- Негізгі бет
- Тұлға
- Бүгін - әйгілі...
Бүгін - әйгілі кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің туған күні
Бүгін қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-інің халық суретшісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан Қастеевтің (1904-1973) туған күні.
Қазақтың бір туар азаматы, әйгілі кескіндемешісі 1904 жылы Алматы облысының Жаркент ауданында дүниеге келген. Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Ол өз бетімен арабша, кейіннен латынша оқып, жазуды үйренген. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі 1929-1931 жылдары Николай Гаврилович Хлудовтың көркем студиясында білім алады (Хлудовтың Қазақстанда тұрған кезінде). 1934-1937 жылдары білімін ары қарай Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркем студиясында жалғастырып, И.Бродскийден сабақ алады. 1954-1956 жылдары Қазақстан Суретшілер Одағын басқарады. 2 рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Депутаты болып сайланды. КСРО-ның жоғарғы Мемлекеттік Орден, медальдарымен марапатталды.
Еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастаған суретшінің Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келген. 30-шы жылдардың ортасында Қастеевтің өнерінің шарықтау шегі еді. Оның алғашқы туындылары "Түрксіб", "Жас Абай" сияқты портреттері жарық көрді, сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрге арналған көптеген шығармалар салынды. Ал алғаш рет көрмеге қойылған туындылары - «Тігін үстінде», «Мектепке», «Автопортрет», «Көгілдір көйлекті қыз», «Қарындасымның портреті». Суретшінің «Ғ.Мұратбаев», «А.Құнанбаев», «Ж.Жабаев», «А.Иманов», «К.Әзірбаев» секілді танымал портреттік туындылары бар. Суретшінің тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Колхоз тойы», «Қалыңдық», т.б. көркем туындыларынан эпикалық ауқымдылық, ұлттық бояудың айқындығы көрінеді. Сонымен қатар суретші халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелеп, ұлттық дүниетаным аясында тың композициялық шешім таба білді. Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды.
Суреткер Қастеев қазақ халқының салт-дәстүрінің озығы мен тозығын ажыратып, кертартпа кемшіліктерді ашына бейнеледі. Мәселен, «Кедей мен бай құдық басында», «Құрғақшылық кезінде молданың жылу жинауы», «Қыз алып қашу» шығармалары осының дәлелі. Оның ұлтына, туған жерге, отанына деген сүйіспеншілігі шығармаларында да шынайы көрініс тапты. Қылқалам шебері сурет өрнектерінің сырлы бояуын ұтымды қолдана білген. Абай тұлғасы Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Ол Абайдың келбетін әр қырынан сомдады. Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» және «Бүркітші», «Қыс», «Жаз», «Көктем» атты шығармалары осыған дәлел. Суреткер «Қазан төңкерісі», 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.
Бүгінде қазақтан шыққан тұңғыш суреткерді қазақ халқы мақтан тұтады. 2004 жылы 100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде суреткердің есімімен берілген көшелер, өнер мектептері мен саябақ, музей бар. Ұлы даланың Ұлы перзенті болған суреткердің есімі уақыт өте асқақтамаса, төмендемесі ақиқат.
Н. Үсенова