- Негізгі бет
- Тұлға
- Бритни Спирс: «Ұлдарымнан...
Бритни Спирс: «Ұлдарымнан өзім құбыжық жасап жүрмін!»
Бритни тағы да АХАЖ табалдырығын аттамақшы. Біраз уақыт бұрын ол өзінің сүйіктісі Дэвид Лукадоға ессіз ғашық екенін жария еткен болатын, ал ол өз кезегінде көп ойланбай үйленуге ұсыныс жасады. Атаулы күнді Гавай аралында атап өтпекші.
Осы жылдың желтоқсан айы поп-жұлдыз үшін табысты болды. Туған күнінде екі бірдей атаулы оқиғаны атап өтті: жаңа альбомының жарыққа шығуы мен Лас-Вегасқа екі жылға көшуін. Онда ол беделді шоумен келісім шартқа отырған болатын. Қысқасы, Бритни қайта жұмысқа кірісті, ал көбі оның жұлдызы сөнгеніне сенген еді.
Спирстің қым-қуыт өмірі бітпейтін сот процестерімен, неке-ажырасуларымен, ата-анасымен қиын қарым-қатынасы телехикая сюжетін еске түсіреді. «Аузы күйген үрлеп ішер» демекші, Бритни әлі үйлену ұсынысына нақты жауап бермеді. Қорқады. Және бұл түсінікті де. Әлі күнге дейін жұлдыздың махаббатта бағы жанбай келеді. Және бір уақыттары бұл оның керемет қаланып келе жатқан мәнсабына үлкен қауіп-қатер төндірген еді...
— Бритни, құттықтаймыз, жаңа альбомыңыз шығып жатыр екен және Лас-Вегаста шоу жасау оңай емес, ең атақты деген орындаушылар да мұнда ән шырқауды абырой санайды. Ал сізге екі жыл бойы онда жұмыс істеу бұйырыпты...
— Иә, бұл өте керемет! Мен өте-өте қобалжулымын! Және қатты қорқамын. Шын айтамын. Тікұшақпен Лас-Вегастың үстімен ұшып келе жатқанда, болашақта өнер көрсететін сарайды көріп, үлкен әсерге бөлендім. Жерде жанкүйерлерім жиналып, плакаттарымен мені қошаметпен қарсы алып жатты. Ал менің жүрегім айнып, – мен жалпы ұшуды жек көремін, көтере алмаймын, - сол себепті менің құрметіме жасалған бұл жиынды тезірек аяқтауға тура келді. Жалпы, мен көптен бері сахнаға шықпай жүрген едім – қатты қобалжып, қорқып жүрмін, жүйкем сыр беріп жүр. Алда 96 концерт күтіп тұр, сенесіз бе? Бірақ жаңа альбомның айналымы үшін гастрольден қашып, саналы түрде осындай келісім-шартты күтіп жүрген едім. Гастрольдерді жек көремін!
Турне дегендер адамды шаршатып, есіңен адастырады, бұдан былай турнеге қатысқым келмейді. Ал жаңа альбомның шығуы мен үшін өте маңызды жайт, бұл санақ бойынша сегізінші. Мен бұл бизнесте он жеті жасымнан жүрмін, көп еңбек еттім және көптеген жетістіктерге қол жеткіздім.
— Сіз өз әндеріңізді тыңдайсыз ба?
