Бекзат Жүсіп: "Өзі жаза алмайтын диктор көрерменге не айтпақ?"

Бекзат Жүсіп: "Өзі жаза алмайтын диктор көрерменге не айтпақ?"

Құрметті оқырмандар. Бүгін назарларыңызға журналист Бекзат Жүсіппен болған сұхбатты ұсынамыз.

- Бекзат, алдымен өзіңді оқырмандарға таныстыра отырсаң.

- Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстауда туып өстім. Маңғыстау ауданында кезінде дүрілдеген Ильич совхозымен атағы шыққан Ұштаған деген үш жүздей түтіні бар, берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл бар. Менің балалық шағым сол жерде өтті. Кейін оқимыз деп облыс орталығы Ақтауға, кейін арман қуып Алматыға кеттім. Міне, тағдыр айдап Астанада қызмет етіп жатқаныма 2 жыл болып қалды. Отбасында 5 баламыз. Үш апам тұрмыс құрған, жиендерімізді тәрбиелеп отыр. Ағам да жанұялы. Ауылда әке-шешемді бағып, қара шаңырақтың иесі. Мен үйдің сүт кенжесімін. Мен де отбасылымын. Марғұлан деген азаматым бар. Ал, осы журналистика ауылына аяқ басқан 6-7 жыл ішінде бірнеше телеарнада тілші-жүргізуші болдым. Қазір «Хабар» телеарнасы жаңалықтарында жүргізуші және күндізгі ақпараттар бөлімінде продюсермін.

- Телевизиялық журналистиканың майын ішкен маман ретінде сұрайын, осы салаға қызығушылық білдіріп жүрген жастар көп. Оларға бұл сала туралы қандай қызықтар айтып бере аласың?

- «Майын ішкен маман» дегеніңіз артықтау болады, әрине. Азды-көпті білетініміз бар шығар. Бірақ, әлі болдым-толдым деуден Құдай сақтасын.

Ал, сұраққа келер болсақ. Иә, қазір жалпы журналистикаға деген көзқарас өзгерді. Қызығушылық басым. Жастар көпшілігі осы мамандықты игеруге ниетті. Мәселен, осыдан біраз жылдар бұрын туған жерім Маңғыстаудан ҚазҰУ журналистика факультетіне бірлі-жарым адам келетін. Қазір кем деген де он талапкер түсіп жатыр. Арасында ер балалардың да қатары артып келеді. Яғни, тілші болып тіршілік етуге, журналист болып жұрттан кем болмауға болатынын түсінген сияқты адамдар. Бірақ бір кемшін тұсы, солардың дені ә дегеннен диктор болып, бағдарлама жүргізіп «жұлдыз» болғысы келеді. Танымал болуды армандайды. Қалам ұстап, халықтың мұңын жазсам дейтіндері азын-аулақ. Оны күнделікті менің әлеуметтік желідегі парақшама келіп түсетін хаттардан аңғарамын. Диктор болу үшін болмаса бір бағдарламаның тізгінен ұстау үшін алдымен қаламы қарымды журналист болу керек екенін түсінсе екен іні-қарындастарым. Бұл қазіргі журналистиканың қағидасы, талабы деуге болады. Өзі жаза алмаған адам он жерден көрікті, жүз жерден даусы мықты болса да көрермен жүрегіне жол таба алмайды. Мәтінді түсінбеген адам, өзгеге қалай түсіндіреді?! Кейде ойлаймын, жастарды өзіміз сияқты осылай жеңіл ойлауға үйретіп жатқан. Қараңыз, қазір телеарналардағы бүкіл бағдарламаны әншілер мен актерлер басып алды. Олар мәтін жазбақ түгілі, кейбірі жазып берген сөзді түсінбейді. Қонаққа келген дардай ақын-жазушыларымызды, саясаткерлерді танымай ұятқа қалдырады. Міне, мұны көрген жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді.

- Қазақ тележурналистикасына қандай жаңалық керек деп ойлайсың?

