- Негізгі бет
- Тұлға
- Бәрінен де әдемі...
Бәрінен де әдемі киінген әйел
Ол бес рет тұрмыс құрды. Ол қаншама рет тегін ауыстырғанымен, өзінің әлем мойындаған бейнесін өзгерткен емес. Ол ақ киімімен еркек атаулының жүрегін жаулаудан шаршамады. Ол Кристобаль Баленсиага мен Сесил Битонның музасы еді. Оған отты жырлар мен әуезді әндер арналды, ал Сальвадор Дали оның сұлу мүсініне қарап отырып, ғажайып туындыларды дүниеге әкелді. Оның есімін әлемге танымал әшекей бұйымдар мен Париждің ең мықты деген көрме залы иемденіп жүр. Бұл жұмбақ жан – Мона фон Бисмарк.
Тарих беттеріне алтын әріптерімен жазылған әйел бұл есімді 86 жылдық ғұмырының небәрі 17 жылында ғана жамылып жүрді. Екінші Дүниежүзілік соғыстың кезеңінде Париж бен Нью-Йорктың залдарында онымен билеген мырзалар құшағындағы ханымның фон Бисмарк екендігін білмеді. Бәрі де оны Кентуккиден шыққан Маргарет Эдмона Трэвис Стрейдер ретінде танитын.
Ол 1897 жылдың 5 ақпанында Луисвилл жерінде мәртебелі, бірақ, аса бай емес (әкесі өз фермасында жылқы өсіретін) отбасында дүниеге келді. Қыз 5 жасқа толғанда ата-анасы ажырасып кетеді де, әкесі жағынан туыс келетін апасының қолында тәрбиеленеді. Даңғарадай үйде қыз әбден зерігетін, ол бұл жерде өзін жақсы ұстаудың мәнерлеріне үйретілді. Оның ұстаздары Маргереттен өзіне лайықты күйеу табатын нағыз леди жасап шығаруды мақсат тұтатын. Мақсат орындалды да... 1926 жылы жиырма тоғыз жастағы сұлуды неке сарайына алып бара жатқан елу үш жастағы миллионер Харрисон Уильямс оның үшінші күйеуі болатын. Маргареттің алғашқы күйеуі – Висконсин штатының ең бай адамы Генри Шлезингер, екінші жары - Американың ең сымбатты азаматы Джеймс Ирвин Буш болды.
Мона ажырасудан кейін күйеулерінен алған қаржыға Нью-Йорк қаласынан сән дүкенін ашады. Алайда, бұл дүкеннің ғұмыры ұзақ болмады. Оған себепкер болған қаржылық мәселе емес, Маргаретке Американың ең бай адамдарының бірі Харрисон Уильямстың үйлену туралы ұсыныс жасауы еді. Уильямс оны сол заманның ең салтанатты, ең үлкен яхтасымен (Warrior яхтасы) саяхатқа алып кетеді. Бүгінде бұл яхта Стокгольмда жүзетін қонақ үйге айналып тұр.
Осы сапарда Уильямс ешбір жерде қайталанбайтын асыл тастан алқа жасатып береді. Мона көгілдір түсті жақұттан жасалған алқаны 1967 жылы Ұлттық мұражайға табыс етеді. Ал қазір бұл алқа Вашингтондағы көрме залында "Бисмарктың жақұт алқасы" деген атпен сақтаулы тұр.
Замандастары Харрисон Уильямсты өте құрғақ, қуыс кеуде адам ретінде еске алады. Ол айналасындағыларға ешкімге пайдасы жоқ мүгедектерге көмек бермеу керек екендігін айтады екен. Сондықтан болар, Харрисон мен Маргареттің арасындағы сезімдер жалынды емес болатын. Иә, солай. Ол жақсы қуыршақ болатын, ол өзінің ақсүйектік қызметін жақсы атқаратын, екеуіне арналған үйді әдемі етіп безендіруде, сұлу болып көрінуде шеберлігін аяп қалмайтын.
Күндердің күнінде Монаның өзі атақты бола шықты. Оның киімдері Еуропаның көптеген қалаларын баурап алды, оның бейнесі "мен" деген ең мықты журналдардың бетінен түспейтін. Ол "Бәрінен де әдемі киінетін әйел" деген атаққа ие болған тұңғыш американдық болды. 1933 жылы бұл шешімді шығарған париждік сән үйлерінің Синдикаты еді (Chanel, Lelong, Vionnet және Lanvin сән үйлері мүше).
Оның сыртқы келбетінде кереметтей күштер үйлесім тауып тұратын, оның ұзын саусақтары мен мойны, таңғажайып көздері мен ерекше қиылған қастары, ашық түсті шаштары... Әлемді аузына қарату үшін жаралғандай...
Бұл – Шанельдің қара көйлектері сәнге шыға бастаған кезең болатын, алайда, миссис Уильямс бұған бағынбады. Ол ақ түстен ешқашан бас тартпайтындығын мәлімдеді және солай істеді де. Есіңізге сала кетейік, Маргарет бұл кезде елуді алқымдап қалған еді. Бірақ, не құдіреті барын, әйтеуір ол жасы келген сайын жасара түсті. Аққұба әйел 1953 жылы Харрисон Уильямс қайтыс болғаннан кейін, бірден тұрмысқа шығып кетті. Оның төртінші серігі - отбасының досы граф Эдвард фон Бисмарк-Шонхаузен болды. "Темір канцлердің" немересі мен Мона Франциядағы Сен-Луи аралында өмір сүреді.
Уақыт ағынымен оның достары соғыста, сырқаттан, кәріліктен қайтыс бола бастады. Өзгермеген ол ғана. Сол нәзік, сұлу, сабырлы қалпында қала берді.
1970 жылы граф фон Бисмарк қаза болады. Жыл өтісімен, 74 жастағы ханым тағы да некеге тұрды. Оның бесінші күйеуі – өзінен 14 жас кіші, италиялық Умберто Мартини. Мона өзінің таныстары арқылы жаңа күйеуіне граф лауазымын алып береді, бірақ, белгілі жағдайларға байланысты өзінің тегін өзгертпейді.
Мона фон Бисмарк өмірінің соңғы жылдарын қайырымдылыққа арнайды. Нью-Йоркты өзінің мейірімділігімен жаулап алған аңыз әйел 1983 жылы 94 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол өзінің мұрасының көпшілігін Mona Bismarck Foundation аталатын мәдени орталыққа қалдырған. Қор бүгінде сәнге, тарихқа, ғылымға арнап өткізілетін әдемі көрмелерімен танымал.
Мона Германияны біріктірген темір канцлердің ұрпағы емес, олардың ешқандай қандық байланыстары да болмады. Алайда, мақсаткерлігі мен мол энергиясының арқасында өзінің артынан із қалдырып кеткен Мона фон Бисмарк тегіне лайықты болып өтті.
Суреттер: liveinternet.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева