігін тигізеді. 1916 жылы «Жау тылындағы айқас» атты кітабын жазды.

Тұтқыннан босатылғаннан кейін Польшаға барып әскери мектепте курсанттарға сабақ береді. Бірнеше ай поляк-кеңестік соғысына қатысады. Поляктар оған тұрақты түрде Поляк армиясынан жұмыс пен шен ұсынғанымен бас тартып, еліне оралады. 

1930 жылдары подполковник атағын алды. Бірінші Дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін талдаған бірқатар танымал әскери-теориялық кітаптар жазды.

1932 жылдан 1936 жылға дейін Францияның Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы қызметін атқарды. 1937 жылы танк бригадасын басқаруға тағайындалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Шарль полковник шенінде болатын. 1939 жылы немістер француздарға шабуылдайды. 1940 жылы мамыр айында Франция үкіметі күйреуінен бұрын де Голль бригадалық генерал және қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалады. 

Арадан 1 ай өткесін Лондонға келіп «Біз соғыста емес бір реттік шайқаста жеңілдік» деп француз халқын қарсыласуға шақырады. «Тәуелсіз Франция» ұйымын құрып, 1941-42 жылдарда партизандық операцияларды бастайды. Шарль колонияларға бақылау жасап, нәтижесінде «Тәуелсіз Франция» ұйымына Камерун, Убанги-Шари, Чад, Конго, Габон әскерлері қосылады.

1944 жылдың жазында де Голль Француз Республикасының басшысына айналды. Ол елді 1940 жылдан кейінгі масқаралықтан құтқара алды. Шарльдың арқасында Франция үлкен бестікке кіретін республика мәртебесін қайтарды. 


Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң Голль Францияда президенттік басқару үлгісін орнықтыруға күш салды. Бұл жоспары қарсылыққа ұшыраған соң 1946 жылы биліктен кетіп, келесі жылы «Франция халқының бірлестігі» партиясын құрды.

1953 жылы партияны таратып, саясаттан шеттеп кетті. 1958 жылы Алжирдегі әскери бүліктен кейін Франция үкіметі аса қиын жағдайда қалып, парламенттің көпшілік бөлігі Голльді үкіметті басқаруға шақырды. Оның басшылығымен жаңа Конституция қабылданды (1958). Осы Конституция негізінде өткен 1958 жылғы 21 желтоқсандағы сайлауда Голль республика президенті болып сайланды. 

1965 жылы жаңа 7 жылдық мерзімге қайта сайланды. Ол билік жүргізген кезеңде парламенттің билігі шектелді, президентке қосымша өкілеттіктер берілді. Голльдің тұсында Франция атом қаруын жасап, ядролық державаға айналды. 1969 жылы өткен референдумнан кейін биліктен кетті.
 
1970 жылы қайтыс болды.
Т. Раушанұлы