Хема Малини – үнді киносының жарық жұлдызы, мінсіз сұлу әйел. Ол түскен «Зита мен Гита», «Кек пен заң» фильмдері болливуд кинематографиясының алтын қорына енді, актрисаның әлем бойынша миллиондаған жанкүйерлері бар. Хема Малинидің әріптесі Дхармендрамен махаббат хикаясы мен тұрмыс құруы өз кезінде үлкен дауға айналған еді, алайда бақытқа жету жолында ержүрек актриса ештеңеден тайсалмады.
Отбасылық дәстүр
Хема Малини Чакраварти Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатынан. Ол аса қадірлі, ауқатты отбасында дүниеге келген – оның анасы Джая кинопродюсер болатын. Сондықтан Хеманың да тағдыры күні бұрын шешіліп қойған еді: Үндістанда кинематограф, көбіне, отбасылық бизнес. Алдымен кішкентай қыз классикалық үнді биінің қыр-сырын меңгере бастайды: би көріністері – болливудтық фильмдердің ажырамас бөлігі ғой. Би — актриса ғұмырының бір бөлшегіне айналады. Ең үздік ұстаздардан тәлім алып, жастайынан түрлі сахналарда өнер көрсете бастайды және кино саласындағы жолы да биші ретінде басталады.
Болливудқа жол
Хема актрисалық жолын 1961 жылы «Панду өмірден озды» атты фильмде биші қыздың рөлінде эпизодта ойнаумен бастайды. Осы эпизодтан кейін 1964 жылы тағы бір кастингке барып, өтпей қалады. Сол кезде режиссер Сридхар «Ешқашан танымал актриса болмайды, сырт келбеті жұлдыз болуға келмейді» деген екен. Бірақ мұндай сөздер Хеманың сағын сындырған жоқ. 1968 жылы «Арман сатушысы» атты фильмге шақырту алып, Радж Капурмен бірге ойнайды. Жұлдызы енді жанып келе жатқан актрисаның бағын «Менің атым Джонни» фильмі ашады. Ал «Зита мен Гита» Болливудтың супер жұлдызы етеді. Болливудтың Дхармендра және Санджив Кумар сынды танымал жұлдыздарымен бірге ойнаған актриса осы фильмнен кейін сансыз шақыртулар алып, актриса ретінде жұлдызды өмірі басталады.
Құпия мен шындық
«Сүйікті Раджа», «Зита мен Гита» фильмдерінен кейін жұлдызы жарқырап жана бастаған шақта «Зита мен Гита» фильміндегі серіктесі Санджив Кумар сезімін білдіре бастайды. Хеманың анасы да қызының бұл шешімін қолдайды: күйеу бала танымал, бай және ауқатты отбасынан шыққан. Санджив дәстүр бойынша үйленуге ұсыныс жасап, тек уақыт белгілеу жұмысы ғана қалады. Алайда актрисаның анасы Джая сәл күте тұруды сұрайды: Хеманың актрисалық мансабы жақсы қалыптасып келе жатты, жол ортасынан тастап кету обал – Джея қызы тұрмыс құрған соң өзін отбасына арнайтын болады деп ойлады.
Алайда, Джеяның құлағына қызының актер Дхармендрамен көңіл жарастырып жүр деген әңгіме жетеді. «Зита мен Гита» фильмінде екінші ғашықтың рөлін сомдаған Дхармендраның ол кезде аяулы жары және төрт баласы бар еді. Әрине, бұл жаңалық Джеяны таң қалдырды: индуизм заңы бойынша ажырасуға болмайды, бірінші әйелі тірі болғанда күйеу екінші рет үйлене алмайды.
Батыр ғашық
Кинематографияда Дхармендра есімімен танымал Дхармендра Дхарам Сингх Деол Хема Малиниге шынымен ғашық болып қалған еді. Актрисаның да жүрек қалауы Дхармендраға түсті. Бұл ақпарат дәстүрлі индуизм өкілдерін, отандастарын абыржытты. Ата-анасымен қоса, бүкіл әлем екі жұптың қосылуына қарсы болғандай болды. Алайда барлық қиындық пен кедергілерді жеңіп, араға біраз жыл салып, екі ғашық бас қосады. Және Хеманың отбасының көңілінен шығу үшін Дхарма ислам дінін қабылдап, мұсылманша Дилавар Кхан деген есім алады. Сөйтіп, 1979 жылы 21 тамызда Бомбейде мұсылман әдет-ғұрпымен отбасын құрады. Қазірде екі актер Ахана мен Эша есімді қызды тәрбиелеп отыр.
«Ата-анам маған болашағы бар небір жігіттермен таныстырды. Бірақ мен тек Дхарамға ынтық болдым. Неге? Неге қоғамның ойы мен өнегесіне қарсы тұрып, оны таңдадым? Бұл – тағдыр. Менің өмірім – ол менің өмірім және қалай өмір сүру керектігімді мен өзім шешемін», - дейді Хема Малини.
Алынбайтын қамал жоқ
Хема тек актерлік қабілетін шыңдап қоймай, режиссерлікпен де айналысып көрген. Жастайынан биге құмар актриса алғашқы режиссерлік жұмысын да биге арнап, «Биші» атты он үш бөлімнен тұратын телехикая түсіреді және басты рөлді де өзі сомдайды. Телехикая халықтың көңілінен шыққан соң толықметражды фильм түсіруге көшеді. 1992 жылы «Кабаре бишісі» деген фильмі алдыңғысына қарағанда сәтті шықпайды. Сөйтіп, актриса қайта сериалдар түсіруге кіріседі. Режиссерлік арқылы актриса өзі армандаған рөлдерді іске асырады. «Үнді әйелі Амрапали» телехикаясында Амрапали орындаған билерді өзі орындауды армандап келген еді. Және осы арманын да іске асырды.
Бүгінде
Қазіргі таңда актриса киноға көп түспейді. Көбіне әлем елдеріне шоу-бағдарламалар ұйымдастырады. Биден алыстамаған актриса бірнеше жыл бұрын балет қойылымдарын қоюмен айналысқан.
Актриса өнерімен қатар, үлкен байлығы – екі қызы екенін айтады. «Алғашқы сәбиіміз Эша дүниеге келгенде келгенде түсінгенім – сол уақытқа дейінгі қуанышым, бақытым балалы болған сәттегі бақытпен салыстыруға да келмейді екен. Өзімнің сол уақытқа дейін толық бақытты болмағанымды түсіндім» - дейді актриса. Эша ата-анасы сияқты актриса болды. Одан кейінгі қыздары Ахана да өнерден құралақан емес. Барабанда ойнайды, сурет салады, би билейді.
Өнерде де, өмірде де жолы болған актриса алпысты алқымдаса да әлі тың және күні бүгінге дейін шығармашылықпен айналысып келеді. Барлық армандарын іске асырған Хема «Мен бақыттымын!» дегеннен басқа әлемге айтары жоқ.
Сурет: quieroelserial.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина