Ұлағатты ұстаз болсам деген арманмен педагогикалық оқу орнына түскен өрімдей жас жігіттер балғын дәурен, бал шағының сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келерін сезді дейсіз бе?
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның 1,2 миллионнан астам ұл-қызы майданға аттанды. Қазақ елінің әрбір төртінші тұрғыны әскерге немесе тыл еңбегіне тартылды. Сол зұлым майданнан әрбір екінші жерлесіміз оралмады. 530-дан астам қазақстандыққа “Кеңес Одағының батыры” атағы берілді, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың тоғызы “Халық қаһарманы” атанды.
Келе жатқан "Ұстаздар күні" мерекесіне орай, “Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары” аталатын антологияны зерделей отырып, назарларыңызға “Кеңес Одағының Батыры” атағын алған ұстаздар тізімін ұсынып отырмыз. Батырларымызды біліп жүрейік, өнегелі өмірін үлгі тұтайық, жастар!
1. Мәлік Ғабдуллин
15.11.1915 Көкшетау облысы, Зеренді ауданы — 02.01.1973 Алматы
Белгілі қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі Мәлік Ғабдуллин “Кеңес Одағының Батыры” атағын 1943 жылы алды. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.
2. Лесбек Бәйімбетұлы Жолдасов
11.02.1920 Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылы – 12.08.1980 Қызыләскер ауылы
Соғыс және еңбек ардагері Лесбек Бәйімбетұлы “Кеңес Одағының Батыры” атағын 1945 жылы наурыз айының 24 жұлдызында алған. Ол соғыста Қызыл тулы 316-атқыштар дивизиясы құрамында Сумы, Белгород, Орел қалалары маңында, Дунай жағалауында болған ұрыстарға қатысты. Дунай өзенінен өту кезіндегі ұрыста рота командирі Жолдасов асқан ерлік көрсетіп, жаудың 60 солдаты мен офицерін жойды. Соғыстан кейін педагогикалық институтты бітіріп, туған ауылында мектеп директоры болды.
3. Жәнібек Ақатұлы Елеуісов – Кеңес Одағының ең жас Батыры
1925 Ресей, Алтай Республикасы, Усть-Кан ауданы, Тұрат ауылы
Жәнібек Ақатұлы Қазақстанда 1942 жылы мектепті бітірген соң 6-гвардиялық атқыштар дивизиясының 25-гвардиялық атқыштар полкі құрамында Воронеж майданында ұрыстарға қатысты. Алғашқы ұрыстың өзінде пулеметшілер бөлімшесі жаудың 40-қа жуық әскерін жойып, 95 әскерін тұтқынға алды. Елеуісов жаудың 5 әскерін жойды. Ол Десна, Днепр және Припять өзендерінен өтудегі жойқын ұрыстарда ерекше көзге түсті. Осындай ерліктері үшін Елеуісовке 1943 жылы 16 қазан күні “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді. Ол кезде Елеуісов бар болғаны 18 жаста еді.
4. Ысқақ Ыбыраев
10.05.1911 СҚО Қызылжар ауд. Қаратал ауылы – 13.07.1965 СҚО, Шал ақын ауд. Ыбыраев ауылы
Ысқақ Ыбыраев 1930 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені бітіргеннен кейін Есіл ауданындағы Орталық, Бірлік, Жарқайың аудандарында 12 жыл мұғалім болды. 1942 жылдың қазан айында Прибалтика майданына жіберіліп, 50-полк рота командирінің саяси бөлімі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Висла-Одер операциясы барысында Ыбыраевтың взводы жаудың берік ірі қорғаныс тірегін басып алып, ерлік көрсетті. Оған 1945 жылы 27 ақпанда “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.
5. Нағи Ілиясов
06.11.1920 Қызылорда Тереңөзек ауд. "Қызыл коммуна" ауылы – 06.05.1987
Нағи Ілиясов 1929-36 жылдары Арыс және Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. 1936-39 жылы Орта Азия Мемлекеттік университетінде (Ташкент) оқыды. 1939-41 жылы Ташкент маңы Жоғары Шыршық ауданындағы мектепте мұғалім болды. 1941 жылы туған еліне оралып, 37-Жәдігер мектебінде неміс тілі мен тарих пәнінен сабақ берді. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың қаңтарында шақырылды. 1945 жылы 24 наурызда Будапешт қаласын (Венгрия) азат етуде көрсеткен ерлігі үшін “Кеңес Одағының Батыры” атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі коса тапсырылды. 1945 жылы Мәскеуде Кызыл Алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысты.
