Бүгін — қазақ топырағында туып, адамзаттың ақынына айналған телегей талант иесі Олжас Сүлейменовтің туған күні.
Қазақ ақыны, тілтанушы, саясаткер, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы, Қазақстанның Халық жазушысы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы, Төтенше және Өкілетті Елші, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Омарұлы Сүлейменов биыл сексеннің бірінші белесін бағындырып отыр.
Олжас Сүлейменов 1936 жылдың 18 маусымында Алматыда Кеңестік Қызыл Армияның майор шеніндегі офицері Омархан (Омар) Сүлейменов пен Фатима Насыржанқызы (Нәшке) Беделбаеваның отбасында дүниеге келді. Сол кездегі өлшеммен алып қарағанда бұл әлеуметтік және қызметтік тұрғадан да іргелі отбасы болып саналатын. Омар Сүлейменов «1920 жылы Орынборда негізі жасақталған қазақтың жеке атты әскер эскадронының кіші командирі деген лауазымға ерте ілініп үлгіреді. Кезінде тайсалмас батырлығы мен қалтқысыз қызметі ескеріліп, Қазақ атты әскер дивизионының саяси қолбасшысы болып тағайындалғаны да тарихи айқын мәселе». Бұдан әрі қызметін Ташкентте атқаруға бұйрық алған Омар Сүлейменов, әрең дегенде демалыс алып, қазақша айтқанда қайын жұртшылап, қысқа мерзімдік демалыс пен Алматыға келіп жатқанда Олжас дүниеге келеді. Олжастың анасы Фатима Насыржанқызы да отырықшылыққа ерте көшкен Алматының байырғы әулеттерінің отбасында дүниеге келген және 17 жасында техникум бітірген қазақтың сауатты қыздарының қатарынан еді. Сондықтан Олжасты жаңа тұрпатты қазақ зиялыларының алғашқы буынының отбасында дүниеге келді деуге болады.
Өзі дүниеге келген уақыт туралы Олжас Сүлейменовтің өзі былай деп еске алады: «1936 жылы Ұлттық бөлімдер таратылды. Менің әкем қызмет еткен атты әскер полкі барлық сержанттары мен офицерлерінен айырылды. Соғыста емес, 1936 жылдың аяғында. Біреулері түрмеге отырғызылды, енді біреулері атылды. Осылайша, республикалардағы 37-жыл дайындалды. Тарихтың бұл беттерін біз біле бермейміз. Бізде бірде бір ғылыми немесе көркем зерттеу жұмыстары жоқ». Осы 1936 жылдың маусым айында Ташкент қаласында жас офицер Омар Сүлейменов ұшты-күйлі хабарсыз кетеді. Ташкентке іздеп барған Фатима мен Насыржан Беделбаевтың ІІХК (НКВД) мекемелерінен естілген сөзі. – «Офицер Омар Сүлейменов Отан алдындағы қылмысы үшін қамалып, тиісті жазасын тартуға жіберілді».
Із-түссіз хабарсыз кеткен Омардан мүлдем күдер үзген Фатима Беделбаева әкесінің көмегімен 1939 жылы Қазақ Телеграф Агенттігіне стенографистка мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Мұнда отызға енді шыққан және 1939 жылы Коммунистік Журналистика институтының түлегі Әбдуали Қарағұлов ҚазТАГ директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқаратын. Көп ұзамай екеуінің дәм-тұзы жарасып, отау құрады. Сөйтіп Фатима Беделбаева мен оның үш жасар ұлы Олжастың шын мәнісінде жаңа өмірлері басталады.
1944-1954 жылдары Олжас Алматыдағы Фурманов көшесінің бойындағы № 28 орыс мектебінде оқиды. Осы екіқабатты байырғы ғимаратта Қазақтың батыр қызы М.Мәметова оқығандықтан 1955 жылы мектепке оның аты берілген (Қазіргі күнде техникалық лицей орналасқан). Бұл мектепте М.Шаяхметов, Н.Оңдасынов және т.б. Қазақстан мен Алматы қаласы басшыларының балалары оқығандықтан да оны кеңестік дәстүр бойынша іргелі мектептер қатарына жатқызуға болады.