- Қазіргі тележурналистикамызда жетпейтін тұстарымыз көп. Салалық салалық журналистикаға көшетін уақыт жеткен секілді. Бұл университет қабырғасынан бастап, студенттің, болашақ журналисттің қай салаға бейімі барлығын анықтап соған қарай шыңдаса. Әркім өз ісінің маманы болса, бұдан сапалы дүние шығар еді...

Құдайға шүкір, телеарналар қатары көбейіп, ашылып жатыр. Бірақ, оған қажетті кадр тапшы. Көзіммен көріп жүрмін. Талантты, кәсіби тележурналистер жетіспейді. Техникалық мамандарды айтпағанның өзінде. Олар тіптен тапшы. Бірақ жылына мыңдаған журналист диплом алып шығып жатыр. Алайда, араларында қарапайым мәтінді жаза алмайтындары жиі кездеседі. Жаңалықты көрерменіне жеткізе алмайды. Меніңше, облыстардағы журналистика кафедраларын жабу керек секілді. Онда студенттерге журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар дәріс беріп жүр. Әйтеуір, студент толтырып, университет бюджетін қампайту мақсаттары. Білімсіз маман даярлағаннан, ондай орындардың болмағаны жақсы. Мықты мамандары бар Алматы мен Астанада оқыса деген ой менікі... Жалпы қазақ тележурналистикасы күннен-күнге алға басып келе жатқанын да айту керек. Қу шөппен ауыз сүрте беруге болмайды. Мемлекеттен көңіл бөлініп те жатыр. Мәселен, биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша тілші қауымымен телеарналардағы техникалық маман иелерінің біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасалып, біраз әріптестеріміз берісі ТМД елдері әрісі Еуропа, мұхит асып Америкаға кетіп жатыр.

- Ақпарат көзі ретіндегі интернет туралы не айтасың? Телеарналардың орнын баса ала ма?

- Бұл жөнінде әркім әрқалай пікір айтып жүр ғой. Менің ойым мынау: Рас, интернеттің дамуы өте қарқынды. Біздің өмірімізге әбден кіріп алды. Әсіресе қаладағы ағайын ғаламторсыз тірлігіміз бітпейтін жағдайға жеттік. Ғаламтор телевизияның орнын ақыры басуы мүмкін. Бірақ, 50 жыл ма, 100 жыл ма - оны айту қиын. Ал, баспасөзді телеарнадан ертерек алмастырады деп ойлаймын. Өйткені газет-журналдан емес ақпаратты интернеттен оқу жедел әрі ыңғайлы. Қазірдің өзінде шетелде интернет-телеарналар жемісті жұмыс істеп жатыр. Бірақ, олардың телеарналары әзірге жабыла қойған жоқ. Ал, бізде ондай БАҚ түрі ашылған жоқ. Ашылған күнде де 10-20 жылда қазіргі телеарналарды алмастырып, қажетсіз қылып тастайды деуге болмас. Өйткені бізде ғаламдық желі интернетке қосылмаған елді мекендер, қолданбайтын адамдар көп.

- Сөз соңында оқырмандарға айтарың...

- Массагет оқырмандары негізінен жастар ғой. Арасында болашақ тілші болсам дейтіндері де бар шығар. Сондықтан журналист мамандығын серік етемін деген іні-қарындастарыма оқуға түсуді күтпей-ақ, қазірден қолдарына қалам алып, өздерін толғандырған мәселені жазып тұрса. Қоғамдағы өзекті мәселелерге жас та болса үн қатып тұрса. Оған қазір барлық мүмкіндік бар. Әлеуметтік желі, жастарға арналған сайттар немесе кез-келген порталдан блог ашып өз ойыңды білдір. Мақала жазуды, сөзін жүйелі жеткізе алуды үйренген адамның жүргізуші болуы әлдеқайда оңай.

Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан

Сурет: Бекзат Жүсіптің жеке мұрағатынан

Massaget