6. Махмет Қайырбаев
01.01.1925 ШҚО Бесқарағай ауд. Семиярка ауылы – 1996 Павлодар қаласы
Қайырбаев мектептен кейін Павлодар педагогикалық училищесін бітірді. Соғыс басталғанға дейін Семиярка ауылында мектепте мұғалім болды. Ол 18 жасында Александр Невский орденінің иегері атанды. 1944 жылы 19 тамызда Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағында болған ұрыста жау әскері танкімен шабуылға шығып, Кеңес әскері қорғанысын бұза жарып, Шяуляй қаласына кіруге ұмтылды. Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен қоршауда қалып, шайқасып жатқан полк батареяларының біріне көмекке келді. Қайырбаевтың басшылығымен жауынгерлер жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, бір батальон әскерін жойды. Қайырбаевқа 1945 жылы 24 наурыз күні көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы үшін “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.
7. Қанаш Қамзин
29.11.1919 Павлодар обл. Ақсу ауд. Жолқұдық ауылы – 14.04.1944 Молдавия
Қамзин 1941 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын бітіріп, 1943 жылдан бастап қан майданда болды. 1944 жылдың жазына қарай лейтенант Камзин 52-ші ату дивизиясының 429-шы ату полкіне басшылық етті. Молдавияны жаудан босатуда және Днестр өзенінің маңында өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1944 жылдың 13 қыркүйегінде Қанаш Камзинге “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.
8. Хамит Қожабергенұлы Көбіков
1916 Алматы обл., Панфилов ауд., Сарыбел ауылы – 08.01.1973 Алматы
Көбіков соғысқа дейін Басқұншы орта мектебінде мұғалім болды. 1942 жылдан соғыс аяқталғанға дейін майданда болды. Көбіков басқарған зеңбірек ерлерін Сталинград түбінде, Днепр мен Одер жағалауында, Берлин мен Прага көшелерінде талқандады. Киев қаласы түбінде Днепр өзенінен өту үшін қатты ұрыстар жүріп жатты. 23-гвардиялық моторлы атқыштар бригадасы артиллерия дивизионының кұрамында шайқасып жүрген Көбіковтің расчеті осы ұрыста жаудың миномет батареясы мен бірнеше пулемет ұясын жойып, адам жағынан да едәуір шығынға ұшыратты. Одер өзенінен өтер кездегі ұрыста да Көбіков расчеті жаудың 3 танкісін, 30-ға жуық әскері мен офицерлерін жойып, 4 бронды машинасын істен шығарды. Оған 1945 жылы 10 сәуірде “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.
9. Темір Жәнтекеұлы Масин
1907 жылы, Бөкей Орда ауданы – 1947 жылы, Орал қаласы
Темір Масин мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, МТС бастығының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болған.
Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың шілдесінде шақырылып, 1-Беларусь майданы 3-армия құрамында шайқасқа қатысты. 1944 жылы 1 шілдеде Могилев-Минск тас жолын жаудан қорғаудағы ерлігі үшін капитан Масинге “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді.
10. Серікбай Мүткенов
1913 Павлодар облысы, Чкалов ауылы — 1944 Украина, Ризино ауылы
Серікбай кедей отбасында дүниеге келіп, мектепке құрдастарынан кейін барғанымен, өзінің зеректігі арқасында оқуды жақсы аяқтайды. Жетіжылдықты бітірген соң, бастауыш мектеп мұғалімі қызметін атқарады. Сонымен қатар, Павлодар педогогикалық училищесін тәмамдаған.
Ол соғысқа аттанғаннан кейін Днепрді азат етуге қатысып, ұрыс барысында 40-қа жуық гитлершілердің көзін жояды. 1944 жылы 9 ақпанда Серікбай Мүткеновке “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілді. Ол Ризино ауылының түбіндегі ұрыс барысында 1944 жылы 15 қаңтарда қайтыс болды.
Жалғасы бар…