- Негізгі бет
- Тұлға
- Батыр Ұстаздар -...
Батыр Ұстаздар - 2
Ұлағатты ұстаз болсам деген арманмен педагогикалық оқу орнына түскен өрімдей жас жігіттер балғын дәурен, бал шағының сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келерін сезді дейсіз бе?
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның 1,2 миллионнан астам ұл-қызы майданға аттанған болатын. Қазақ елінің әрбір төртінші тұрғыны әскерге немесе тыл еңбегіне тартылды. Сол зұлым майданнан әрбір екінші жерлесіміз оралмады. 530-дан астам қазақстандыққа “Кеңес Одағының батыры” атағы берілді, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың тоғызы “Халық қаһарманы” атанды.
Аптаның басында "Ұстаздар күні" мерекесіне орай “Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары” аталатын антологияны зерделей отырып, назарларыңызға ұсынған “Кеңес Одағының Батыры” атағын алған ұстаздар тізімінің жалғасын ұсынып отырмыз. Батырларымызды біліп жүрейік, өнегелі өмірін үлгі тұтайық, жастар!
11. Қазыбек Бейсенұлы Нұржанов
1919 Қарағанды, Ақтоғай - 1945, Беларусь, Волковыск қаласы
Қарқаралы педагогикалық техникумын бітіріп, Шет ауданында мұғалім қызметінде болды. 1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Волга, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березина өзендерінен өткен барлаушы Нұржановтың майдан жолы ерлік пен даңққа толы болды. Волковыск қаласы үшін болған ұрыста қаһармандық ерлік көрсетті. Оған 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
12. Жолдыбай Нұрлыбаев
20 мамыр 1922 ОҚО Үнімкер ауылы – 30 каңтар 1945
Жолдыбай Нұрлыбаев 1939-40 жылдар аралыңында қазіргі Қазақ ұлттық университетінің филология, тарих және география факультетінде оқиды. 1940-41 жылдар аралығында Жетісай ауданында тарих және география пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Соғысқа аттанғаннан соң, Сталинградтық шайқаста ерлікпен көзге түседі. 1945 жылы Берлиннен 200 шақырым жердегі шайқас барысында мерт болады. Оған 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
13. Біліс (Плис) Нұрпейісов
1919 Қызылорда, Қазалы ауд, Біліс өзені бойында – 1945 Берлин
Біліс Нұрпейісов 1935 жылы Төрткүлдегі Қарақалпақ мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне окуға түсіп, оны бітірген соң медициналық училищеде, Тақтакөпірдегі орта мектепте қызмет істеді. 1940 жылы Мелитополь Әскери әуе училищесінде оқыды. 1943 жылы майданға аттанып, сол жылдың күзінде жас ұшқыш Дунаевский және атқыш-радист А.Волков үшеуі Жоғары қолбасшылықтың ерекше кұпия тапсырмасымен бірнеше майдан шептері және жау қорғаныстарынан өтіп, Берлинді суретке түсірген. Алыс қашықтыққа ұшып, әскери стратегиялық нысандарды суретке түсіріп, оларды жойғаны үшін Нұрпейісовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
14. Бейсен Сейітұлы Оңтаев
1922 ОҚО Арыс қаласы — 21.06.1991
Бейсен Оңтаев балалар үйінде тәрбиеленген. Шымкент ауылшаруашылық техникумын бітірген соң, сонда қызмет еткен. 1943 жылы соғыс әскері қатарынан табылған Бейсен Днепр түбіндегі шайқаста ерекше көзге түседі.
Әскери нұсқауларды үлгілі орындап ерлік көрсеткені үшін 1943 жылы 30 қазанда Оңтаев Бейсенге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Шымкент педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, орта мектептің директоры қызметін атқарды.
15. Есмұрат Сыйқымов
1922 Алматы облысы Ақсу ауылы — 13.9.1943 Беларусь
Соғысқа дейін Қапал кентіндегі педагогикалық училищеде оқыған. 1943 жылы күзде 74-атқыштар дивизиясының полктері артиллериялық күшті атыс даярлығынан соң жаудың қорғаныс шебінің бір телімін бұзып өтті. командирі Сыйқымов шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында болды. Шабуылдаушы жауынгерлерді жау әскері оқпен жусатып салды. Жалғыз қалған Сыйқымов жаудың автоматшылар взводымен екі сағаттан артық шайқасты. Батальон шабуылға шығып, деревня азат етілді. 60-тан аса жау әскерін жойған Сыйқымов осы ұрыста қаза тапты. 1943 жылы 16 қазанда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Туған жері Ақсу атындағы көшелердің біріне Сыйқымов есімі берілді.