— Жоқ, мен басқалардың музыкасын тыңдағанды ұнатамын. Менің ойымша, өзін тыңдау – біртүрлі оғаш, мұнда бір өз-өзіңе деген сүйіспеншілік жатқан сияқты. Альбом жазып жатқанда онсыз да әндеріңді тізесі шыққанша тыңдайсың. Шын айтсам, маған жинақталу қиын болды, тек балалар мектепте болғанда ғана бірдеңе істеп, үлгеріп жүрдім. Жұмыс мен үшін өзінше бір терапия болды. Жігітіммен айрылысқан уақытта жанымды емдеді. Әйтпесе Джейсонмен айрылысқаннан кейін өзімді жоғалтып алдым, өзімді бөгде планеталық адамдай сезіндім. (Бритни бұрынғы агенті Джейсон Трэвикпен бір жыл атастырылып жүрді — 2011 жылдың желтоқсанынан 2013 жылдың қаңтарына дейін. Ұлдары атастыру салтанатына куәгер болып, күйеу жігіттің аналарына сақина таққанын көрген. Джейсон екеуі 2009 жылдан, оның ең қиын кезеңдері артта қалған уақыттан бері (Кевин Федерлайнмен даулы ажырасуы, психиатриялық ауруханада жатуы, бұрынғы күйеуінің балаларын алып алмақ болғаны, ата-анасымен жан-жал оқиғаларын бастан кешіруі) бірге. Бірақ 2013 жылдың қаңтарында Бритни олардың айрылысатындығы жайлы хабарлады. Себеп – Джейсон балалы болуды қаламады, ал Бритни оған бала туып беруді армандады, сонымен қатар ол басқа адамдармен келісім-шартқа отырмақ болған, ал ол бұған қарсы болған. — Қосым.)
Айрылысу әрдайым жүрекке ауыр тиеді. Мен біраз уақыт жұрттан безіп, өзіммен-өзім болып, кейін шығармашылыққа қайта оралғым келді. Сол себепті мен бұл альбомды автобиографиялық дер едім, онда бәрі маған қатысты. Бәлкім, менің әндерім біреуге дауа болар.
— Бірақ жеке өміріңіз жақсы жаққа өзгеріп келе жатқандай...
— Иә, мен тағы ғашықпын. (Бритни сегіз ай бойы заң фирмасының қызметкері Дэвид Лукадомен кездесіп келеді. — Қосым.) Бәлкім, тұрмысқа да шығып қалармын. Жақында. Бірақ салтанатты жиын күтпеңіздер. Мұның бәрінен жалықтым. Бәрін құпия түрде жасаймын — уәде беремін. Дэвидтің ата-анасымен және әжесімен – 93 жаста, сенесіздер ме? – танысып үлгердім. Ол мені өзіне қонаққа шақырған, және мен оларға ұнаған екенмін. Әсіресе әжесіне — ол менің басты жанкүйерім. (Күлді.) Олардың отбасы өте керемет, қарапайым әрі тату. Бәрі бір-бірін жақсы көреді және қолдайды. Ата-анасының кішкентай фермасы бар екен, үйлері де сонда, бәрі сонда тұрады. Өте жайлы. Дэвидтің қырсық, қыңыр екендігі ұнайды, оны жолдан тайдыру оңай емес. Ол немен айналысса да жан-тәнімен берілетіндігі жаныма жақын. Болмысы сондай әуесқойлыққа толы. Және бұл жұқпалы екен. Сонымен қатар Дэвид сондай тартымды. Оны өте жақсы көремін.
— Ал сіздер қалай танысып едіңіздер? Әкеңіз некеңізге қолдау білдіргені рас па?
— Бізді достарымыз таныстырды. Мені және оны бір кешке шақырып, арнайы таныстырмақ болыпты. Тіпті қолымнан жетектеп соған апарды. Ал әрі қарай өзім түйсігімді іске қостым. Бірақ дәл сол кеште деп ойлап қалмаңыздар. Онымен қайта кездесу үшін бір күн шыдадым. (Күлді.) Ал әкеме жағу қиын ғой. Ол қайтпас қайсар адам. Бұл тұрғыда ол тіпті қатал. (Бритни есінен адасып, аурухана жағалап жүргенде бұрынғы күйеуі одан балаларын және ақшасын сот арқылы тартып алмақ болады. Осы кезде әкесі Джейми қызына қарайласып, оны қауіп-қатерден қорғап жүреді, әсіресе жігіттерге байланысты дауларда. — Қосым.) Әкем келісімін бермес бұрын тергеу жүргізіп, Дэвид туралы бәрін біліп алды.
— Әкеңізбен жағдай түсінікті, онымен қарым-қатынастарыңыз қиын: ол сізге бір жағынан көмектессе, екінші жағынан, былайша айтқанда, біраз әбігерге салады. Ал Дэвидке қатысты, айтпағыңыз, онымен ешқашан ұрыспайсыздар ма?
— Неге, ұрысамыз. Жақында, мысалы, ұрыстық. Ол маған бақандай алты сағат бойы телефон шалмады, сол үшін ренжіп қалдым. (Күлді.) Бірақ тез татуластық. Жоқ, бізде бәрі шынымен тамаша. Дэвид Вирджинияның кішкентай қаласынан келген, және оның айналысатын ісі де ұнайды. Дэвид қарапайым заң фирмасында жұмыс істейді. Және менің танымалдылығым, оған қатысты жағдайлар тым құрығанда осы жолы бізге кедергі болмауы үшін барымды саламын. Бұрынғыдай жеке өмірімді құртқанын қаламаймын. Бұрын бәрі араласып кететін: менің қызығушылығым, сүйіктілерімнің қызығушылықтары, яғни бизнес пен махаббат үйлеспейтін дүниелер болып шықты. Дэвид болса шоу-бизнеске де, Голливудқа да еш қатысы жоқ адам.
— Кішкентай кезіңізде «Микки Маустың клубы» атты диснейлік танымал тележобаға Джастин Тимберлейк және Кристина Агилерамен бірге түсіп жүргенде балаларды «бөтелке» ойынына шақырып қоймайтын болған екенсіз. Мұны жақында Райан Гослинг бір әңгімесінде айтқан болатын...
— Иә, ойнағанбыз. Бірақ Райанмен сүйіспегенімді нақты білемін. Тек Джастинмен. Бір қызығы, бөтелке ешқашан Райанға түспейтін, тек Джастинді көрсететін. Джастин — менің алғашқы махаббатым. Бірақ онымен көріспегелі он жыл болыпты.
— Сіз бейнеклиптерге әрдайым тартымды болып түсесіз. Бірақ имиджіңізге өте салмақты қарайтыныңыз рас па?
— Әлбетте, мен әрдайым тартымды болуым қажет, бұл шоу-бизнес заңы. Бірақ қазір бұрынғы заманды, клипке бір киіммен ғана билеп түсетін кездерді жиі еске алатын болыппын. Осылай, соңғы бейнебаянымды екі есе қысқартуға тура келді. Мен екі баланың анасымын ғой. Ана бола тұра, тартымды бикешті ойнау сондай қиын. Бәрі менің қолымда болса, мен тек биді қалдырып, қалғанының бәрін алып тастар едім.
— Сіздің әніңіз саундтрек ретінде кірген «Смурфики 2» танымал мультфильмінің тұсаукесеріне екі ұлыңызды ертіп барыпсыз. Кештің зайырлы қонақтарын тәнті етіп қайтыпты...
— О иә. Оларға өте ұнады. Орасан зор әсер алып қайтты. Бұл мені алаңдатады. Мен олардан өзім құбыжық жасап жатырмын! Ал олар ештеңеден қорықпайды – папарацциядан да, камералардан да, тобырдан да. Джейден өзімен өзі күліп тұрды, құдды бір Брэд Питт сияқты. Бәрінің қолын алып, жайбарақат әңгімелесіп жүрді. Сұмдық. Ал мен: «О құдай! Мен не істедім? Балам!» деумен болдым іштей. Олар музыканы жақсы көреді, әрине, видеойындарды да. Олардың қалауы болса, күні бойы ойнар еді. Бірақ мен күніне екі рет ойнауға ғана рұқсат беремін.
— Ал қорқынышты фильмдер көруге рұқсат етесіз бе?
— Олар ондай фильмдерді ұнатпайды. Қорқады. Қорыққан соң қызығушылықтары да азаяды. Сондықтан бірден теледидарды сөндіреміз. Бірақ Хеллоуин кезінде түрлі костюмдер киіп алып, көршілерді қорқытуға шығамыз. Және олар да бізге келіп, жылағанша қорқытады. Сонымен қатар, елестер өмір сүретін үйлерге экскурсияға барамыз. Енді, олар сонда өмір сүреді деп сендіреді. (Күлді.)
