Қазақ халқының көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің жандануы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев есімімен тығыз байланысты. Ол өткен ғасырда қазақ өнерінің қайта даму кезеңіне сүбелі үлес қосты.
Танымал өнер қайраткерінің ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақ халқының бай мұрасы кеңінен насихатталып, ұмыт бола бастаған төл өнеріміз қайта жанданды.
Болат Сарыбаев 1927 жылы дүниеге келген. Әкесі Шамғали кәделі кәсіптің етегін ұстаған көзі ашық, сауатты жан. Ел ағаларымен тығыз қарым-қатынаста болған екен. Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының негізін салушылардың бірі. Ұлы Отан Соғысы жылдарында Шамғали шаңырағында ақтаңгер күйші Дина Нұрпейісова тұрған. Болаттың өнерге деген ықыласын байқаған ол: «Болатжан, балам, домбыра тартуды әуелі өзің үйрен, кейін өзгелерге үйрет. Мына домбырамды өзіңе бердім. Сен енді оны өзіңнен кейін ұрпаққа табыста» деп тілегін айтып, өз домбырасын сыйға тартыпты. Аты аңызға айналған күйшінің тартуы Болат Сарыбаевтың өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Ол қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, Ж.Қаламбаев пен Л.Я.Эдельман класында білім алады. Консерваторияны ойдағыдай аяқтаған ол өзі білім алған оқу ордасының ұлт-аспаптар кафедрасына қызметке орналасады.
Ұстаздық қызметімен қатар, Болат Шамғалиұлы ұлттық аспаптарымыздың тарихы мен жасалу тәсілін жұртшылыққа жеткізу жолында еңбек етті. «Қазақ халқында домбыра мен қобыз аспабынан басқа аспаптар болмаған» деген бұрыс пікірді тыңғылықты еңбегінің арқасында теріске шығарды. Ол ұмыт бола бастаған көне музыкалық аспаптарды терең зерттеуді Отырар қаласында жүргізілген қазба жұмыстарында табылған үскірік аспабынан бастаған.
Ауыл-ауылдарды аралап, тіпті, қазақ халқы қоныстанған өзге елдерге барып, жергілікті өнерпаздар және шеберлермен тілдеседі. Әр аймақтағы музыкалық аспапта ойнау мен жасалу тәсілдерінің ерекшелігін меңгеріп, ақпарат жинастырады. Көзден таса болған аспаптар үлгісін көріп, олардың қалай жасалатынын қариялардың айтуында естіп жазып алып, ғылыми зерттеу жұмыстарында пайдаланады. Еселі еңбектерінің арқасында ол шаңқобыз, сыбызғы, сазсырнай, үскірік, үш ішекті домбыра, шертер, жетіген сияқты 30-ға жуық қазақтың көне музыкалық аспаптарын іздеп тауып, жарыққа шығарды. Қазақтан өзге түркі тілдес халықтардың 400-ден астам музыкалық аспаптарын жинап, 300-ге жуық монографиялық еңбектер жазды. Алғашқы болып өзінің ғылыми жұмыстарында қазақтың музыкалық аспаптарын дыбысталуы мен қолданылуына қарай: шертпелі, үрлемелі, ұрмалы, сілкілемелі деп бірнеше топқа бөліп қарастырды. Өзінің алақандай ғана екі бөлмелі пәтеріне ол екі жүз елуден астам музыкалық аспаптарды жинап, мұражай ашты. Топтамасындағы аспаптарда әуелі жеке-жеке орындап, кейін оларды дуэт, триода біріктірді. Ол тек қана көнеден келе жатқан музыкалық аспаптарды қолдану мақсатында «Отырар сазы» этно-фольклорлы оркестірін құрды.
Болат Шамғалиұлының музыка зерттеу саласындағы еңбектері мен ізденістері көзі тірісінде-ақ жоғары бағаланып, оны «Музыка археологы» деп атап кетті. Қазақтың тұңғыш аспаптанушы-ғалымы болған ол ұлт мәдениетіндегі музыканың ерекше орын алатынын дәлелдей алды. Оның еңбектері өзінен кейінгі зерттеу жұмыстарына үлгі-нұсқа болды. Қазақ халқының рухани байлығын сақтап, оған жаңа дем берген ғалым 1984 жылы 57 жаста дүниеден озды.
Суреттер: asylmura.kz, kazpravda.kz