16. Рақымжан Тоқатайұлы Тоқатаев
5 қаңтар 1923 Алматы обл., Қаракемер ауылы — 6 желтоқсан 2011
Рақымжан Тоқатайұлы еңбек жолын Есiк қаласында ұстаз болып бастады. 1945 жылдың көктемiнде Карпат жотасында болған ұрыста 13 немiс танкiн атып жойды. Сол шайқаста көрсеткен ерлiгi үшiн «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болып, III дәрежелi «Даңқ орденiмен» марапатталды.
1942 жылы Кеңес әскерiнiң қатарына алынып, Отанды қорғауға барды. Екi рет «Халық ағарту iсiнiң үздiгi» белгiсiмен және Жоғарғы Кеңестiң құрмет грамоталарымен марапатталған.
Соғыстан кейiн Рақымжан Абай атындағы пединститутының физика-математикалық факультетiн бiтiрiп, бiлiм беру жүйесiнде дәрiс берiп, еңбек жолымен ұстаздықтан мектеп директорына дейiн өттi. Есiк қаласында Тоқатаев Рақымжан директор болып қызмет жасаған мектепке Р.Тоқатаев аты берiлдi.
17. Қыдыран Александрұлы Туғанбаев
04.11.1924, Алтай респубикасы — 17.12.1943, Запорож ауданы
1943 жылдың мамырында соғысқа аттанып, Днепр шайқасында көзге түскен. Ерлігімен барша әскерге үлгі көрсеткен. Алған жарақаты негізінде 1943 жылы 17 желтоқсанда қайтыс болды.
18. Ыдырыс Үргенішбаев
07.10.1912 Ақтөбе обл. Шалқар ауд. — 06.10.1943 Белоруссия
Ақтөбе педагогикалық училищесін бітірген соң, мектеп директоры қызметін атқарды. 1942 жылдың қаңтарында соғысқа аттанды. Өзі қатысқан шайқастарда Үргенішбаев 90 әскердің көзін жойған. Оған Кеңес Одағаның Батыры атағы 1944 жылы 5 қаңтарда берілді.
19. Ахмедиар Құсайынов
10.05.1924 БҚО Бөкей Орда ауд. — 05.05.1986
1942 жылдың шілдесінде әскерге, ал 1943 жылы соғысқа аттанады. Минометші болған Құсайынов ерлігімен танылады. Оған 1943 жылдың 1 қарашасында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Орал қаласында тұрды. 1949 жылы Құсайынов Алматы педагогикалық институтын бітірді.
20. Қожабай Жазықов
1920 Ақтөбе обл., Көктүбек ауылы —23.10.1982
Мектептен соң Ақтөбедегі педагогикалық училищесін сырттай оқып бітіріп, Амангелді ауылында мұғалім болды. 1942 жылы қаңтарда Жазықов Кеңес әскері қатарына шақырылды. Жазықовтың барлаушылар взводы Волье деревнясы маңында жаудың шегініп бара жаткан бөлімдеріне тосқауыл жасап, немістердің 120 әскері мен офицерін жойды. 1943 жылы 5 қарашаға қараған түні Жазықовтың взводы Днепропетровск облысының Тегеловка ауылы маңында жаудың бірнеше есе басым қорғаныс бөлімін жойды. Осы ұрыста жау 200-дей әскері мен офицерінен, оқ-дәрі тиеген екі автокөлігінен айырылды. Жазықовтың барлаушылары 60-қа жуық гитлершіні тұтқындады. 1944 жылы желтоқсанның 24-інен 25-іне қараған түні рота командирі және үш офицері бар 70-тен аса адам қолға түсірілді. 25-гвардиялық атқыштар дивизиясы 22-жеке гвардиялық барлаушылар ротасының взвод командирі Жазықовтың ерліктері мен тапқырлығы үшін 1945 жылы 28 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Жазықов Орал педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, мектепте мұғалім қызметін атқарды.
жалғасы бар...
А. Оралқызы