Мектеп бітірген соң Олжас әкесінің кеңесімен мамандықты қалай таңдағанын былай деп еске алады: «Ол менің әдебиетпен әуестенетінімді көріп жүрді, бірақ оның қаншалықты еңбек пен бейімділікті талап ететін ауыр іс екенін өз басынан білетін. «Мен журналистика факультетіне түсемін» дегенде ол басын шайқап: «ортаңқолды журналист болғанша, ортаңқолды инженер болған жақсы. Қателеспе балам» деді. Мен құжаттарымды геология мамандығы бойынша тапсырдым. Дегенмен институт бітірген соң Горький атындағы әдебиет институтына түстім. Әкем қарсы болған жоқ».
Институт қабырғасында жүргенде поэзиямен шектелмей, геология, тарих, лингвистика, палеографиямен өз бетінше әуре сарсаң болып жүрген Олжасқа орыс достарының бірі аң-таң болып: «Олжас, түкке тұрмайтын тірлікпен неге айналысып жүрсің, уақытыңды тасқа жазылған қалжыңды тарқатуға жіберіп жүргеніңе жол болсын. Одан да өлең жаз, жұрттың алдына шық» деген ұсынысына Олжас: «Сенің мәдениетіңнің алтын ғасыры болды, ол – ХІХ ғасыр, сен үшін жұмыс істегендер бар. Біздің мәдениетіміз қазір ренессансты да, көп жағдайларда қайта тууды да бастан кешіп жатыр. Біз, мәдениетімізде қазір біруақытта ХІХ ғасырды, ХХ ғасырды да бастан өткеріп келеміз. Нақ сондықтан да қазақ жазушысының міндеті орыс жазушысының алдында тұрған міндеттерден көлемі жағынан да, бағыты жағынан да өзгешеленеді. Бізге ағартушы тіпті, аздап шырақшы болуға да тура келеді»– деп жауап береді.
Мәскеулік кезеңдегі тартысты оқу мен тоқу мол нәтижелер берді. 1959 жылдың 13 маусымында орыстың белгілі ақыны Л.Мартыновтың алғысөзімен «Литературная газета» да оның топтама өлеңдері жарық көрді. Алайда поэзия аспанында жұлдызы жарқырай туған қазақ есімінің пайда болғанын Одаққа, одан қалды әлемге әйгілеген атақты «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы болды. Поэма үзінділерінің, жырдың көктемгі Алматы көгінен ұшақтан үн парақ болып шашудай шашылуы ерекше құбылыс. Қазіргі заманның бірде бір ақыны ондай қошеметке бөленген жоқ-тын. Сөйтіп, ақынның «өз халқым ішіндегі орнымды тапсам» деген жастық арманы тамаша орындалды. Ақын мұндай табыстардан кейін тоқмейілсімей іле-шала бағдарламасының екінші бөлімі – «әлем халықтарының ішіндегі өз халқымның орнын іздеуге» шұғыл кірісіп кетті. Дүние танымы әбден қалыптасқан жаңа тұрпатты жас ақын шығармашылығының келесі айналымы басталды.
«Халықтың тарихы айналып келгенде ақынның үлесіне тиеді» – дейді А.С.Пушкин, оқып отырсаңыз Олжастың өлеңдері қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын айтады, енді сіз бір ақынның жырын ғана емес бір ұлттың сан ғасырлық салихалы тарихын аралағандай боласыз. Олжас өлеңдері қазақ пен орыс арасында ғана емес, Еуропа елдері, Кіші Азия, Қытай, Америка елдері арасында өзінің асқақ қазақы үнін аспандата саңқылдатады.