— Құлпырып кетіпсіз. Бет-пішініңізді қалыпта ұстау үшін уақытылы демалып, жаттығатындықтан шығар? Жұмыс уақытынан тыс кезде қалай демаласыз?
— Спа жақсы көремін. Қуанышыма орай, Лос-Анджелесте үйімнің жанындағы бір қонақ үйде тамаша спа-салон ашыпты. Мен онда мәңгілік тұруға бармын! (Күлді.) Спортзалға баруды ұнатамын, теннис ойнағанды. Және кикбоксингпен де шұғылданып жүрмін. Бірақ, қазір, Лас-Вегастағы марафонымның алдында залда күніне бес сағат жаттығамын. Бірінші кездері денемнің бәрі қатты ауыратын. Тіпті жүре алмайтынмын. Бірақ кейін ауырсынуы кетіп, денем үйренісіп кетті, сосын хореографияға барымды салып жүрмін – шоу үшін мұның маңызы зор. Ал жалпы мен клубтарға бару дегенді қойып кеткенмін. Кештерді Дэвидпен бірге үйде өткізгенді қалаймын. Поп-корнды молынан алып, кино қарап жатамыз. Мен де қарапайым әйелмін. Кітап оқып, сағынып, ерініп жатқанды қалаймын. Өз төсегімде ұйықтап, оянып, сол төсегімде таңғы асты ішкенді ұнатамын. Вегаста ән шырқауға келісім берген себептерімнің бірі де осы. Мен онда тұрамын, демек өз төсегімде ұйықтаймын, қала мен мекендерді кезіп жүрмей. Және балаларым да қасымда болады.
— Бұрынғыдай әлі де өзіңізді жұлдыз сезінбейсіз бе?
— Жоқ. Мен кішкентай қалашықта дүниеге келіп, бұл өмірден ерекше ештеңе күткен емеспін. Және танымалдылық қардай бораған тұста, мұны түс сияқты қабылдадым. Мұның бәрі түсімде болып жатқандай, ұйқымнан ояна алмай жүргендей күй кештім. Мұндай кездерде, әрине, қасыңда нағыз достарың және шынайы өмірде болмысыңды жоғалтпауға үгіттейтін жақындарың болуы маңызды. Шатырың ұшып кетпейтіндей. Жас кезіңде поп-жұлдыз болу – үлкен қатерге ұрындыруы мүмкін. Кейбір адамдар мұндай өзгерістерге бейім келеді, ал кейбірі – жоқ. Мен сол, екіншілеріне жататын шығармын. Мен табиғатымнан ұялшақ адаммын. Сыртымнан камераға түсіргенді ұнатпаймын.
— Он бес жылда тамаша карьера жасадыңыз. Бұл жолы туған күніңізде өз-өзіңізге не тіледіңіз?
— Тағы да балалы болғым келеді. Егіз болса тіпті тамаша. Қыз баланы қалаймын. Салмақты болғым келеді. Отбасын құрғым келеді. Тұрмысқа шықсам деймін. Сонда бәрі тамаша болар еді. Сонымен қатар фильмге түскім келеді. Осы жеткілікті сияқты.
— Ал туған күніңізде сыйға не алғыңыз келеді?
— Бәрібір. Ең бастысы, адам сені ойлап, сыйға жанын салғанын білсем деймін. Ал оның құны бес доллар бола ма – оның маңызы жоқ.
— Ал Дэвид сізге не сыйлады? Сізде бәрі бар – сыйлық таңдау қиын болған шығар..
— Дэвид маған сағат сыйлады.
— Жақсы екен. Ал фильмде қандай рөлде ойнағыңыз келеді?
— Жаман рөлде. Яғни, жағымсыз кейіпкерді қуана ойнар едім. Меніңше бұл қызық болатын сияқты.
— Ал серіктес ретінде жаныңызда кімді көргіңіз келеді?
— Джеймс Франконы. Бірақ бірінші орында Брэд Питт тұр, әрине. Кез келген уақытта, кез келген сағатта, тек шақырса болды. (Қарқылдап күлді.)
Сурет: lady.tsn.ua
Түпнұсқа: 7days.ru
Аударған: Анар Мұстафина
A. Mustafina